Accessibility links

Словения Хорватиямен шекарасын қоршай бастады


Словения сарбаздары Хорватиямен шекараға тікенек сымтемір орнатып жатыр. 11 қараша 2015 жыл.
Словения сарбаздары Хорватиямен шекараға тікенек сымтемір орнатып жатыр. 11 қараша 2015 жыл.

Словения Балқан түбегінен келетін мигранттар ағынына тосқауыл қою үшін Хорватиямен шекарасына тікенек сымтемір тарта бастады.

Өткен айда Венгрия Хорватия және Сербиямен шекарасын қоршаған соң, Словения солтүстік Еуропаға бет алған мыңдаған мигрант үшін шекарасында бөгет жоқ жалғыз ел болып қалған еді. Қазан айының ортасынан бері екі миллион халқы бар Словения аумағы арқылы Еуропаның ауқатты елдеріне 180 мыңнан аса мигрант өткен.

«Біз оңтүстіктегі Брежице мен Разкрижье қалалары тұсындағы шекарамызға тікенекті сымтемір орната бастадық. Шекарадағы бөгет алты ай тұрады» деп мәлімдеген Словения ішкі істер министрлігінің өкілі Бостьян Сефик.

Оның сөзінше, Словения Хорватиямен 670 шақырымдық шекарасының 80 километріне бөгет қоймақ. Сефик шекарадағы бөгет мигранттардың заңсыз өтуін тоқтатып, оларды тіркеу орталықтары арқылы өтуге мәжбүрлеу мақсатымен орнатылып жатқанын айтады.

XS
SM
MD
LG