Accessibility links

Ақтөбе соты: Қару дүкенінің иесі үкімге шағымданбады


"Паллада" қару-жарақ дүкенінің директоры Артем Горлаев сотта тұр. Ақтөбе, 15 қыркүйек 2016 жыл.

"Паллада" қару-жарақ дүкенінің директоры Артем Горлаев сотта тұр. Ақтөбе, 15 қыркүйек 2016 жыл.

Ақтөбеде «Паллада» қару-жарақ дүкенінің директоры Артем Горлаевқа шыққан сот үкімі күшіне енді деп хабарлады бүгін Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада досова.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Досова облыстық сотта өткен брифингте Горлаев Ақтөбе қалалық 2-сотының өзіне шығарған үкіміне шағымданбағанын айтты.

23 қыркүйекте сот қылмыстық кодекстің 254- бабы ("Қаруды, оқ-дәрiнi, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш қондырғыларды күзету жөнiндегi мiндеттердi тиiсiнше атқармау") бойынша айыптап, 1 жылға бас бостандығынан айырып, алдағы 2 жылда коммерциялық құрылымдарда жетекшілік қызмет атқаруына шектеу қоятын үкім шығарған. Үкім бойынша, Горлаев жазасын қоныс колониясында өтейді.

Артем Горлаев соттағы соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындап, «Паллада» дүкеніне жасалған шабуылдан туыстары қаза тапқан азаматтардың "қайғысына ортақ екенін" айтқан.

Горлаевтың адвокаты Адиль Кутуев Азаттыққа сотталушының үкімге наразылық білдірмегенін растады

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

XS
SM
MD
LG