Accessibility links

Ресей соты украин кітапханасы басшысын үйқамақта қалдырды


Украин әдебиеті кітапханасының директоры Наталья Шарина сот залында. Мәскеу, 30 қазан 2015 жыл.
Украин әдебиеті кітапханасының директоры Наталья Шарина сот залында. Мәскеу, 30 қазан 2015 жыл.

Мәскеудің Пресня аудандық соты жұма күні украин әдебиеті кітапханасының директоры Наталья Шаринаны үйқамақта ұстау мерзімін қаңтардың 28-іне дейін ұзартуға шешім шығарды. Сол күні Шаринаға қатысты тергеу ісі де қаңтардың 28-іне дейін созылғаны хабарланды.

Экстремистік материал таратқан деген айып тағылған Наталья Шаринаның адвокаты Иван Павлов оны үйқамақта ұстауды созу туралы сот шешіміне шағым беретінін айтты.

Ресей президенті Владимир Путин жұма күні мәдениет және өнер жөніндегі президенттік кеңес отырысында Шаринаны үйқамақта ұстау туралы ештеңе білмейтінін айтып, бұл мәселені анықтауға уәде еткен. Ол сонымен бірге «кітапхана сақталуы тиіс» деген.

Наталья Шарина 28 қазанда Мәскеуде украин әдебиеті кітапханасынан тінту барысында Ресейде экстремистік материал деп танылған кейбір кітаптар алынған соң ұсталған. Сонымен бірге тергеушілер кітапханада жұмыс істейтін үш адамға қатысты да тінту жүргізген.

Шаринаның үстінен «ұлтаралық араздық пен өшпенділікті қоздыру» жөнінде іс қозғалған. Шарина өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Ресейлік «Мемориал» құқыққорғау орталығы Наталья Шаринаны саяси тұтқын деп таныған.

XS
SM
MD
LG