Accessibility links

ХОК Ресей командасын Олимпиададан шеттетуге қатысты мәселені қарайды


Фотоколлаж.
Фотоколлаж.

Бүгін Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) тамыздың 5-і мен 21-і аралығында Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарынан Ресей спортшыларын толық құрамда шеттету туралы мәселеге байланысты шешімін жариялауы мүмкін. Осы аптада ресейлік жеңіл атлеттердің өздерін Рио олимпиадасына қатыстырмау туралы салынған тыйымға қарсы берген шағымын қараған Лозаннадағы спорттық арбитраж соты ол шешімді күшінде қалдырған.

ХОК атқару комитетінің отырысы шамамен Астана уақыты бойынша сағат 16-дан кейін телефон байланысы арқылы өткізіледі.

Ресейді Олимпиадаға қатысу құқығынан айыруды оннан астам елдің спорт федерациялары мен белгілі спортшылар сұрап отыр. ВВС британдық скелетонист, Олимпиада ойындарының бірнеше мәрте жүлдегері және ХОК мүшесі Адам Пенгиллидің «Ресейдің допинг жүйесі – олимпиадалық қозғалысқа қарсы масқара қылмыс, сол үшін Ресей жазалануы тиіс» деген сөзін келтірген.

Ал СССР-дің бұрынғы президенті Михаил Горбачев, милиардер Әлішер Усманов Ресейді қорғап сөйлеген.

23 шілдеде кешке британдық Daily Mail басылымы «жақсы хабардар дереккөзіне» сілтеме жасап, жексенбі күні ХОК 387 мүшесі бар Ресей құрама командасын биылғы Рио Олимпиадасынан шеттету туралы шешім қабылдайды деп хабарлаған.

ХОК бүгін қандай шешім қабылдаса да, Ресей спортындағы допинг жанжалы мұнымен бітпейді. Алда әлі 2014 жылғы Сочидегі қысқы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарына қатысқан спортшылардың допинг-сынамалары қайта тексерілмек. Бұл тексерулер нәтижесі ресейлік спортшылардың аталған ойындарда алған жүлделерінен жаппай айырылуына негіз болуы мүмкін. Сочиде бейресми командалық есеп бойынша Ресей құрамасы өзгелерден аса үлкен алшақтықпен жеңіске жеткен болатын.

XS
SM
MD
LG