Accessibility links

MH17: Bellingcat деректері қылмыстық іске енуі мүмкін


Донбастағы ұшақ апатын зерттейтін Bellingcat тобы әзірлеген иллюстрация.
Донбастағы ұшақ апатын зерттейтін Bellingcat тобы әзірлеген иллюстрация.

2014 жылы шілде айында Украинаның шығысында құлаған малайзиялық Boeing жолаушылар ұшағы апатын зерттеумен айналысатын Bellingcat халықаралық тобының еріктілері ұшақтың құлауына күдіктілер қатарында 20 адам барын айтады. Әңгіме апаттың мән-жайына қатысты анық ақпаратты білетін ресейлік әскерилер туралы болып отыр. Бұл туралы нидерландтың NOS телекомпаниясына сұхбатында Bellingcat тобының негізін қалаушы Элиот Хиггинс айтқан.

Осыдан екі апта бұрын Хиггинс Bellingcat тобы MH17 жолаушылар рейсі апатына қатысы бар деп санайтын ресейлік әскерилердің аты-жөндері мен суреттері бар баяндаманы голландиялық прокуратураға тапсырған. Прокуратура өкілдері еріктілер берген ақпаратты тергеу тобы зерттейді деп уәде еткен. Тергеушілер мұқият танысып шыққан соң, ондағы фактілерді салмақты дерек-дәйек деп тапқан жағдайда, баяндама деректері ұшақ апатына қатысты қылмыстық іске енгізілуі мүмкін.

Ұшақ апатына қатысты құрылған халықаралық тергеу бригадасы құрамында Нидерланд, Бельгия, Малайзия, Украина және Австралия мамандары бар.

Былтыр қазанда Bellingcat тобы Донбасс әуесінде малайзиялық ұшақты 53-зениттік-зымырандық бригаданың «Бук» әскери қондырғысынан жіберілген зымыранмен атып түсірген деген қорытынды жасаған еді. Олардың айтуынша, ұшақ құлаған шілденің 17-і күні әскери жүйе Донецк облысы Снежное қаласының оңтүстігінде болған. 18 шілде күні таңертең «Бук» қондырғысын Луганск арқылы алып өтіп, Украина шекарасынан асырып жіберген делінген Bellingcat тобы жариялаған есепте.

XS
SM
MD
LG