Accessibility links

Коалиция Йеменде әскери операцияны қайта бастады


Сауд Арабиясы әскерилері Йемендегі хусит жасақтарын минометтен атқылап жатыр. 21 сәуір 2015 жыл.
Сауд Арабиясы әскерилері Йемендегі хусит жасақтарын минометтен атқылап жатыр. 21 сәуір 2015 жыл.

Сауд Арабиясы бастаған араб елдері коалициясы 22 сәуірде Йеменнің үлкендігі жөнінен үшінші қаласы - Таиздегі шииттік хусит көтерілісшілері позицияларына қарсы әуе шабуылдарын қайта бастады. Коалиция 21 сәуірде ғана Йемендегі әскери операцияның тоқтатылғанын жариялаған еді.

Кейбір ақпараттар бойынша, әуе шабуылдары Таиз қаласы маңында орналасқан, президент Абд Раббу Мансур Хадиге берілген күштердің бақылауындағы әскери база құлағаннан соң басталған. Бұдан өзге, Аден және басқа да қалаларда әскери іс-қимылдар жүріп жатқаны туралы ақпараттар түсіп жатыр.

Сауд Арабиясының АҚШ-тағы елшісі Адель әл-Джубеир көтерілісшілер "басқыншылық іс-әрекеттер" жасаса, Эр-Рияд бөгелмей қарсы жауап қайтаратынын ескертті.

Бұған дейін хуситтер әуе шабуылдарын тоқтатып, БҰҰ-ның ара ағайындығымен бейбіт келіссөз бастауды талап еткен. 21 сәуірде араб елдері коалициясы Абд Раббу Мансур Хади билігін қалпына келтіру мақсатында бір айға созылған әскери операция сәтті аяқталғанын, енді Йемендегі дағдарысты саяси жолмен реттеу жолдары қарастырылатынын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG