Accessibility links

БҰҰ: Иракта тырысқақ дерті өршіп барады


Бағдат қаласының маңында орналасқан лагерьдегі тырысқақ дертіне қарсы егу шарасы. Ирак, 21 қыркүйек 2015 жыл.
Бағдат қаласының маңында орналасқан лагерьдегі тырысқақ дертіне қарсы егу шарасы. Ирак, 21 қыркүйек 2015 жыл.

БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Иракта өткен айда тырысқақ ауруына шалдығуға қатысты 1600-ден аса оқиға тіркелген. Халықаралық ұйым есебі бойынша, Иракта гуманитарлық дағдарысқа байланысты 8,6 миллионнан аса адам көмекке мұқтаж.

Ирак денсаулық сақтау министрлігі елде осынау қатерлі дертті жұқтырудың 1800 оқиғасы тіркелгені және ауру салдарынан алты адамның қаза болғаны туралы мәлімдеген. Министрліктің дерегі бойынша, тырысқақ дерті Күрд автономиялық аймағы орналасқан елдің солтүстік бөлігінде таралған.

Тиісті емдеу шаралары жасалмаған жағдайда санаулы сағаттарда адамның ағзасын құрғатып, бүйрегін зақымдап, ақырында ажалға апарып соғатын аса қауіпті дерт өткен айда алғаш рет ел астанасы Бағдат қаласында да тіркелген. Ауру ошақтарының көбі Бағдат қаласы мен Ирактың Бабил провинциясында орналасқан. 22 қыркүйекте қауіпті дерт жұққаны анықталған 54 оқиға тіркелген деп хабарлады БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Ирак денсаулық сақтау министрлігінің есептері бойынша, қазан айының ортасында Иракта тырысқақ дертіне шалдыққандар саны 1600 адамнан асқан. Ауру жұқтырғандардың 40 пайызы Бабил провинциясында анықталған.

БҰҰ Иракта тырысқақ дертінің өршуіне сумен қамтамасыз ету жүйесінің дұрыс істемеуі және суды тазалауға қажетті хлордың тапшылығы негізгі себеп болған деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG