Accessibility links

Ермекбаев: Салафизмге тыйым салуды қарастырып жатырмыз


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Жаңадан құрылған дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев салафизм - "Қазақстан үшін деструктивті қаупі басым діни ағым" екенін, министрлік қазір оған заңмен тыйым салу мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Астанада өткен брифингте Ермекбаев қоғамда салафизмге тыйым салуды қолдайтын да, қарсы да пікірлер барын, миинстрлік бұл мәселені басқа да мемлекеттік органдармен тыңғылықты зерттеп жатқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда қазірге дейін 23 террористік және экстремистік ұйымға тыйым салынған және олардың арасында салафилік бағыттағы экстремистік ұйым да бар.

"Салафизмнің ұйым емес, діни ағым, көзқарастар жүйесі екенін ескеру керек. Қолданыстағы заңдар қазірдің өзінде заңсыз үгіт-насихат жүргізу, заңсыз діни жиын өткізудің жолын кесіп, радикалдық діни әдебиеттердің таралуына жол бермейді. Салафизмге келсек, шариғатқа негізделген кейбір елдерде салафизмге жақын діни ағым дәстүрлі дін ретінде қызмет ете береді. Ал Қазақстандағы кейбір белгілі теологтар мен сарапшылар салафизмнің еліміз үшін деструктивті қаупі бар деген пікірді ұстанады" деді Ермекбаев.

Исламның салафилік бағытының қаупі туралы мәселе Қазақстанда биыл жазда Ақтөбе мен Алматыда облған шабуылдардан кейін көтеріле бастады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі шабуылды "дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының террористік шабуылы" деп атаған.

XS
SM
MD
LG