Accessibility links

Серік Баймағамбетовті түрмеде азаптағаны сотта айтылды


Қазақстан кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағамбетов сот залында отыр. Астана, 8 қаңтар 2013 жыл.

Қазақстан кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағамбетов сот залында отыр. Астана, 8 қаңтар 2013 жыл.

Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында өтіп жатқан сотта айыпталып отырған түзеу колониясының бұрынғы қызметкерінің Қазақстан кедендік бақылау комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағамбетовті түрмеде қалай азаптағаны туралы деректер мәлім болды деп хабарлайды «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі.

«Қылмыстық іс материалдарында АК 159/6 мекемесінде жедел бөлімнің уәкілі болып қызмет атқарған 25 жастағы сотталушының түзеу колониясында жазасын өтеуші Серік Баймағамбетовті тыржалаңаш күйі еден жууға мәжбүрлегені айтылған» деп хабарлаған бүгін агенттікке сот кеңсесінен.

Бұған дейін Серік Баймағамбетовті түрмеде азаптаған деген күдікпен Қарағанды облысында түзеу колониясында қызмет атқарған бірнеше адам ұсталған еді. Бірақ әзірше олардың тек біреуінің ісі ғана сотқа түсіп, ол бойынша сот процесі өтіп жатыр. Прокурор судьядан сотталушыны айыпты деп танып, оны үш жылға бас еркіндігінен айыруды сұраған.

Қазақстан кедендік бақылау комитетінің сол кездегі төрағасы Серік Баймағамбетов 2012 жылы пара алған деген күдікпен ұсталып, 2013 жылы қаңтарда 10 жылға сотталған. Сот үкімі тағайындаған жазасын өтеуге оны Қарағанды облысы Долинка кентіндегі қатаң тәріптегі АК-159/6 түзеу колониясына қамаған. Бұл түрмеде сотталған бұрынғы полиция, сот және прокуратура қызметкерлері жазасын өтейді.

Қазақстан президентінің 2014 жылғы қыркүйектің 9-ы күнгі жарлығына сәйкес, Серік Баймағамбетовке сот тағайындаған жаза мерзімі 10 жылдан 5 жылға қысқартылған. Ал биыл ақпанның 5-і күні ол түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Бостандыққа шығысымен Серік Баймағамбетов түрмеде өзін азаптағаны туралы колония қызметкерлерінің үстінен сотқа шағым берген.

XS
SM
MD
LG