Accessibility links

Ресейде Михаил Ходорковскийдің әкесі тергелді


Борис Ходорковский (сол жақта) мен оның адвокаты Сергей Бадамшин. Мәскеу, 6 тамыз 2015 жыл.
Борис Ходорковский (сол жақта) мен оның адвокаты Сергей Бадамшин. Мәскеу, 6 тамыз 2015 жыл.

Ресей тергеу комитетінде бүгін Михаил Ходорковскийдің әкесі, 82 жастағы Борис Ходорковский тергелді. Тергеу екі жарым сағаттай уақытқа созылды. Азаттықтың Орыс редакциясының хабарлауынша, Ходорковскийдің әкесінен 1998 жылы Нефтеюганск қаласының мэрі Владимир Петуховтың өліміне қатысты жауап алынған.

Адвокаты Сергей Бадамшиннің айтуынша, Борис Ходорковский тергеуші қойған сұрақтардың көпшілігіне Ресей конституциясының 51 бабына сүйеніп, жауап беруден бас тартқан. Ол бап бойынша, Ресей азаматтары өзіне, жұбайына немесе жақын туыстарына қарсы куәлік бере алмайды.

Адвокат бұған қоса Борис Ходорковскийдің Ресейден кету ойы жоғын да айтқан. "Оның үйі Ресейде. Бұған қоса, ол 180 бала тұратын интернет жұмысын үйлестіреді" деген.

Қуғындағы бұрынғы мұнай магнаты Михаил Ходорковскийдің әкесін 5 тамызда тергеуге шақыртқан. Борис Ходорковскийден жауапты ЮКОС компаниясының экономикалық қауіпсіздік бөлімінің бұрынғы басшысы Алексей Пичугиннің ісін жүргізген тергеуші алды.

Ресей тергеушілері 1998 жылы Нефтеюганск қаласы мэрі Владимир Петуховтың өліміне қатысты қылмыстық істі қайта ашып, Михаил Ходорковскийді ол іс бойынша күдіктілердің бірі деп тапқан.

Ходорковский бұған дейін Ресейдің жойылған "ЮКОС" компаниясын басқарған. Ресейде экономикалық қылмыстар жасаған деген айыппен 10 жыл түрмеде отырған Михаил Ходорковский, 2013 жылдың соңында президент Владимир Путиннің рақымшылығымен бостандыққа шыққан. Содан бері ол Швейцарияда тұрады.

XS
SM
MD
LG