Accessibility links

Астананы Гузял Байдалинованы түрмеден босатуға шақырды


Оппозициялық Nakanune.kz сайтының редакторы Гузял Байдалинова сот залында. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.
Оппозициялық Nakanune.kz сайтының редакторы Гузял Байдалинова сот залында. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.

Қазақстанның адам құқығын қорғау жөніндегі бюросы және баспасөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қоғамдық ұйымы Қазақстан билігін жалға ақпарат таратқан деген айып бойынша бір жарым жылға сотталған оппозициялық Nakanune.kz сайтының редакторы Гузял Байдалинованы түрмеден босатуға шақырды.

Құқық қорғаушы екі қоғамдық ұйымның бүгін жариялаған бірлескен мәлімдемесінде ресми Астананы журналистер мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қуғындауды доғарып, елде «ой-пікірін білдіру құқығын шынайы сақталуын» қамтамасыз етуге шақырған. Журналисті «даулы пікірлерді жариялағаны үшін бас бостандығынан айыру Қазақстанның ой-пікір еркіндігі принциптерін сақтау жөнінде алған халықаралық міндеттемелері мен халықаралық стандарттарды өрескел бұзу болып табылады» деп атап көрсеткен мәлімдеме авторлары.

«Өз бетінде әртүрлі, кейде қарама-қайшы көзқарастар жариялау арқылы Nakanune.kz сайты қоғамдық маңызы бар мәселелерді жария түрде талқылау және олардың кейіпкерлерінің сын-ескертпелер, кеңес-тілектерге жария түрде жауап қатуына мүмкіндік беруді қажет ететін БАҚ плюрализмі принципіне сай әрекет етті» деп мәлімдеген Қазақстанның адам құқығын қорғау жөніндегі бюросы мен «Әділ сөз» қоры.

Nakanune.kz сайтының иесі және редакторы 48 жастағы Гузял Байдалинова былтыр желтоқсанда Алматыда қамауға алынған. 23 күні Алматының Алмалы аудандық соты Байдалинованы оппозициялық «Республика» және Nakanune.kz сайттарында «Казкоммерцбанкке қарсы тапсырыс бойынша жарияланған мақалаларда көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін» айыпты деп тауып, журналиске бір жарым жыл түрме жазасын кескен.

Байдалинова өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын және үкімге қарсы шағым беретінін мәлімдеген. Оның жақтастары билік журналисті Казкоммерцбанк туралы мақалаларға бола емес, он бес жылдан астам уақыт оппозициялық басылымда жұмыс істеп келе жатқаны үшін жазалады деп санайды.

XS
SM
MD
LG