Accessibility links

Астанада Мейрамовтың соты кейінге қалды


Әділбек Мейрамов мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында сот отырысын күтіп тұр. Астана, 27 маусым 2016 жыл.
Әділбек Мейрамов мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында сот отырысын күтіп тұр. Астана, 27 маусым 2016 жыл.

Астанада үйінен күштеп көшіруге қарсылық білдіріп, газ баллонын жармақ болып сес көрсеткен Әділбек Мейрамовтің ісі бойынша сот отырысы ертеңге қалдырылды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, "сот шешімінің орындалуына кедергі келтірді" деп айыпталған Мейрамовтың ісі бойынша сот отырысы оған Мейрамов өкілінің келмей қалуына байланысты шегерілген.

Мейрамовқа әкімшілік сотқа шақырту қағазы 25 маусымда тапсырылған. Ол өткен жұма - 24 маусымда Мейрамовтар отбасын Астананың орталығындағы жеке меншік үйінен шығаруға келген сот орындаушылары бес сағаттан астам уақыт бойы талпынғанымен, еш нәтиже шығара алмаған еді. Үйді ішінен жауып алған отағасы Әділбек Мейрамов егер үйге бөтен адам жақындайтын болса қолындағы газ баллонын жарып жіберетінін ескертіп, баллонға қоса сіріңке, тамызық газет ұстап, баспанасына сот орындаушыларын кіргізбей қойған.

Терезеден басын шығарып тұрған ол «үйде үш жас баласы бар» екенін айтып, қала әкімі Әсет Исекешевпен кездесуді және өзіне төленетін өтемақы мәселесін шешу үшін арнайы комиссия құруды талап еткен болатын.

Сот бұған дейін Мейрамовтардың жері "мемлекетке қажет" болғандықтан үйін сүру туралы шешім шығарған. Әділбек Мейрамовтың сөзінше, сот отбасына екі миллион 60 мың теңге көлемінде ғана "әділетсіз өтемақы" тағайындаған. Ол бұл сомаға басқа үй сатып ала алмайтынын айтады.

Өткен жұмада оқиға орнына барған Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин үй мен жер телімінің тоғыз иесі барын және оларға ақшалай өтемақы әлдеқашан төленгенін айтқан. Лукиннің сөзінше, Мейрамовтан басқа үй мен жер иелері соттың жер телімін мемлекет меншігіне алуға келіскен.

XS
SM
MD
LG