Accessibility links

Ақсақалдар «ақылын» тыңдамаған мұғалімге ескерту берілді


Мұғалім Айман Сағидуллаева. Сурет әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды.
Мұғалім Айман Сағидуллаева. Сурет әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды.

Мектеп ұстаздарын міндеттерінен тыс жұмыстарға салуға қарсы күресімен көпшілікке былтыр танылған Алматы облысы Қарасай ауданы мұғалімі Айман Сағидулла «қысым күшейгенін» айтады. Осы айда оған «әдеп сақтамағаны үшін» ескерту берілді. Белсенді мұғалім мектеп басшылығы қолданған тәртіптік шарамен келіспейді.

Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылының мұғалімі Айман Сағидулла маусымның 2-сі күні өзіне мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова жариялаған ескертудің фотокопиясын әлеуметтік желіде жариялаған еді.

Белсенді мұғалімге ақсақалдар «ақыл» айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:22 0:00
Жүктеп алу

Онда ескертудің «2016 жылы мамырдың 19-ы күні мектеп аясында Райымбек округінің ақсақалдар кеңесі мүшелерінің кезектен тыс кездесуі барысында педагогикалық әдеп қағидаларын сақтамағаны үшін» берілгені жазылған.

Айман Сағидуллаеваға берілген ескертудің фотокопиясы. Алматы облысы, 2016 жылдың мамыры.
Айман Сағидуллаеваға берілген ескертудің фотокопиясы. Алматы облысы, 2016 жылдың мамыры.

«ОТАНЫМЫЗДЫҢ ТАЗА БОЛУЫНА ҚАРСЫСЫЗ БА?»

Азаттық тілшісі хабарласқанда мектеп мұғалімі Айман Сағидулла өзінің «өткен жылы мұғалімдер мұңын көтергеніне байланысты биыл қысым көріп жатқанын, оған енді ауданның ақсақалдар кеңесі араласқанын» айтты.

- Мамырдың 19-ы мектепке директор шақыртты, түстен кейін сабағым жоқ еді. Барсам, он шақты ақсақал мен бір әйел күтіп отыр. Менің мәселемді қарауға жиналған. Бір ақсақал баласын осы мектепке бермекші екен, бірақ мектеп маңы лас көрінеді, ұстаздар арасында бірлік жоқ екен. Бұған басты себепкер мен екенмін, - дейді Айман Сағидулла.

Айманның сөзіне қарағанда, әлгі кісі «Сіз неге мұғалімдерді сенбілікке шықпа деп үгіттейсіз, отанымыздың таза болуына қарсысыз ба? Ата-ана мен ұстаздар бірігіп, тазалық жүргізсек, оның несі жаман?» деп «ұрысқан».

- Мұғалімдердің мені қолдайтыны ол кісіге іріткі салу болып көрінеді екен. Ақсақалдар алқасы төрағасы Асылбек Қожанов мектеп директорынан бастап тазалаушыға дейін аттестациядан өткіземін деп кіжінді - дейді Айман Азаттық тілшісіне.

Айманның сөзіне қарағанда, бұл жиынға көршілес ауылдардан да «ақсақалдар» шақырылған.

«АҚСАҚАЛДАР» МЕН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Аудандық Ақсақалдар алқасы төрағасы Асылбек Қожанов Айман Сағидулланың «қысым жасады» дегенімен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, «Ақсақалдар алқасының тек араз адамдарды жарастыруға, ақыл-кеңес айтуға ғана құзіреті бар».

- Бізге ауыл тұрғындары тарапынан бірнеше қағаз түсті. Соған байланысты аудандық ақсақалдар кеңесі мүшелерін жинап, отырыс өткіздік, - деген ол «тұрғындардан түскен қағазда» нақты не жазылғанын айтпады.

Ал осы ауданның Елтай ауылдық округі ақсақалдар алқасы төрағасы Халида Қойшығұлов жиынға өзінің «аудандық ардагерлер алқасы арқылы шақыртылғанын» айтады.

Өздеріне әкімдіктің шөп орғызып қойғанына шағымданған мұғалімдер жіберген фотография. Алматы облысы Қарасай ауданы, 7 мамыр 2015 жыл.
Өздеріне әкімдіктің шөп орғызып қойғанына шағымданған мұғалімдер жіберген фотография. Алматы облысы Қарасай ауданы, 7 мамыр 2015 жыл.

- Естуімізше, Айман деген мұғалім оқытушылардың мектепте газетке жазылуына, мектептің айналасын тазалауына қарсы екен. Мұғалімдерді үгіттеп, ондай жұмыстарға шығартпайды екен. «Соны ортаға алып, жөнге салайық, ақылымызды айтайық, келіңдер» деді. Бардық. Жап-жас бала екен. Бастан-аяқ тыңдап қана отырдым. Бірауыз сөз айтқан жоқпын. Бірнеше рет бізді тыңдамай далаға шығып кетті. Жиналысымыз аяқсыз қалды, - дейді Халида Қойшығұлов.

Оның айтуынша, ақсақалдар тарапынан Айманға тек «Қоғамдық жұмысты елдің бәрі істеп жатыр. Сен істемесең, істемей-ақ қой. Бірақ өзгелерге бөгет жасама» деген «өтініш» айтылған.

Ақсақалдар алқасының жиналысына қатысқан әйелді Азаттық тілшісі таба алмады. Аудандық Ақсақалдар алқасының төрғасы Асылбек Қожановтың айтуынша «Ол кісі аудандық әйелдер кеңесінің мүшесі».

Азаттық тілшісі маусымның 3-і күні Айман Сағидулла жұмыс істейтін мектепке барған еді. Бірақ мектеп директорының аудандық білім бөліміне жиналысқа кеткенін айтқан қызметкерлер оның «түстен кейін келетінін» айтты. Түстен кейін қоңырау шалғанымызда мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова сұрақтарымыздың ауанын білгеннен кейін «Мен қазір мемлекеттік емтихан алып жатырмын. Ертең - ҰБТ. Қашан уақытым болатынын білмеймін» деді. Маусымның 6-сы күні Азаттық тілшісі қайыра қоңырау шалғанда Бекжан Нүсіпбекова ханым «әлі мемлекеттік емтиханда отырғанын, емтихан маусымның 17-сіне дейін жалғасатынын, онан кейін еңбек демалысына кететінін, ешқандай уақыты жоқ екенін» айтты.

«МҰҒАЛІМ ҚҰҚЫҒЫН ТАПТАУМЕН ҚАТАР, ҚЫСЫМ ЖАСАУ»

Азаттық тілшісі мектеп мұғалімі Айман Сағидулла «мәселесінің» ақсақалдар кеңесінде қаралуы және оның ескерту алу оқиғасына заңгер бағасын сұраған еді. Заң маманы Камиша Есмұхамбетқызы «мұғалім құқығын таптап қоймай, мектеп басшысы тарапынан ақсақалдар алқасын араластыру арқылы қысым көрсетіліп отыр деуге негіз бар» екенін айтады.

Алматы облысындағы орта мектептің біріндегі сабақ. 30 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматы облысындағы орта мектептің біріндегі сабақ. 30 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

- Ақсақалдар алқасы - қоғамдық ұйым. Жергілікті жерлерде билік пен бұқара арасындағы қандайда бір мәселелерге қатысты дұрыс шешім қабылдануына ықпал жасайтын ұжым. Заң бойынша мемлекеттік мекеме iсiне қоғамдық бiрлестiктер араласпауы керек. Сонымен қатар, бiрлестiктерге мемлекеттік органдардың қызметiн жүктеуге жол берiлмейдi. Сондықтан адамдардың құқығы туралы мәселені шешуге әрі оған нақты шара қолдануға бұл ұйымның уәкілеттігі жоқ, - деп түйіндеді.

Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылы мектебінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім Айман Сағидулла 2015 жылы мектеп ұстаздарына өздерінің тікелей міндеттерінен басқа да жұмыстар жүктелетіні жөнінде мәселе көтеріп танылған еді. Оның әлеуметтік желідегі жазбалары мен мақалаларынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары сол тұстағы білім және ғылым министрі Асылан Сәрінжіповке ашық хат жазып, қол жинаған.

Айман Сағидулла қатысқан "Мұғалімдер реніші" хабары:

XS
SM
MD
LG