Accessibility links

«Литвиненко ісі» бойынша ашық тыңдау аяқталды


Ресей арнайы қызметінің бұрынғы офицері Александр Литвиненко. Лондон, қыркүйек, 2004 жыл.

Ресей арнайы қызметінің бұрынғы офицері Александр Литвиненко. Лондон, қыркүйек, 2004 жыл.

Лондонда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы офицері, 2006 жылы радиоактивті полоний беріп улап өлтірілген Александр Литвиненконың қазасына қатысты ашық тыңдау аяқталды.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, судья-коронер сэр Роберт Оуэннің төрағалығымен өткен ашық тыңдаудың соңында Литвиненко отбасының адвокаты Бен Эммерсон мен судьяның заң кеңесшісі Робин Там сөйлеген.

Қорытынды сөзінде Эммерсон Литвиненконың қазасына Ресей мемлекеті мен сол елдің президенті Владимир Путиннің жеке өзін айыптаған. Оның сөзінше, "жүргізілген ғылыми сараптама Литвиненконы Кремль агенттері Андрей Луговой мен Дмитрий Ковтун у беріп өлтіргенін дәлелдеген".

Кремль бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Эммерсон Путин мен оның маңайындағылардың ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деп біледі.

Адвокаттан соң сөз алған сот тергеуінің заң кеңесшісі Робин Там қоғамдық тыңдаудың ашық бөлігі аяқталғанын жариялап, бұдан соң британдық арнайы қызмет пен оның агенттерінің құпия құжаттары қаралатын жабық бөлігі басталатынын хабарлады.

Робин Там ашық таңдау 32 күнге жалғасқанын, оның барысында видеобайланыс арқылы алынған жауаптарға қоса 62 куәгердің сотқа айтқаны тыңдалғанын атап өтті.

Бейсенбі күнгі отырыста сөйлеген, осы тыңдауда Лондон полициясының мүддесін қорғайтын адвокат Ричард Хоруэлл де Литвиненконың ажалына қатысы бар деп Ресей билігін кінәлап, Луговой мен Ковтунды «адам өлтірген» деп айыптаған.

Соттың жабық бөлігі аяқталғанға дейін судья Роберт Оуэн өз қорытындысы қоса жазылған баяндаманы әзірлеп, ішкі істер министріне тапсыруы тиіс. Құжатты тұтастай немесе ішінара жариялауға санкцияны министр береді.

XS
SM
MD
LG