Accessibility links

БҰҰ: Ресей Алеппода 48 сағаттық бітім орнатуға келісті


Алеппо маңындағы көтерілісшілер бақылайтын ауданға шабуылдан соң тұрғындар қирандылар арасынан жараланған баланы шығарып жатыр. Сирия, 25 тамыз 2016 жыл.

Алеппо маңындағы көтерілісшілер бақылайтын ауданға шабуылдан соң тұрғындар қирандылар арасынан жараланған баланы шығарып жатыр. Сирия, 25 тамыз 2016 жыл.

БҰҰ Ресей Сирияның Алеппо қаласында гуманитарлық жүк кіргізу үшін 48 сағаттық бітім орнатуға келіскенін мәлімдеді. Бірақ соғысушы өзге тараптар көмек жеткізудің қауіпсіздігіне кепілдік беруі тиіс.

БҰҰ Алепподағы соғыста зардап шегіп жатқан 2 миллионға жуық адамға гуманитарлық көмек жеткізіп тұру үшін апта сайын 48 сағаттан бітім жариялап тұруды талап етеді. Бірақ Ресей қолдайтын Сирия үкіметінің күштері мен Батыс елдері қолдайтын көтерілісшілер мұны орындай алмай отыр.

"Біз қазір Ресеймен 48 сағаттық үзіліс жариялауға келістік. Енді Алепподағы соғысушы өзге де тараптардан да осыны күтеміз. Ашығын айтсам, бұл келісімді жасау мен ойлағаннан да ұзақ уақытты алды" деді БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер жөніндегі жұмыс тобын басқаратын Ян Эгеланд. БҰҰ-ның Сирия бойынша өкілі Стаффан де Мистура да мұны растады.

Ресей - Сириядағы соғыста осы ел президенті Башар Асадтың басты одақтасы. Асадқа қарсы соғысып жатқан көтерілісшіл топтарды Батыс елдері мен Парсы шығанағындағы мемлекеттер қолдайды.

АҚШ мемлекеттік департаменті Вашингтон Алеппода 48 сағаттық бітім орнатуды қолдайтынын және Сирия аумағында толықтай соғысты тоқтатуға қол жеткізуді көздейтінін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG