Accessibility links

Жаппай наразылықты жаншыған соң билік Лукашенконың жеңісін жариялады


Беларусь жұрты Лукашенконың жеңісімен келіспейді. Наразылар мен арнайы жасақ қақтығысты
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:00 0:00

ВИДЕО: Беларусь жұрты Лукашенконың жеңісімен келіспейді. Наразылар мен арнайы жасақ қақтығысты

Беларусьте президент сайлауының алдын ала ресми қорытындысы бойынша, қазіргі президент Александр Лукашенконың жеңіске жеткені хабарланды. Оның негізгі бәсекелесі Светлана Тихановскаяның штабы ОСК шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Өткен түні дауысты әділ санауды талап етіп көшеге шыққан мыңдаған демонстрантты полиция жасағы күш қолданып таратқан. Құқық қорғау ұйымы бір адамның қаза болғаны хабарлады, ІІМ жоққа шығарады.

БИЛІК ПЕН ОППОЗИЦИЯ ДЕРЕГІ ЕКІ ТҮРЛІ

10 тамызда Беларусь орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жексенбіде өткен президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. Ресми мәлімет бойынша, қазіргі президент Александр Лукашенконы сайлаушылардың 80,23 пайызы, яғни 4 652 423 адам жақтаған. Лукашенконың незігі бәсекелесі Светлана Тихановскаяны сайлаушылардың 9,9 пайызы немесе 574 312 адам қолдаған. 6,02 пайызы кандидаттардың бәріне қарсы дауыс берген.

– Бұл мәлімет тағы толықтырылады, бірақ айтарлықтай өзгереді деп ойламаймын, – деді ОСК төрайымы Лидия Ермошина.

ОСК мәліметінше, сайлауға сайлаушылардың 84 пайыздан астамы қатысқан.

Арада бірнеше сағат өткенде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы мен өз атынан Александр Лукашенконы Беларусь президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"Саяси жағдайдың күрделі болғанына қарамастан сайлаудың қорытындысы халық сіздің Беларусь мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға негізделген стратегиялық бағытыңызды қолдайтынын көрсетті" деп жазған Тоқаев.

Светлана Тихановская (сол жақта) мен Александр Лукашенконың суреттерінен коллаж.
Светлана Тихановская (сол жақта) мен Александр Лукашенконың суреттерінен коллаж.

Лукашенконың осы сайлаудағы негізгі бәсекелесі Светлана Тихановскаяның штабы дүйсенбі күні ОСК шешімімен келіспейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін сайлаушылар дауысын өз бетінше есептеген оппозиция Светлана Тихановскаяның 80 пайыздан астам дауыс алғанын хабарлаған. Беларусьтің түрлі қалаларынан азаматтар Телеграм, Twitter-де дауыс беру хаттамасының көшірмесін жариялап, сайлау учаскелерінде Тихановская көбірек дауыс жинағанына дәлелдер ұсынған.

Тихановскаяның штабы Минскідегі кемінде 20-дан астам сайлау учаскесінде оппозиция кандидатының жеңгенін хабарлады. Шетелдегі сайлау учаскелерінде де Тихановская басымдықпен жеңген.

НАРАЗЫЛЫҚ ПЕН ҚАҚТЫҒЫС, ТИХАНОВСКАЯНЫҢ ҮНДЕУІ

Беларусьте 9 тамыз күні президент сайлауына дауыс беру аяқталғаннан кейін ел астанасындағы "Минск – қаһарман қала" стелласы алдына жиналған азаматтар сайлау әділетсіз өткенін айтып, наразылық білдірді. Азаттықтың Беларусь қызметі ("Свабода" радиосы) тілшілерінің хабарлауынша, стелла маңына үш мыңға жуық адам жиналған, бұған қоса полиция жолын бөгегендіктен осы жерге өте алмаған жүздеген адам жапсарлас көшелерге жиналған.

Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі түнгі наразылық

Жексенбі күні дауыс беру аяқталған соң мемлекеттік экзит-полл қорытындысы қазіргі президент Александр Лукашенкоға сайлаушылардың 80 пайызға жуығы қолдау білдіргенін, ал оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 7 пайызға жуық дауыс жинағанын хабарлаған соң елде мыңдаған адам наразылыққа шықты. Олар мемлекеттік экзит-полл нәтижесімен келіспеді.

Полиция жасағы наразыларды тарату үшін резеңке таяқпен ұрып, жас ағызатын газ бен су шашып, қатты дыбыс шығаратын жарқылдақ граната қолданған. Оқиға орнында болған журналистер бірнеше адамның зардап шеккенін хабарлады.

Президенттікке кандидат Светлана Тихановскаяның саяси серігі Мария Колесникова дүйсенбіге қараған түні Тихановскаяның беларусь халқына үндеуін оқыды. Онда Тихановская интернет байланысынан ажыратылғандықтан өзіне СМС-хабарламалар арқылы жеткен үздік-создық ақпаратта жағдайдың қауіпті екені жайлы айтылғанын мәлімдеген. Тихановская арнайы қызмет басшыларын бейбіт халыққа қарсы күш қолданбауға үндеген. "Енді кез келген қарсылықтың мәні жоқ: ел өзгерді" деген ол.

Минскімен бірге жексенбі күні елдегі облыс орталықтары мен ірі қалалардың бәрінде тұрғындар қарсылық акциясына шыққан, полиция күштері мен наразылар арасында қақтығыс болған деп хабарлайды Азаттықтың Беларусь қызметі.

Сайлаудан кейін болған наразылық акциясы кезінде жараланған адамға жәрдем танытып жатқан жедел жәрдем қызметкері. Минск, 9 тамыз 2020 жыл.
Сайлаудан кейін болған наразылық акциясы кезінде жараланған адамға жәрдем танытып жатқан жедел жәрдем қызметкері. Минск, 9 тамыз 2020 жыл.

Беларусь ақпарат құралдарының хабарлауынша, Минскіде шамамен 20 мың адам көшеге шыққан. Полиция ұстап әкеткен және қақтығыстар кезінде зардап шеккендердің нақты саны белгісіз. Медициналық жедел жәрдем ауруханасы қызметкерлері "басшылар жоғын" алға тартып, Азаттыққа зардап шеккендер туралы ақпарат беруден бас тартты.

Азаттықтың Беларусь қызметінің тілшілері сөйлескен куәгерлер кемінде он адамның зардап шеккені туралы хабарлады. Құқық қорғаушылардың дерегінше, наразылық кезінде қатты жарақат алған бір адам қайтыс болған. "Вясна" құқық қорғау ұйымының мәліметінше, жас жігітті полиция көлігі қағып, басынан жараланған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Ішкі істер министрлігі адам қазасы туралы ақпаратты жоққа шығарады. 10 тамызда Беларусь ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ольга Чамаданова Telegram каналда 33 қалада болған наразылық кезінде үш мыңнан астам адам ұсталғанын, 50 тұрғын, 39 полицей зардап шеккенін хабарлады. Министрлік өкілі зардап шеккендердің кейбірі "мас болғанын" айтады.

"Наразыларға қарсы әскери қару қолданылған жоқ. Қайтыс болғандар да жоқ" деді Чамаданова.

"КҮШ ТЕҢ БОЛМАДЫ"

Жексенбі күні таңертеңнен бастап интернет байланысы күрт нашарлап, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер ашылмай қалды.

Куәгерлердің сөзінше, жексенбі күні дауыс беру аяқталған соң Минскіде наразылар жиналған стелланың қасына ішкі істер әскерінің жүк көлігі келген. Жұрт оны қоршап алған кезде көлік орнынан жұлқына қозғалып, салдарынан бірнеше адам зардап шеккен.

Наразылар көліктің терезесін сындырған. Бір адам асфальтқа басымен құлап, қатты жараланған.

Полиция көлігі құлатқан демонстрант. Минск, Беларусь, 9 тамыз 2020 жыл.
Полиция көлігі құлатқан демонстрант. Минск, Беларусь, 9 тамыз 2020 жыл.

Машеров даңғылында наразылар баррикада орнатуға талпынған. Сол жерде болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, наразыларға қарай бет алған су шашатын көлікті қала ішінде жолаушы таситын автобус жолын бөгеп тоқтатқан, сол кезде наразылар қашып үлгерген.

"Вясна" құқық қорғау орталығы полиция күштері Минскідегі наразылық митингісін таратқан кезде ұсталған 60 адамның аты-жөнін жариялады. Құқық қорғаушылардың сөзінше, жексенбі күні қалада кемінде 140 адам ұсталған. Олардың арасында журналистер де бар деп хабарланды.

Минскідегі наразылықтарға куә болған "Вясна" орталығының жетекшісі Алест Беляцкий байланыстың жоқтығы мен митингілердің бір орталықтан басқарылмай бейберекет өтуі себепті ұсталғандар туралы нақты ақпарат жинау мүмкін болмай жатқанын айтты. "Полиция оларға қарсы барлық құралын қолданды, екі жақтың күші тең болмады", – деді Беляцкий.

Жексенбі күні наразылыққа қатысқандардың бірі – 35 жастағы Александрдың Азаттықтың Беларусь қызметіне айтуынша, халықты биліктің "сайлау нәтижесін бұрмалап, қылмысқа барып, елді мазақ жасағаны ашындырған". Ол билік Тихановскаяны жақтап дауыс бергендер санын азайтып, Лукашенконы қолдап берілген дауысты бірнеше есе көбейтіп жазды деп санайды.

Дүйсенбі күні Беларусь тергеу комитеті жексенбідегі оқиғаларға байланысты "жаппай тәртіпсіздік" және "билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша қылмыстық іс қозғағаны хабарланды.

Беларусь еліндегі алтыншы президент сайлауы

  • Беларусьтің жаңа тарихындағы алтыншы президент сайлауы жексенбі, 9 тамыз 2020 жылы өтті.
  • Бұл сайлауға елді кейінгі 25 жыл бойы үздіксіз басқарып отырған 65 жастағы Александр Лукашенко тағы да түсті. 1994 жылы өткен алғашқы президент сайлауынан басқа кейінгі сайлаулардың (2001, 2006, 2010, 2015 жылдары) ешқайсысы халықаралық деңгейде әділ және еркін өткен сайлау деп танылмаған.
  • Беларусь Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Лидия Ермошина Covid-19 пандемиясы кезінде президент сайлауын қашықтан өткізу жайлы құқық қорғаушылардың айтқан ұсынысын "ондай шараға уақыт жоқ" деп қабылдамады. Лукашенко пандемияға бола сайлауды кейінге қалдыруға еш негіз жоқ деп санайтынын айтқан.
  • Орталық сайлау комиссиясы келіп түскен 55 өтініштен 15 бастамашыл топты тіркеді.
  • YouTube платформасындағы "Страна для жизни" арнасының авторы Сергей Тихановский мамыр айында президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеген соң қамауға алынып, сайлауға кандидат ретінде қатысу мүмкіндігінен айырылды. Бұдан кейін блогердің жары Светлана Тихановская өзінің бастамашыл тобын тіркеу туралы өтініш беретінін мәлімдеді.
  • Билік оппозициялық саясаткерлер Виктор Бабарико мен Валерий Цепкалоны президенттікке кандидат ретінде тіркемей қойды. Бабариконың үстінен қылмыстық іс қозғап, ұлы Эдуард Бабарикпен бірге қамауға алды, Цепкало Ресейге кетуге мәжбүр болды.
  • 14 шілдеде ОСК Александр Лукашенко, Светлана Тихановская, Анна Конопацкая, Андрей Дмитриев пен Сергей Черечныйды президенттікке кандидат ретінде тіркеді.
  • Сайлауалды кампания басталғалы бері құқық қорғаушылар 1300-ден адам ұсталғанын тіркеді. Олардың арасында бастамашыл топ мүшелері, белсенділер, саясаткерлер, блогерлер, журналистер мен көшеде кездейсоқ кетіп бара жатқанда ұсталған азаматтар бар. Билік жүздеген адамды әкімшілік қамауға алып, айыппұл салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG