Accessibility links

"Қазіргі шекараларды өткен тарихпен саудалауға болмайды". Путиннің сөзі жұртты тіксінтті


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин ресейлік телеарнаға берген сұхбатында "Совет одағын құрған кезде одаққа кірген елдер Ресейдің көп жерін алып, кейін шыққанда орыс халқының сыйлығын бірге алып кетті" деді. Азаттық сөйлескен сарапшылар Путиннің "Ресей жерін жинаушы" образын күшейте түсу үшін айтқан сөзі постсоветтік елдердің Мәскеуге сенімсіздігін ұлғайтады деп санайды.

ПУТИН НЕ АЙТТЫ?

Ресей президенті Владимир Путин жексенбі, 21 маусымда "Россия 1" телеарнасындағы "Москва. Путин. Кремль" хабарына берген сұқбатында "Совет Одағын құру туралы келісімде одан шығу құқығы да жазылған. Бірақ оның нақты процедурасы жоқтықтан мынадай мәселе туады: Қандай да бір республика Совет одағының құрамына кіреді, сөйтіп Ресейдің ірі көлемде дәстүрлі-тарихи аумағын алады. Сөйтеді де бір күні одақтан шығуға шешім қабылдайды. Олай болса, орыс халқының сыйлығын қоса әкетпей немен келдің, сонымен шығуың керек қой" деді.

Бүгін, 22 маусымда Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков президенттің "орыс халқының сыйлығы" туралы сөзін арнайы түсіндірді. "Ресейдің көршілеріне аумақтық талабы жоқ" деген ол "Путин сыйға жер берілгені туралы емес, Конституцияда кеткен қателіктер туралы айтты" деді.

Песковтың сөзінше, Путин Ресейдің қолданыстағы Конституциясы дағдарыс кезінде қабылданғандықтан, кей процедуралар қамтылмай қалғанын айтқан.

"Путин одақтас республикалардың Совет одағының құрамынан шығу процесін егжей-тегжейлі қарастырмаған Совет конституциясын мысалға келтірді" деді Песков.

ПУТИННІҢ "РЕСЕЙ ЖЕРІН ЖИНАУШЫ ОБРАЗЫ"

Қазақстандық саясаттанушы Жұмабек Сарабековтің пайымдауынша, Путиннің сөзі ең әуелі Ресейдің ішкі аудиториясына арналған. Өйткені Путиннің президент сайлауына тағы да қатысуына мүмкіндік беретін Конституцияға өзгерістер енгізуді көздейтін 1 шілдедегі референдум билік ойлағандай өту үшін халықты жұмылдырғысы келеді.

Жұмабек Сарабеков "Путиннің сөзі Қазақстан мен Ресейдің ресми қатынасында қандай да бір конфликт туғызбайды, алайда көршілес елдермен арада сенімсіздікті күшейтеді. Сондықтан Ресей мұндай пікірге саяси жауапкершілікпен қарауы керек" деп санайды.

Сарапшылар соңғы кезде Путиннің рейтингі қатты түскенін, оған коронавирус пандемиясы да әсер еткенін айтады. Саясаттанушылардың сөзінше, Путин рейтингісін көтеру үшін реваншистік пікірлер айтып, ұлтшылдық, патриоттық рух көтергісі келеді, өзінің "орыс жерін жинаушы" образын насихаттаудан өзге ештеңе ұсына алмай отыр.

- Путин бұл сөзді Мәскеуде өтетін Жеңіс парады (бұл шараға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та барады деп хабарланды - ред.) қарсаңында айтып отыр. Өйткені парадты да Ресей билігі референдумды ойдағыдай өткізу үшін үгіт-насихат ретінде қолданғысы келеді. Путин бұрын да "ұлы державашыл" мәлімдемелер жасады. "Совет өкіметінің құлауы - ең үлкен геосаяси катастрофа" дегені де есте. Ресейде советтік кезеңдегі держава статусын сағынатындар бар. Олар Ресейді 1990 жылдардағы дағдарыстан шығарған, Ресейдің "әлем санасатын" статусын қайтарған бірден бір саяси лидер – Путин деген ресми үгіт-насихатқа сенеді, - дейді Сарабеков.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің сөзінше, ұлтшылдық пен империализмді құрал етіп үйренген Кремль тағы да бұрынғы әдісіне салған.

Ресей президенті Владимир Путин және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық ынтымақтастық форумында. Омбы, 7 қараша 2019 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық ынтымақтастық форумында. Омбы, 7 қараша 2019 жыл.

- Путин сөзін ішкі аудиторияға арнағанымен, "керек болса Қырым сияқты басқа жерлерді де тартып ала аламыз, империя екенімізді күшпен дәлелдей аламыз, Ресейдің шашырап кетпеуіне бір ғана кепілдік беретін менмін" дегісі келген сияқты. Оның арсеналында рух көтеретін басқа ештеңе қалмады, - дейді ол.

Нұрсейітов Қазақстан қоғамында Путин тарапынан айтылған осындай сөздер ылғи да қарсылыққа ұшырай береді деп санайды.

- Ресей Қазақстанның солтүстік өңірін Қырым секілді тартып алуы мүмкін деген қорқыныш бар. Бұл - бір жағынан біздің бұрын отар ел болғанымыздың белгісі, тіпті, генімізде қалған реакция секілді. Оның үстіне қоғамның өз билігіне де сенімі әлсіз. Біздің билік принципті мәселелер бойынша Ресей ұстанымынан ұзамайды. Өткенде Тоқаевтың "Комсомольская правда" газетіне берген сұқбаты да Ресей алдында ақталғандай әсер қалдырды, - дейді ол.

АҚШ-тағы Колумбия университетінің Орталық Азия елдері бойынша зерттеушісі профессор Александр Кули басқадай пікірде. Оның сөзінше, "жолдауын" көрші елдерге бағыттаған Путиннің көздеген мақсаты – пандемияға байланысты негізгі назары ішкі саясатқа қарай ойысқан еуразиялық кеңістікке өзінің кім екенін "еске салып қою" және "қайтадан бақылауына алу".

- Сыртқы қарым-қатынастың назардан тыс қалғанына үш ай болды. Барлығының көңілі ішкі істерге ауған. Осылайша Ресейдің аймақтағы мүддесі өзгермегенін әлемнің есіне салып қоймақшы. Путин болашақты көздеп, осы елдермен қарым-қатынастағы позицияларын күшейтіп алғысы келеді деп ойлаймын. Бұл – иә, Қытай бар, коронавирус дағдарысының ортасында отырмыз, бірақ әлемнің бұл бөлігінде "тәртіп" орнататын біздің бар екенімізді ұмытпаңдар деген белгі. Біз әлі осындамыз, сіздерге бірнәрсе жайлы қолқа саламыз, соңымыздан ересіздер деп ойлаймыз деген меңзеуі, - дейді Алдександр Кули.

"ПУТИН СӨЗІНДЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАЙШЫЛЫҚ БАР"

Ресей президенті Владимир Путин сөзіне тарихшылар да пікір білдірді. Совет өкіметі орнағаннан кейін Орталық Азия елдерінің аумағын межелеу саясатын зерттеген тарихшы Бейбіт Қойшыбаев "Путин сөзінде тарихи деректер мен құқықтық қайшылық бар" деп санайды.

- Путин "Совет одағын құрған елдер" деп айтты. Совет одағы 1922 жылы Ресей, Украина, Беларусь және Закавказье республикаларының құрылтайшылығымен құрылды. Оның өзі халықтың еркімен емес, большевиктердің шешімімен болды. Осы төрт мемлекеттің үшеуінің басшылығы 1991 жылы желтоқсанда Совет одағын құқықтық тұрғыда таратты. Сондықтан Совет одағының құрамына кіріп, Ресейден жер алып кетті деген сөздердің Қазақстанға еш қатысы болмауы тиіс. Қазақстан Совет одағы тұсында Орынбор, Астрахань, Омбы қалалары маңындағы қазақтың тарихи жерлерін Ресейге берді. Ол жерлерді патша өкіметінің өзі қазақ жері деп санаған болатын, - дейді ол.

Совет одағы тұсында Орынбор, Астрахань, Омбы қалалары маңындағы қазақтың тарихи жерлерін Ресейге берді. Ол жерлерді патша өкіметінің өзі қазақ жері деп санаған болатын.


Тарихшының сөзінше, большевиктер 1917 жылы патша өкіметі құлағаннан кейін құрылған Алаш Орда үкіметі мен Түркістан республикасын мойындаған жоқ. 1936 жылы Қазақстан одақтас республикаға айналғанда да халықтың еркі сұралмаған.

Бейбіт Қойшыбаев "қазіргі кезде бекітілген мемлекеттік шекараларды өткен тарихпен саудаға салуға болмайды" деп санайды.

Ал Ресей тарихшысы Сергей Абашин Facebook желісінде "Байырғы жеріміз деген ұғым болмайтынын оған кім түсіндірер екен? Ресей байырғы жеріміз деп есептейтін жердің бәрі – бір кездері отарланған, жаулап алынған, жергілікті тұрғындарды ассимиляциялап алған жер. Империя жерінің ұлттық республикалар мен автономияларға бөлінуі "сыйлық" еместігін, өзара шегіністер мен күрделі келісімдерден тұрғанын оған кім түсіндірер екен? Қазіргі Ресейдің, тарихи тұрғыдан былай қойғанда, заңды тұрғыдан да құқығы жоқ екенін, мұның басқа идеологиясы мен саяси жүйесі және құқықтық легитимдігі бар басқа мемлекет екенін оған кім түсіндірер екен? Оның тарихты, тілді, мәдениетті қорлауын тоқтатып, аузын жабатын адам табылар ма екен" деп жазды.

Путиннің пікіріне әлеуметтік желідегі реакциялар да көп күттірген жоқ.

Мәселен, Facebook қолданушыcs Askar Aisautov "Қазақстанның кіммен одақтас болып отырғаны енді түсінікті шығар? Еуразия экономика одағынан дереу шығу керек" деп жазса, Қарағанды қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі Айтқожа Фазыл "Путиннің мұндай сөзінен кейін Қазақстан президенті Ресейдің әскери парадына бармауы тиіс" деген пікір қалдырған.

Желіге шолу: "Путиннің сөзінен кейін Тоқаев Жеңіс парадына барудан бас тартуы керек"

"Путиннің сөзінен кейін Тоқаев Жеңіс парадына барудан бас тартуы керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

Қазақстан тәуелсіздігін алған соң бірнеше жылда Ресеймен және басқа да көрші елдермен арадағы мемлекеттік шекарасын өзара келісіммен бекіткен.

Алайда тәуелсіздік алып, шекарасын бекіткен постсоветік елдердің арасындағы аумақтық жанжал тоқтай қоймаған. 2014 жылы Ресейдің Украина жері болып саналатын Қырым түбегін аннексиялап алғанын дүниежүзінің көптеген мемлекеті айыптаған. Ресей мұны "тарихи әділдікті қалпына келтіру" деп бағалаған. Қазақстан Ресей әрекетіне түсіністікпен қарайтынын білдірген.

2014 жылы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымында "Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау туралы" резолюция қаралғанда Қазақстан ешкімді қолдамай, қалыс қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG