Accessibility links

Freedom House: Қазақстан - интернеттегі сөз еркіндігі жоқ ел


Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Әлемде интернеттегі сөз бостандығы ахуалы бесінші жыл қатарынан нашарлай түсті. Freedom House халықаралық құқыққорғау ұйымы 28 қазанда жариялаған "Интернет еркіндігі 2015" есебінде осындай тұжырым жасайды.

65 елді қамтыған ұйым есебінде интернеттегі сөз бостандығының ахуалы ең нашар елдер ретінде Қытай, Сирия және Иран аталған.

Қазақстанмен бірге интернеттегі сөз еркіндігі жоқ мемлекеттер қатарында Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Пәкістан бар. Украина, Әзербайжан мен Қырғызстан интернеттегі сөз бостандығына ішінара ие елдер саналады.

Freedom House пост-советтік кеңістіктен тек Армения мен Грузияны ғана интернеттегі сөз еркіндігі бар елдер деп таниды.

Зерттеу авторлары интернетте цензураға ұшырайтын материалдардың көпшілігі билікке сын айтумен байланысты екенін атап көрсеткен.

Freedom House зерттеген 65 елдің 42-сінде билік орындары жеке компаниялар немесе интернет пайдаланушылардан саяси, діни және әлеуметтік тақырыптарға жазылған жарияланымдарды жоюды немесе шектеуді талап еткен. Былтыр мұндай жағдай 37 елде байқалған болатын. 40 елде интернет қолданушылар әлгіндей тақырыптарға жазылған ақпараттарды интернетте бөліскені үшін тұтқындалған. 14 елдің үкіметтері 2014 жылдың жазынан бастап интернетті бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін жаңа заңдар қабылдаған.

Сонымен бірге, халықаралық құқық қорғау ұйымының баяндамасында АҚШ-пен дипломатиялық қарым-қатынастар қайта қалпына келтірілген соң Кубада интернетке қосылу жағдайы аздап жақсарғаны айтылған.

Freedom House-тың мәлімдеуінше, интернеттегі саяси өзгерістерді өткерген Шри-Ланка мен Замбияда сөз бостандығының жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған.

XS
SM
MD
LG