Accessibility links

Министрлік: Мектептерді толықтай жөндеуге қаржы жетпейді


Солтүстік Қазақстан облысындағы орта мектеп (Көрнекі сурет).

Солтүстік Қазақстан облысындағы орта мектеп (Көрнекі сурет).

Қазақстанда бірқатар облыста мектептерді күрделі жөндеуге қаржы тапшы деп мәлімдеді бүгін білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.

"Қазақстан жаңалықтары" агенттігінің хабарлауынша, Астанада орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте Суханбердиева кейбір облыстарда қаржы жоқтықтан мектептерге жөндеу жүргізілмегенін, бірақ жалпы Қазақстандағы мектептер жаңа оқу жылына дайын екенін айтты. Министрлік мәліметінше, 526 мектепке күрделі жөндеу, 6 мың 600 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізу керек.

- Кейбір облыстарда жөндеуге қаржы толық көлемде бөлінбеді. Мысалы, Алматы облысында 48 мектепке жөндеу қажет болып, оның 26-сы жөнделді. Шығыс Қазақстан облысында 68 мектепке жөндеу қажет болса, оның 60-тан астамы жөнделді. Алматы қаласында мектептерге күрделі жөндеу жасауға қаржы толық көлемде қарастырылмады, - деді Суханбердиева.

Бұған дейін білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жантаева Азаттыққа Қазақстанда жаңа оқу жылында 42 мектеп апатты жағдайда және үш ауысыммен істейтінін айтқан. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов облыста 300-ден астам сабаннан салынған мектеп барын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG