Accessibility links

Сирия Алеппоның шығыс бөлігіне автономия беруден бас тартты


БҰҰ-ның арнайы өкілі Стаффан де Мистура.
БҰҰ-ның арнайы өкілі Стаффан де Мистура.

Сирия үкіметі бүгін БҰҰ-ның соғыстан бүлінген Алеппо қаласында бейбітшілікті қалпына келтіру үшін қаланың шығыс аудандарына автономия беру туралы ұсыныс қабылдаудан бас тартты.

Сирия сыртқы істер министрі Валид Муаллем Алеппоның оппозиция бақылайтын шығыс аудандарынан қарулы жасақ қуылғаннан кейін қаладағы мемлекеттік институттар «толық қалпына келтірілуі тиіс» деген. БҰҰ-ның арнайы өкілі Стаффан де Мистурамен кездесуден кейін сөйлеген сөзінде Муаллем үкімет Алеппоның шығыс аудандарына шабуылды бәсеңдетеді деуге негіз болатындай ешқандай нышан танытқан жоқ деп хабарлайды Associated Press. Муаллем Сирия Алеппоның шығысындағы 275 мың адамды «алты мың содырдың кепілі» етіп тастамақ емес деп мәлімдеген.

«Біз Алепподағы бейбіт халықтың қайғы-қасіретіне тоқтам жасау үшін қаланың шығыс бөлігінен террористер кетуі қажет екені туралы келісімге келдік», - деген ол.

Де Мистура кездесу қорытындысы туралы ештеңе айтпаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілі Элизабет Хофф үкімет әскерінің бес күн бойы әуеден және арттилериялық қарудан берген соққысынан Алеппоның көтерілісшілер бақылайтын аудандарындағы барлық медициналық мекемелердің жойылғанын хабарлаған. Сириялық құқыққорғаушылардың мәлімдеуінше, президент Башар Асад үкіметі қарашаның 15-інен бастап шабуылда қайта бастағалы бері Алеппоның шығысында 100-ден астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. Қарашаның 20-сы күні Алеппоның батыс жағына көтерілісшілер соққысынан жеті бала опат болған.

2012 жылдан бастап Алеппо қаласының батыс жағын үкімет, шығыс бөлігін – көтерілісшілер бақылауында ұстап отыр.

XS
SM
MD
LG