Accessibility links

Минск ресейлік жекеменшік әскери топ мүшелерін ұстағанын мәлімдеді


Минск түбінде ұсталған күдіктілер туралы Беларусь мемлекеттік ақпарат құралы көрсеткен видеодан скриншот. 29 шілде 2020 жыл.
Минск түбінде ұсталған күдіктілер туралы Беларусь мемлекеттік ақпарат құралы көрсеткен видеодан скриншот. 29 шілде 2020 жыл.

Беларусь билігі 9 тамызда өткелі отырған президент сайлауы қарсаңында ел аумағында ресейлік "Вагнер тобы" жекеменшік әскери компаниясының 32 мүшесі ұсталғаны туралы мәлімдеді.

"ӘСКЕРИ ҮЛГІДЕГІ КИІМ КИГЕН, АРАҚ ІШПЕЙДІ"

БЕЛТА мемлекеттік ақпарат агенттігі 29 шілде күні Беларусь қауіпсіздік қызметі Минск маңындағы санаторийден бір түнде "Вагнер тобының" 32 мүшесін (бәрі Ресей азаматы) ұстағанын хабарлады. Агенттік ақпаратында қауіпсіздік күштеріне 24 шілдеде ресейлік 200-ден астам жалдамалы әскери Беларусь аумағына "сайлау қарсаңында іріткі тудыру мақсатымен" келгені туралы хабар түскені айтылған.

Бұған қоса елдің оңтүстігінде тағы бір күдікті ұсталған деп хабарлайды БЕЛТА. Агенттік жас шамасы 24-55 аралығындағы 33 ресейлік азаматтың тізімін жариялады.

Беларусь президенті 65 жастағы Александр Лукашенко Ресейдің "арам ниетін" айыптап, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) басшысы Валерий Вакульчикке Мәскеуден түсінік талап етуін тапсырған.

Қауіпсіздік мәселесі бойынша өткізген кеңесте Лукашенко "Бізге Ресей федерациясының тиісті құрылымдарынан не болып жатқанын түсіндіру жөнінде шұғыл сауал жолдауымыз керек" деген.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (ортада) арнайы әскери жасақтың қару-жарағын көріп тұр. Марьина Горка, Беларусь, 24 шілде 2020 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко (ортада) арнайы әскери жасақтың қару-жарағын көріп тұр. Марьина Горка, Беларусь, 24 шілде 2020 жыл.

Ресейдің Минскідегі елшілігі Беларусь сыртқы істер министрлігінен ресейлік азаматтардың ұсталғаны жайлы хабарлама алғанын мәлімдеді.

"Вагнер тобы" – Ресей президенті Владимир Путинге жақын адамдардың бірі, ресейлік ықпалды бизнесмен Евгений Пригожин басқаратын жекеменшік әскери ұйым. Топ мүшелері Сирия, Ливия, Украина мен Африкадағы жанжалдарға қатысқан.

2018 жылы АҚШ мемлекеттік департменті Ресей әскерилері және арнайы қызметімен байланысы бар 30-дан астам ресейлік компаниялар мен жеке тұлғалармен қоса "Вагнер тобын" да қара тізімге енгізген.

БЕЛТА агенттігінің хабарлауынша, ұсталғандардың жүріс-тұрысы назар аудартқан: "әскери үлгідегі киімі", спирттік ішімдік ішпейтіні, өздерін оқшау ұстайтыны олардың әдеттегі "ресейлік туристерден бөлек" екенін аңғартқан.

"Беларусь-1" мемлекеттік телеарнасы күдіктілердің ұсталған сәтінен видео көрсетті. Видеода "ұсталғандардан табылған" бірнеше ресейлік паспорт, бума-бума доллар, презервативтер мен арабша жазуы бар қағаз қиындылары көрсетіледі.

Бұдан өзге Судан ақшасы мен сол елде пайдаланылатын телефон картасы көрінеді, осыған қарағанда, бұл ер адамдар Африкаға бара жатқан немесе сол жақтан келе жатқан болуы мүмкін. Ресей коронавирус пандемиясы кезінде шетелге ұшақ қатынасын тоқтатқан, ал Беларусь шектеу шараларын енгізген жоқ, сол себепті шетелмен әуе қатынасы әдеттегі қалпынан өзгерген жоқ.

Ресейлік "Вагнер тобы" жекеменшік әскери компаниясы Суданда және онымен көрші Ливияда әрекет жасағаны белгілі. 2019 жылы көктемде ресейлік және шетелдік басылымдар бизнесмен Евгений Пригожиннің құрылымдары (арасында "Вагнер тобы" да бар) Судан президенті Омар әл-Баширдің режиміне белсенді түрде болысқаны туралы хабарлаған. Бірақ соған қарамастан Суданды 30 жыл басқарған Баширді әскерилер биліктен тайдырған. Қазір ол қамауда отыр.

Азаттықтың Орыс қызметі - Радио Свобода Минск түбінде ұсталғандар Беларусь арқылы Суданға бара жатқандар болуы мүмкін деп топшылайды. Оның жазуынша, БЕЛТА жариялаған тізімде аты-жөні аталғандардан кемінде 18 адам Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер жағында соғысқан. Ондай деректерді украиналық "Миротворец" сайты жариялаған, ұсталғандардың кейбірінің әлеуметтік желідегі аккаунттары әлі бар деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Мәскеу Минскінің ең жақын саяси әрі экономикалық одақтасы саналады, бірақ Лукашенко бұған дейін де бірнеше рет Ресейді "Беларусьті тәуелсіздігінен айырғысы келеді" деп айыптаған.

Бұл жолы Беларусь аумағында ондаған ресейліктің ұсталуы көршілес екі елдің арасындағы жағдайды одан әрмен ушықтырып жіберуі мүмкін.

Сарапшылардың кейбірі бұл – Беларусь президенті қызметіне алтыншы мерзімге сайлануды мақсат етіп отырған Александр Лукашенконың ойлап тапқан қулығы болуы мүмкін деп топшылайды.

САЙЛАУ ҚАРСАҢЫНДА КҮШЕЙГЕН НАРАЗЫЛЫҚ

Кейінгі кезде Беларусь қоғамында елді 26 жыл бойы үздіксіз басқарып отырған Александр Лукашенкоға қарсы көңіл-күй күшейді. Қоғам өкілдері үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатымен бірге коронавирус пандемиясы кезіндегі іс-әрекетін де сынайды.

Билік президент сайлауына оппозициядан түскен үміткерлерді тіркеуден өткізбей, оларға қолдау білдірген шерулерді күшпен таратып, арасында белсенділер мен блоггерлер бар жүздеген адамды ұстап, қамады.

Қуғын-сүргінге қарамастан қоғамда Лукашенко билігіне наразылық күшейіп тұр. Қазір билікке наразы жұрт президенттікке кандидат болып тіркелген 37 жастағы Светлана Тихановскаяның айналасына топтаса бастады. Тихановская сайлауға түсемін деп ешқашан ойламағанын, бірақ осы жолы президенттік сайлауға түсетінін мәлімдегеннен кейін қамауға алынған күйеуі үшін сайлауға қатысып отырғанын айтқан.

Өткен жұма, 24 шілде күні арнайы әскери жасақтың базасында болған кезде Лукашенко "қазір соғыстың бәрі қазір көшедегі наразылық, шеруден басталады" деп айтқан. Оның пікірінше, көрші Украинада 2014 жылы ресейшіл президент Виктор Януковичті биліктен тайдырған революцияны (майдан) "Беларусь елінде де жасағысы келетіндер шетелдік жекеменшік әскер компаниялардың жалдамалыларын тартып, арандатуға баруы" мүмкін.

"Олар кәсіби әскерилер, негізінен бүкіл әлем бойынша жекеменшік әскери компанияларда арнайы дайындықтан өткен және қайсыбір елде көп ақша табатын бандиттер" дейді Лукашенко.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG