Accessibility links

Атырау белсенділері: Газға қатысты тыңдау өтті деп санамаймыз


Атырауда газды тасымалдау бағасын қымбаттату туралы қоғамдық тыңдауға жиналғандар. Атырау, 28 маусым 2016 жыл.

Атырауда газды тасымалдау бағасын қымбаттату туралы қоғамдық тыңдауға жиналғандар. Атырау, 28 маусым 2016 жыл.

Атырауда бүгін Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында "ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясының Атыраудағы филиалының ұйымдастыруымен газды тасымалдау бағасын қымбаттату мәселесіне қатысты қоғамдық тыңдау өтті.

Бұған дейін "ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясының Атырау филиалы газ тасымалдау бағасын төрт-бес есеге дейін қымбаттатуды көтеріп, оған жұртшылық қарсылық танытқан. Осыған байланысты компания филиалы бұл мәселеге қатысты 17 маусымда қоғамдық тыңдау өткізетінін, онда да оны Астанада өткізбек жоспарын жариялаған. Қоғамдық белсенділер мен тұрғындар тыңдаудың Атырауда өтуін талап еткен.

Тыңдауға жиналған Атыраудың қоғамдық және азаматтық белсенділері, тұрғындар қолдарына газ тарифтерінің қымбаттауына қарсылығын білдірген сөздер жазылған ақ парақ ұстап келген. Олар газ бағасының қымбаттауы басқа да тауар мен қызмет көрсету бағаларының қымбаттауына әкеп соқтырады дейді.

Компания бір мың текше метр газды жеткізу құнын қазіргі 1266 теңге 54 тиыннан 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен 4-5 есеге дейін көтеруді жоспарлап отыр. Оған сай, 2020 жылға дейін газды тасымалдау бағасы мың текше метрі үшін 5700 теңгеге дейін көтерілмек.

Жиынға келген құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиеваның айтуынша, белсенділер тыңдау өтті деп санамайды.

- Заң бойынша, халықтың әлеуметтік, тұрмыстық мәселелеріне қатысты қоғамдық талқылау өткізу үшін ұйымдастырушы туралы кем дегенде 20 күн бұрын ескертіп, хабарлауы керек болған. Мұндай ақпараттандыру болмағандықтан халық тыңдау өтетіні туралы дұрыс құлақтанбады. Сосын халық мәселе газдың жеткізілу тарифін қымбаттатуда екенін дұрыс түсінбей, жиында жалпы газдың техникалық қызмет көрсету жайы, газды қалай тартуға болады деген сияқты тұрмыстық мәселелерді қозғап кетті. Сондықтан біз қоғамдық тыңдау өтті деп санамаймыз және бұған қатысты сотқа жүгінеміз, - деді Әсел Нұрғазиева Азаттыққа.

"ҚазТрансГаз Аймақтың" Астанадан келген өкілінің айтуына қарағанда, газды тасымалдау бағасының қымбаттауына шығынның көбеюі, құрал-жабдықтардың тозуы себеп деді. Бірақ компания өкілінің бұл уәжіне тұрғындар келіспей, компания сайтындағы ақпараттарда дағдарыстық немесе бағаны қымбаттататындай басқа да жайттардың байқалмайтынын, жұмысшылар жалақысының бұрынғыдан екі есеге көтерілгені туралы мәліметтер барын айтты.

XS
SM
MD
LG