Accessibility links

Орал соты компанияның жұмысшыларға шағымын қарамады


"КазСтройСервис" компаниясы заңгері Мағрипа Сағадетова (оң жақта) сотта жұмысшылар өкілі Ғалымжан Жанқадамовтың (сол жақта) сұрақтарына жауап беріп тұр. Орал, 4 тамыз 2015 жыл.
"КазСтройСервис" компаниясы заңгері Мағрипа Сағадетова (оң жақта) сотта жұмысшылар өкілі Ғалымжан Жанқадамовтың (сол жақта) сұрақтарына жауап беріп тұр. Орал, 4 тамыз 2015 жыл.

Бүгін Орал қалалық азаматтық соты "КазСтройСервис" компаниясы Орал қалалық филиалы басшылығының компанияның үш жұмысшысы үстінен берген шағымын қараусыз қалдырды. Компания басшылығы ереуіл мен 11, 12 және 13 мамыр күндері жұмысқа шықпаған жұмысшылар әрекетін заңсыз деп тануды талап еткен. Компания заңгері Мағрипа Сағадетова жұмысшылар ереуілге шыққандықтан компания материалдық, моральдық шығын көріп, беделіне нұқсан келген дейді. Компания ереуілшілер талабын айтып, ақпарат құралдарына сұхбат берген Нұрболат Ысмағұлов, Саламат Шапай және Нұрлыбек Ғабдоловты айыпты деп санайды.

Сот бұған қоса Нұрболат Ысмағұлов, Саламат Шапай және Нұрлыбек Ғабдоловтың компанияға қарсы "компания басшылығының ереуілді реттеуде әрекетсіздік танытқаны" туралы шағымын да қараудан бас тартты.

Соңғы сот отырыстарының бірінде жұмысшы Нұрлыбек Ғабдолов ереуілге не себеп болғанын айтқан.

- Ереуіл біздің қауіпсіздік техникасы жөніндегі мамандарымыз "КазСтройСервис" басшылығынан не себепті құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші "Жайықмұнай" компаниясы жұмысшыларына жұмыстың зияндылығы үшін ақы төленіп, бізге не үшін төленбейтінін сұрағаннан кейін басталды, - деген Ғабдолов.

Мағрипа Сағадетованың айтуынша, жұмыстың зияндылығы үшін қосымша ақы төлеу шешімі жұмыс берушінің өз еркі бойынша емес, жұмыс орнын тексерген тәуелсіз сараптама қорытындысы бойынша қабылданған.

Сот барысында 2015 жылдың 27 сәуірінде 140-тан астам жұмысшының "КазСтройСервис" басшылығына өз талаптарын айтып ортақ хат жазғаны белгілі болған. 5 мамырда компания басшылығы аттестация қорытындысы бойынша тек алты жұмысшыға ғана жұмыстың зияндылығы үшін қосымша ақы төленеді деп жауап берген. Бірақ жұмысшылар барлығының бір нысанда жұмыс істейтінін айтып, жұмыстың зияндылығы үшін барлығына бірдей ақы төлеуді талап еткен. 10 мамырда жұмысшылар басшылыққа жауапқа көңілдері толмайтынын және жұмысты тоқтатып, ереуілге шығатыны туралы тағы бір хат жазған.

"НГСК КазСтройСервис" компаниясы Орал қаласынан 40 километр қашықтықтағы Чинарев мұнай-газ кенішінде газ өңдеу зауытын салып жатыр.

Компанияның 140-тан астам жұмысшысы мамыр айында жалақысын көбейтуді және кеніште зиян келетін жұмыс істейтіндері үшін қосымша ақы төлеуді талап еткен. Кейін компания басшылығы жұмысшылар жалақысына 15 пайыз көлемінде үстемақы қосуға уәде берген.

Қазір жоғарыда аталған үш жұмысшы бір айдан астам уақыттан бері жұмыстан шығып қалған. Жұмысшылар өкілі Галымжан Жанқадамов сотта компанияның оларды жұмыстан шығару шешіміне шағымданғанын айтты. Компанияның жұмысшыларды босату туралы шешімін заңсыз деп тану туралы шағым Орал сотында 10 тамызда қаралады.

XS
SM
MD
LG