Accessibility links

Reuters: Ілияс Храпуновтың активі бұғауланды


Мұхтар Әблязов.
Мұхтар Әблязов.

Ұлыбритания соты «БТА банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің күйеубаласы Ілияс Храпуновтың активтерін бұғаулады деп хабарлайды Reuters агенттігі. «БТА банктің» ақпаратына қарағанда, Ұлыбритания соты банктің шағымы бойынша Храпуновты «британ сотының талабын бұзып, Әблязовке активтерін пайдалануға көмектескен» деп тапқан.

Негізінен «Казкоммерцбанк» иелігіндегі «БТА банк» өкілдерінің агенттікке хабарлауынша, ағылшын сотының шешімінен соң Женевада жылжымайтын мүлік бизнесімен айналысатын Ілияс Храпуновтың активтері уақытша бұғауланады.

«Банктің Храпуновқа қарсы шағымы «БТА банктің» Мұхтар Әблязов жымқырған миллиардтаған долларды қайтарып алу әрекетіндегі маңызды қадам саналады» делінген банктің агенттікке берген жауабында.

Әблязовтің үлкен қызы Мәдинаға үйленген Ілияс Храпунов – Алматының бұрынғы әкімі, қазір Швейцарияда тұрып жатқан Виктор Храпуновтың ұлы. 65 жастағы Виктор Храпуновқа Қазақстан билігі коррупциялық айыптар бойынша іздеу жариялаған.

Агенттік Әблязов отбасының ресми өкілінен түсінік алу мүмкін болмағанын айтады.

Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазынан бері Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отыр. Қазақстан азаматтарын экстрадициялау туралы Астана мен Париждің арасында келісім жоқ. Бұған дейін Франция соты Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы шешім шығарып, Франция премьер-министрі Мануэль Вальс тиісті жарлыққа 17 қыркүйекте қол қойған. Қазақстанда Әблязовті «БТА банктің» алты миллиард доллар ақшасын жымқырды деп айыптайды. Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптардың саяси негізі бар деп санайды.

Мұхтар Әблязов Франция үкіметінің шешіміне қарсы Франция мемлекеттік кеңесіне шағымданбақ ниетте.

XS
SM
MD
LG