Accessibility links

Тәжікстанда 35-ке толмағандар қажылыққа бармайды


Сауд Арабиясындағы Тәжікстан штабы алдында тұрған адамдар. 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Сауд Арабиясындағы Тәжікстан штабы алдында тұрған адамдар. 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Тәжікстанда жасы 35-ке толмаған ерлердің қажылық жасауына тыйым салынды. Бұл туралы мәдениет және дін істері комитеті хабарлады.

Комитет хабарламасында "Сауд Арабиясы әр елден қажылыққа келетіндер санын шектеп жатқандықтан ел билігі негізінен есейіп, жасы келген мұсылмандарға қажылық жасау мүмкіндігін беруге ниетті" екені айтылған. Кейбіреулер тәжік билігінің бұл қадамын жастардың діни радикализмге ұрынбауы және олардың "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына кіріп кетпеуі үшін жасалған шара деп түсінеді.

Бұдан бір ай бұрын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон зиялыларды мемлекеттің зайырлы қоғам принциптеріне негізделген ұзақ мерзімдік даму концепциясын жасауға шақырған.

Үкімет бұған дейін негізінен мұсылмандардан тұратын тәжік қоғамында зайырлылық принциптерін нығайтуға бірнеше рет үндеген.

Соңғы айларда "Ислам мемлекеті" ұйымы қатарына тәжік жастары көптеп кіріп жатқаны туралы ақпараттар пайда болуына байланысты билік мектепте қыздардың хиджаб киюіне және кәмелетке толмағандардың мешітке баруына тыйым салып, шетелдердегі діни оқу орындарында оқитын мыңдаған студентті елге қайтарып жатыр.

XS
SM
MD
LG