Accessibility links

Роскосмос: ХҒС "Союздың" ақауынан орнынан ауды


Жер орбитасындағы халықаралық ғарыш станциясы.
Жер орбитасындағы халықаралық ғарыш станциясы.

Халықаралық ғарыш станциясы (ХҒС) орбитасының өзгеруіне техникалық ақау себеп болды деп хабарлады Ресей ғарыш агенттігі (Роскосмос). Роскосмостың мәліметінше, 9 маусымда ХҒС мен "Союз" ғарыш кемесін жақындастырып, түйістіретін радиожүйені сынақтан өткізу кезінде "Союз" қозғалтқышының штаттан тыс жұмыс істеп кетуі ғарыш станциясының орналасқан орнын өзгертіп жіберген.

"Қазір ХҒС экипажына қауіп төніп тұрған жоқ. Станцияны тұрақтандыру шаралары жүріп жатыр, мамандар "Союз" кемесі қозғалтқышының өздігінен қосылып кету себептерін анықтап жатыр" делінген Роскосмос хабарламасында.

ХҒС-пен екі "Союз" кемесі түйісіп тұр. Олардың бірі осы аптада Жерге ХҒС-тың алты мүшесін жеткізуі тиіс. Роскосмос "Союз" кемесі Жерге 11 маусымда қонады деп жоспарланып отырғанын айтады.

Сәуірдің 28-інде «Союз-2-1А» зымыранымен ұшырылған ресейлік «Прогресс М-27М» жүк кемесі техникалық ақауына байланысты халықаралық ғарыш станциясына жете алмаған. Ал 16 мамыр күні MexSat-1 спутнигін тиеп ұшқан «Протон-М» зымыран тасығышы 161 километр биіктікте жанып кеткен.

XS
SM
MD
LG