Accessibility links

Анкарада тікұшақ шабуылынан полиция қызметкерлері қаза тапқан


Таксим алаңы маңында қашып бара жатқан адамдар. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Таксим алаңы маңында қашып бара жатқан адамдар. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Әскерилер мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған Түркия астанасында сенбіге қараған түні атыс естіліп, қалада қақтығыстар болған. Анкарадағы Түркия парламенті ғимаратында жарылған бомба дауысы бүкіл қалаға естілген.

Түркия парламенті ғимаратын әскери танкілер қоршап тұр деп хабарлады Reuters. Куәгерлердің айтуынша, парламент жанында тұрған әскери техникалар оқ атқан. Анкараның үстінен айналып ұшып жүрген әскери ұшақтар мен тікұшақтар байқалады.

Түркия парламентінің төрағасы бүгін төтенше отырыс шақырылатынын жариялаған.

Анкараның шет жағында тікұшақ полиция бөлімшесін атқылап, 17 полиция қызметкері қаза тапқан деп хабарланды.

Түркия әуе күштерінің F-16 ұшағы Анкара әуесінде төңкерісті қолдаушы әскерилердің тікұшағын атып түсірген деп хабарлады Reuters түркиялық NTV телеарнасына сілтеме жасап.

Түркияда әскери прокурор мен 46 жоғары лауазымды офицердің жетекшілігімен мемлекеттік төңкеріске әрекет жасалды деп хабарлады CNN Turk телеарнасы.

Бұған дейін Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым сенбіге қараған түні елде әскери күштердің бір бөлігі мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғаны туралы мәлімдеме жасаған. Қазіргі кезде Стамбулдағы Ататүрік атындағы халықаралық әуежай жабық тұр. Бүлікшілер бүкіл ел көлемінде әскери жағдай жарияланып, коменданттық сағат тәртібі енгізілетіні туралы мәлімдеген.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елде «әскерилердің шамалы бөлігі» мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болғанын мәлімдеп, «олардың бәрін жазалау керегін» айтқан.

XS
SM
MD
LG