Accessibility links

Серік Ахметов сотында үзіліс жарияланды


Серік Ахметовтің шағымын қарап жатқан Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы. 10 наурыз 2016 жыл.

Серік Ахметовтің шағымын қарап жатқан Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы. 10 наурыз 2016 жыл.

Қарағанды облыстық сотында өтіп жатқан экс-премьер Серік Ахметовтің апелляциялық шағымы бойынша сот процесінде айыптаушы тарап соттан бүгін берілген өтініштерді қарауға уақыт беруді сұрады. Сотталушылардың адвокаттарының өтінішін тыңдаған сот 11 наурыз күнгі сағат 15-ке дейін үзіліс жариялады.

Ахметовтің адвокаттары судьядан іс материалына "мемлекетке келтірілген залалдың" өтелгені туралы квитанцияларды қосуды сұрады. Сот ол өтінішті әзірге ашық қалдырды. Апелляциялық шағым қаралғанға дейін Ахметовтің адвокаты Николай Лесник "Ахметовтің достары" сот ісі бойынша Ахметов мемлекетке залал келтірді деген қаржыны мемлекетке өтегенін хабарлаған. Адвокаттың айтуына қарағанда, мемлекетке 2 миллиард 225 миллион теңге (шамамен алты жарым миллион доллар) төленген.

Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, үш жылға сотталған Ғабит Мұхамбетовтің адвокаты соттан іс материалына Мұхамбетовтің кәмелетке толмаған үш баласы бары және әйелінің қазір аяғы ауыр екені туралы мәліметті қосуды сұрады. "ҚазАгро" компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы, үш жылға сотталған Дулат Айтжановтың адвокаты соттан іс материалына Айтжановтың денсаулық жағдайы нашарлағаны туралы анықтаманы қосуды және оған шартты жаза тағайындауды сұрады. Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің адвокаты сотқа Әбдішевті әкелуді сұраған. Бірақ сот ол өтінішті қабылдамай тастады.

Апелляциялық сотқа адвокаттар мен шартты түрде сотталғандардың қатысты. Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішев және басқа да нақты мерзімге сотталғандар сотқа әкелінген жоқ.

"Ахметов ісі" аталып кеткен коррупциялық қылмысқа қатысты іс бойныша барлығы 21 адам сотталған. Олардың 12-сі сот үкіміне шағымданған.

XS
SM
MD
LG