Accessibility links

"Сарайлар, Maybach, Rolls Royce". Лукашенконың "шалқыған өмірі" жайлы фильмге қысқа шолу


Александр Лукашенко.
Александр Лукашенко.

Польшада орналасқан Беларусьтің оппозициялық Nexta телеграм-каналы Александр Лукашенконың (Орталық сайлау комиссияны 2020 жылы ел президенті деп жариялаған) “шалқыған өмірі” жайлы фильм жариялады.

ФИЛЬМДЕ НЕ АЙТЫЛАДЫ?

Фильмде авторлар елдегі 18 ғимаратты Лукашенко мен оның маңайындағы адамдар қолданып отыр деп мәлімдейді.

Фильмде Минскідегі Тәуелсіздік сарайы, Витебск облысындағы "Крупенино" демалыс базасы, Брест облысындағы "Вискули" бау-бақшасын Лукашенко мен айналасындағылар пайдаланып отырғаны айтылады. Авторлар "Лукашенко әкімшілігінің қызметкері" деген ер адам дауысы өзгертілген аудиомен "бұл резиденцияларды ұстап тұруға миллиондаған доллар жұмсалатынын" айтады.

2013 жылы Тәуелсіздік сарайы ашылғанда Лукашенко "бұл ғимараттың құрылысына бюджеттен бір рубльде де алынбады" деген.

Аты-жөнін атамаған тағы бір дереккөз Тәуелсіздік сарайында монша, сауна, бассейн, қысқы бақ, қару-жарақ сақтайтын орын, сыра сақтайтын жер және тікұшақ қонатын алаң барын айтады. Сарайдың жалпы аумағы 50 мың шаршы метрді құрауы мүмкін. 2020 жылы жазғы митингілер кезінде Лукашенко осы сарайдан тікұшақпен ұшып, наразылар жүрген аумаққа автоматпен келген.

Беренді кеудеше киіп, автомат ұстаған Александр Лукашенко (ортада) Тәуелсіздік сарайы маңын қоршап, бейбіт шеруге шыққандардың жолын жауып тұрған әскерилерге алғыс айтып жүр. Минск, 23 тамыз 2020 жыл.
Беренді кеудеше киіп, автомат ұстаған Александр Лукашенко (ортада) Тәуелсіздік сарайы маңын қоршап, бейбіт шеруге шыққандардың жолын жауып тұрған әскерилерге алғыс айтып жүр. Минск, 23 тамыз 2020 жыл.

Фильмде Лукашенконың автомобильдер коллекциясында құны төрт миллион болатын бірнеше премиум-класс көлік бары айтылады. Nexta мәліметінше, Лукашенкода 100 мың еуро болатын екі Audi (Ауди); 1,5 миллон еуро болатын Maybach (Майбах); 170 мың еуролық Rolls Royce (Роллс-Ройс); 160 мың еуро болатын Mercedes (Мерседес) және 100 мың еуролық Tesla (Тесла) бар.

2019 жылы Лукашенко "Тесла" электромобилін компанияның бас директоры Илон Маск сыйлады деген. Бірақ Маск оның сөзін растамаған.

Фильмде автопарктің керек-жарағына жүздеген мың доллар кететіні айтылады.

Nexta фильмінде "Лукашенкода құны миллиондаған доллар тұратын классикалық көліктердің коллекциясы бар" дейді.

ЛУКАШЕНКО НЕ ДЕЙДІ?

Бұл фильмнің анонсы шыққан тұста, 5 наурызда Лукашенко пікір білдіріп, "Өз елімнен ештене ұрламадым, алмадым" деді.

"Ширек ғасыр президент болып жұмыс істеп отырмын, бір жерде қандай да милиардтар мен сарайларым болса, мені тілгілеп тастар еді. Сондықтан кімде-кім Лукашенконың сарайын тапса, көшіп кіріп алсын. Менің бір ғана "сарайым" бар. Ол – мен ер жеткен, анаммен бірге тұрған аумағы 60 шаршы метр болатын шағын үйім. Сол – менің сарайым. Ал қалғанының бәрі мемлекеттің меншігі" деді ол зауыт жұмысшыларының алдында.

Ол фильм авторларын "халықты теңселтіп, елді сындырмақ" деп айыптады.

БЕЛАРУСЬТЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

26 жылдан бері билікте отырған Лукашенко 2020 жылы тамызда өткен президент сайлауында жеңімпаз деп жарияланып, алтыншы мерзімге қалған. Бірақ халық пен оппозиция оның жеңісін мойындамай елде жаппай наразылық басталды.

Наразылық кезінде мыңдаған адам ұсталып, кейбірі сотталды. Бірнеше адам наразылық кезінде қаза тапты. Арнайы жасақ пен полиция наразыларды көшеде және қамау орнында ұрған.

Арнайы жасақ наразылыққа шыққан адамды ұстап барады. Минск, 2020 жылдың қыркүйегі,
Арнайы жасақ наразылыққа шыққан адамды ұстап барады. Минск, 2020 жылдың қыркүйегі,

23 қыркүйекте Лукашенко жасырын түрде инаугурция өткізді. Бірақ АҚШ, Еуропа одағы, Ұлыбритания мен Канада оны президент деп мойындамады.

Еуропа одағы Лукашенко бастаған Беларусь шенеуніктеріне сайлауды дұрыс өткізбегені үшін, бейбіт наразылықты басып-жаншыған үшін санкция салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG