Accessibility links

Республикашыл сарапшылар Трампты сынады


Дональд Трамп.

Дональд Трамп.

АҚШ-тың сыртқы саясат пен қауіпсіздік саласындағы 50 сарапшысы президент сайлауына Республикашыл партия кандидаты Дональд Трампты сынап, біліктілігіне күмән келтірген ашық хат жариялады. 8 тамызда жарияланған хатта сарапшылар Трамп сайлауда жеңсе "АҚШ тарихындағы ең парасатсыз президент болатынын" ескертіп, өздерінің Трампқа дауыс бермейтінін айтқан.

Хатқа қол қойғандар арасында Республикашыл партияның бұрын саяси қызметте болған бірқатар ықпалды тұлғалары - бұрынғы ішкі қауіпсіздік министрлері Том Ридж бен Майкл Чертофф, Ұлттық барлау қызметінің бұрынғы басшысы Джон Негропонте, ЦРУ-дың бұрынғы басшысы Майкл Хайден, республикашыл бірнеше президенттің тұсында қорғаныс министрі мен мемлекеттік хатшының орынбасарлары болған адамдар бар.

"Ең алдымен, Трамптың президент болуға қажет адамгершілік қасиеті, ұстанымы мен тәжірибесі жоқ" дейді сарапшылар. Олардың пікірінше, Дональд Трамп АҚШ конституциясын білмейтінін, діни төзімділік, сөз бостандығы мен сот жүйесінің тәуелсіздігі ұстанымдарын құрметтемейтінін көрсеткен. "Ол ақиқат пен жалғанды айыра алмайды. Ол өзіне айтылған сынды көтере алмайды. Ол тіпті біздің жақын одақтастарымыздың өзін оғаш қылықтарымен шошытты" делінген хатта.

Бұл сынға жауабында Дональд Трамп хатқа қол қойғандар "билікте қалғысы келетін вашингтондық элита өкілдері екенін" мәлімдеді. "Вашингтондық элитаны жауапқа тартатын уақыт жетті" деді Трамп.

Дональд Трамп президенттік кампаниясы кезінде Республикашыл партияның орнығып қалған сыртқы саяси қағидаларын "елді шекарадан тыс қақтығыстарға тым көп киліктірді" деп сынаған. Оның пікірінше, партияның сыртқы саясаттағы ұстанымдары Таяу Шығыстағы жағдайды шиеленістіріп, кейбір елдермен, оның ішінде Ресеймен қарым-қатынасты нашарлатқан.

Республикашыл пратия кандидаты сонымен қатар еркін сауда туралы келісіміне де күдік келтіріп, АҚШ "өзге елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өлшеусіз шығын тартады" деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG