Accessibility links

Светлана Тихановская: Ресей билігі диктаторды таңдады


Светлана Тихановская: Лукашенко халықтың шегінбейтінін біліп отыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:41 0:00

Светлана Тихановская – Беларусьтегі президент сайлауына қатысқан бұрынғы кандидат. 9 тамыздағы сайлаудан соң Литваға кетуге мәжбүр болған. Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресейге барып, президент Владимир Путинмен кездескен 14 қыркүйек күні Настоящее время арнасына берген сұхбатында Тихановская оппозицияның жоспары, елдегі ахуалға Ресей мен Еуропа мемлекеттерінің әсері туралы айтты.

Настоящее время: Қазіргі статусыңыз қандай? Сайлауда жеңген президентсіз бе, әлде басқа ма?

Светлана Тихановская: Сайлауда басым дауыс алғаным анық және өзімді халық таңдаған президентпін деп санаймын.

Настоящее время: Бірақ қуғындасыз, тарихта бұл қалай аталушы еді?

Светлана Тихановская: Тарихта солай аталады.

Настоящее время: Путин мен Лукашкенконың бүгінгі [Путинмен] кездесуінен не күтесіз, неден қауіптенесіз?

Светлана Тихановская: Не күтетінімізді білмеймін. Жабық өтіп жатыр, әдеттегідей жұрттан бәрін жасырады. Бұл кездесудегі келісімнің бәрі келешекте заңды президент тұсында қайта қаралатынын айтып бүгін мәлімдеме тараттым. Өйткені қазір халық Лукашенконы мойындамайды. Жақында оның құқықтық легитимділігінен де айырылады.

Настоящее время: Олар қандай құжатқа қол қоюы мүмкін?

Светлана Тихановская: Кім білсін. Кез келген құжатқа қол қоюы мүмкін ғой.

Настоящее время: Путин әкімшілігінен немесе оның айналасындағы адамдар, қандай да бір саясаткерлер келіссөз жүргізу үшін сізбен байланысуға тырыспады ма?

Светлана Тихановская: Жоқ, біз ел ішінде де, Еуропа мемлекеттерімен де, Ресеймен, Украинамен, барлық елдермен де диалог өткізуге ашық екенімізді үнемі айтып келеміз. Сөйлесуге дайын екенімізді мәлімдеп жүрміз, бірақ, өкінішке қарай, Ресей федерациясы тарапынан бізбен ешкім хабарласпады.

Настоящее время: Еуропа тарапы түсінікті. Ал Украина жағынан байланыс орнатуға тырысқандар болды ма?

Светлана Тихановская: Иә, Украинаның бір өкілімен кездесу жөнінде келісім бар еді, бірақ ол болмай қалды. Содан бері басқа ешкім жоқ.

Настоящее время: Кім еді ол?

Светлана Тихановская: Мүмкін тағы [кездесу мүмкіндігі] болып қалар, қазір айта алмаймын, әр нәрсенің уақыты бар.

Настоящее время: Ол лауазымды адам ба?

Светлана Тихановская: Иә.

Настоящее время: Президент әкімшілігінен бе?

Светлана Тихановская: Иә.

Настоящее время: Жақсы, кездесу болып жатса толығырақ ақапарат күтеміз. Жақында Беларусь ішкі істер министрлігі елде 774 адам ұсталғанын айтты. Шамасы зорлық-зомбылықтың жаңа кезеңі басталған сияқты. Мұны немен байланыстырар едіңіз?

Светлана Тихановская: Бәлкім Лукашенко Ресей федерациясына, Путинмен кездесуге барар алдында бәрін бақылауда ұстап отырғанын көрсеткісі келген шығар. Арнайы жасақтың бұлай көп жүруі халықты жексенбі күні митингіге шығармай, қорқытқаны болар. Бірақ мұнысы енді іске аспайды. Адамдарда жаңа, узурпаторсыз Беларусьте өмір сүруге деген құлшыныс бар. Олар енді тоқтамайды. ОМОН өзін қаншалықты қатал ұстап, көп адамды қамаған сайын халық та қасарыса түседі.

Настоящее время: Бұл қарсыласу қашан, қалай аяқталады? Сіздің болжамыңыз қандай?

Светлана Тихановская: Заңсыз инаугурация өткізу талпынысы болғанға дейін диалог болуы керек. Заңсыз инаугурацияға талпыныс болған соң Лукашенко толық заңсыз [президент] болады. Әрі қарай халықтан не күтуге болатынын білмеймін. Сондықтан біз барлық елдердің басшыларын Лукашенкоға біздің елдің басшысы ретінде қарамауға үндейміз.

Настоящее время: Ал ол әсіресе үйлестіру кеңесімен, сіздермен диалог өткізбейтінін бірнеше рет қайталады.

Светлана Тихановская: Ол билікті бермейтінін де айтқан, бірақ қазір "артық отырып қалдым, бірдеңе істеу керек" дейтін месседж тарата бастады. Беларусьтер шегінбейтінін, сонша жылғы жағдайға қайта оралғысы келмейтінін біліп отыр.

Настоящее время: Сонда, ерте ме, кеш пе болатын диалогтан соң Лукашенко "жарайды, мен кетемін" дейді деп ойлайсыз ба?

Светлана Тихановская: Бұл техникалық тұрғыда қалай жүзеге асарын білмеймін. Бірақ біз биліктің басқа жолмен тапсырылғанын қаламаймыз. Ол [Лукашенко] мүмкін әскер кірігізу, әскери шара бастау туралы ойлап жүрген болар. Бірақ біз үнемі диалогты талап етіп келеміз. Меніңше, қазіргі дағдарыстан шығатын ең дұрыс жол – осы. Осы диалогтың арқасында жаңа сайлау өткізуге қол жеткізу керек.

Настоящее время: Елдегі наразылық білдірушілердің, оппозицияның өкілі жалғыз осы үйлестіру кеңесі болған еді. Кеңесті басқарған жеті адамның арасынан тек Светлана Алексиевич (жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты - ред.) қана батыс дипломаттарының күзетуі арқасында қамалмады. Енді қандай жол бар?

Светлана Тихановская: Үйлестіру кеңесін осылай пасық әрекет арқылы басқарусыз қалдыру – кеңестің жұмысын тоқтатты деген сөз емес. Қазір кеңес ішінде кейбір ауыс-түйіс болып жатыр және олар диалог өткізу жұмысымен айналысады. Кеңейтілген құрамда 12 мың адам бар әрі кеңес құрамына кіргісі келіп, өтініш беріп жатқандар әлі көп. Бұл халықтың еркі және ол жұмыс істей береді.

Настоящее время: Қазір қалайсыз? Қауіпсіз жердесіз бе, күзетпен жүресіз бе, балаларыңызға қауіп жоқ па?

Светлана Тихановская: Қауіпсіз жердемін деп ойлаймын. Әрине, күзетіміз бар, бірақ аса үлкен емес. Литва қауіпсіз ел. Біреу мені мына жақта аңдиды деп ойламаймын, сондықтан еркін жүріп-тұрамын.

Беларусь президенті сайлауына қатысқан бұрынғы кандидат Светлана Тихановская. Вильнюс, Литва, 8 қыркүйек 2020 жыл.
Беларусь президенті сайлауына қатысқан бұрынғы кандидат Светлана Тихановская. Вильнюс, Литва, 8 қыркүйек 2020 жыл.

Настоящее время: Сіз елден кетуге мәжбүр болдыңыз. Сізге не деді, не болғанын айтуға дайынсыз ба?

Светлана Тихановская: Қазір дайын емеспін.

Настоящее время: Күйеуіңізден хат-хабар аласыз ба? Оның жағдайы қандай екенін білесіз бе?

Светлана Тихановская: Иә, оның адвокаттары арқылы хабарласамыз. Олар оның қандай жағдайда екенін айтып отырады. Ол енді ұсақ-түйек мәселелер. Ал тергеу қалай жүріп жатқанын білмеймін, өкінішке қарай. Ешқандай ақпарат жоқ. [Болашаққа] сенеді, өзге саяси тұтқындар туралы сұрайды, шамам келген ақпаратты беремін. Беларусьтер жөнінде, олардың көңіл-күйі, елде не боп жатқанын сұрайды. Әрине, оған бәрі қызық. Оның қазір бізбен бірге емесі қынжылтады. Оның көмегі көп тиер еді.

Настоящее время: Ол жақта қандай ақшаға өмір сүріп жатырсыздар? Бұрын жинаған қаражатқа ма?

Светлана Тихановская: Беларусь диаспорасы қорынан аздаған көмек аламыз. Түсінесіз бе, бізге көп ештеңе қажет емес, байлыққа үйренбегенбіз. Қарапайым тірлік кешіп жатырмыз, сол да жетеді.

Настоящее время: Еуропа елдерінің Беларуське көрсетіп жатқан көмегі жеткілікті деп ойлайсыз ба?

Светлана Тихановская: Қазір әрбір ел аз болсын, көп болсын қолынан келгенін істеп жатыр. Елдің ішкі саясатына араласты демеуі үшін артық кетпейді. Өте сақ. Әрине, кейбір ел батыл мәлімдеме жасап үлгерді. Көп мемлекет сайлау қорытындысын мойындамады. Мұның өзі үлкен қадам. Кейбір ел санкция сала бастады, кейбірі мынадай бассыздыққа қатысы бар делінген, қылмыстық бұйрық берген және оны орындаған адамдарға жеке санкция салуды талқылап жатыр.

Настоящее время: Америка Құрама Штаттарының ұстанымын қалай бағалар едіңіз?

Светлана Тихановская: Олар да сайлаудың ресми қорытындысын мойындамады, олар да саяси дағдарыстан шығудың жолы жаңа, әділ сайлау өткізу дегенмен келіседі. Олар бұл мәселеде біздің ұстанымды қолдайды деп болжаймыз. Беларусь мәселесі ол жақта талқыланып жатқанын білемін. Жақын арада олар бір үлкен мәлімдеме жасайтын шығар.

Настоящее время: Бұл тіресте Ресейдің рөлі қандай?

Светлана Тихановская: Біріншіден, Ресей билігі халық жағын емес, диктаторды таңдағаны өкінішті. [Путиннің] қажет кезде Лукашенконы әскери жолмен де қолдауға дайынбыз дегені күлкілі. Өйткені бізде нағыз бейбіт қарсылық жүріп жатыр әрі біздегі жағдай ішкі мәселеміз, оған сырттан араласудың қажеті жоқ. Қазір Путин аңысын аңдып күтіп отыр деп ойлаймын.

Біздің туыс ел екеніміз белгілі, сондықтан екі ел арасында бұрыннан қалыптасқан байланысты ешкім үзгісі келмейтінін олар түсінеді. Сол себепті әділ сайлауда жаңа сайланатын, болашақ заңды президент Ресей федерациясымен қарым-қатынасты жалғастыра беретіні түсінікті. Беларусь үшін Ресейдің рөлі үлкен екенін түсінеміз және диалог арқылы бәрін келісуге болады. Қайталап айтамын, ресейліктерді беларусьтерге қарсы қоюдың қажеті жоқ. Өйткені оларда пропаганда біртіндеп күшейіп келеді. Біз дос елміз, дос халықпыз және болашақта да солай қалсақ дейміз.

Настоящее время: Беларуське қашан ораласыз?

Светлана Тихановская: Үйге қайтқым келеді. Қандай да бір диалог басталса, келіссөзді ұйымдастыруда алға жылжу байқалса, ісіміз орнынан қозғалғанын сезсем адамдарға жақынырақ болу үшін үйге қайтамын деп ойлаймын.

Настоящее время: Сұхбатыңызға рақмет.

Настоящее время арнасының журналисі Ирина Ромалийская алған сұхбат орысшадан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG