Accessibility links

Ақтөбе соты жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алып болды


Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты қылмыстық іс қаралып жатқан КА-168/1 тергеу изоляторы маңында жүрген жасақ. 2 қараша 2016 жыл.

Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты қылмыстық іс қаралып жатқан КА-168/1 тергеу изоляторы маңында жүрген жасақ. 2 қараша 2016 жыл.

Ақтөбеде биыл 5 маусымда болған қарулы шабуылға байланысты 66 жәбірленуші мен 48 куәгердің барлығынан жауап алынып болды деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі .

Сот алдында жауап берген куәгерлердің бірі пәтерін жинап жүріп Калашников автоматының 30 патроны бар оқшантайын тауып алғанын айтқан. Паласқа оралып, ас ішетін бөлмеге жасырылған оқ-дәрі туралы үй иесі бірден полицияға хабарлаған. Кейін тергеу 30 патроны бар оқшантайдың 6655-әскери бөліміне шабуыл жасалған кезде қатардағы жауынгер Чернышовтан әкетілгенін анықтаған. Соттың баспасөз қызметі Калашников автоматының оқшантайы табылған үйді сотталушылардың бірі жалдап тұрғанын айтады.

Басты сот талқылауы басталғалы бері сот 200-ден астам сараптама қорытындысы мен тергеу хаттамасын қарап шыққан.

Ал бүгінгі сот отырысында жәбірленушілердің талап арыздары мен оларға қоса тіркелген өзге де құжаттар, сотталушыларға берілген мінездемелер зерттелді. Сотқа 15-тен астама талап арыз түскен. Талап арыз берушілер арасында «Автопарк» ЖШС, «Пантера» ЖШС мен ұлттық гвардияның 6656-әскери бөлімі де бар.

Ақтөбедегі атыс оқиғасындағы қылмыстық іс бойынша 29 адам сотқа тартылып жатыр. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде «терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары» үшін, 18-і – дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін, екеуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталған. Айыптылардың құқығын 27 адвокат қорғайды. Бұл іс бойынша 88 адам жәбірленуші, 48 адам куәгер деп танылған.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

XS
SM
MD
LG