Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылға қатысты істі қарайтын судья полицияның қорғауында


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сот ғимаратын күзетіп тұрған полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 24 қазан 2016 жыл.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сот ғимаратын күзетіп тұрған полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 24 қазан 2016 жыл.

Ақтөбедегі 5 маусымдағы қарулы шабуылға қатысты қылмыстық істі қарап жатқан судья Нұрлан Сұлтановтың қауіпсіздігіне Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері жауапты деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетай.

Нұрлан Сұлтанов қарулы шабуылға қатысты қылмыстық істі қарай бастаған сәттен бастап полицияның қорғауына алынған.

"Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сай судьялар, сот қызметкерлері мен сот процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылданған" деп жауап берді Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетай Азаттық тілшісінің интернет-конференция барысында қойған сауалына.

Бірақ ол нақты шаралар туралы тарқатып айтпаған.

Ақтөбедегі атыс оқиғасындағы қылмыстық іс бойынша 29 адам сотқа тартылып жатыр. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде "терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары" үшін, 18-і – "дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны" үшін, екеуі "қылмысты жасырып қалғандары" үшін айыпталған. Айыптылардың құқығын 27 адвокат қорғайды. Бұл іс бойынша 88 адам жәбірленуші, 48 адам куәгер деп танылған.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG