Accessibility links

Жан-Клод Юнкер Ресейде өтетін форумға бармақ


Жан-Клод Юнкер, Еуропа комиссиясының президенті.

Жан-Клод Юнкер, Еуропа комиссиясының президенті.

Еуропа комиссиясының президенті Жан-Клод Юнкер келесі айда Ресейде өтетін экономикалық форумға қатысуға келісті. "Президент Юнкер 16 маусымда Санкт-Петербургте өтетін Халықаралық экономикалық форумға шақырту алды және оған баруды жоспарлап отыр" деп мәлімдеді бүгін Юнкердің баспасөз хатшысы.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл ақпаратты құп көргенімен, Ресей Юнкердің сапары Брюссель мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға сеп болады деп күтпейтінін мәлімдеді.

Юнкер Санкт-Петербургке бара қалған жағдайда Еуропа Одағы (ЕО) 2014 жылы бұл елге экономикалық санкциялар салғанан бері сапарлайтын ЕО-ның алғашқы басшысы болмақ.

Сарапшылар Юнкер ЕО Ресейге қарсы санкцияларды ұзартуға шешім қабылдайтын уақыттың тура қарсаңында барайын деп отыр дейді.

Ресеймен "практикалық қарым-қатынас" орнатуға шақыратын Юнкерді санкцияны жұмсартуға қарсы еуропалық кейбір саясаткерлер сынайды.

Юнкердің баспасөз хатшысы ЕО-ның атқарушы органы - Еуропа кеңесі одақтың 28 елінің Ресейге қатысты саясатын "толық қолдайды" дейді.

XS
SM
MD
LG