Accessibility links

Ростовтағы ұшақ апатында 62 адам қаза болған


Ресей төтенше жағдайлар министрлігі психологы (сол жақта) ұшақ апатында қаза тапқан адамның туысын (ортада) жұбатып отыр. Ростов, Ресей, 19 наурыз 2016 жыл.
Ресей төтенше жағдайлар министрлігі психологы (сол жақта) ұшақ апатында қаза тапқан адамның туысын (ортада) жұбатып отыр. Ростов, Ресей, 19 наурыз 2016 жыл.

Ресейдің Дондағы Ростов қаласында бүгін апатқа ұшыраған ұшақта барлығы 62 адам – 55 жолаушы және 7 экипаж мүшесі болған, барлығы апат салдарынан қаза тапқан. Бұл туралы ақпаратты Ресей төтенше жағдайлар министрлігі таратты.

Бұған дейін ұшақта 55 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған деп хабарланған еді.

Дубайдың FlyDubai әуе компаниясына тиесілі Boeing 737-800 ұшағы бүгін Ресейдің Ростов қаласының әуежайына қонар кезде апатқа ұшыраған.

Flydubai компаниясының мәліметі бойынша, апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларының арасында Ресей, Украина, Үндістан және Өзбекстан азаматтары болған.

Ұшақ экипажы құрамындағы жетеудің бірі Орталық Азия елдерінің өкілі болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

Әуедегі ұшақтар қозғалысын бақылайтын Flightradar24 қызметінің Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында хабарлауынша, Ростов әуежайында апатқа ұшырамас бұрын FlyDubai әуе компаниясы ұшағы үш рет қонуға әрекет жасаған.

Ресей көлік министрлігінің өкілі Жанна Терехова «Россия 24» телеарнасына апатқа ұшыраған ұшақтың «қара жәшіктері» табылғаны туралы мәлімдеген. Ал «Интерфакс» агенттігі құқық органдарындағы дерек көзіне сілтеме жасап, ұшақ бортында болған екі «қара жәшіктің» біреуі табылып, екіншісін әлі іздеп жатыр деп хабарлаған.

XS
SM
MD
LG