Accessibility links

"Ресейді Путин емес, чекистер тобы билейді"


Ресей президенті Владимир Путиннің суреті салынған жейде киіп тұрған адам. Санкт-Петербург, 21 тамыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Ресей президенті Владимир Путиннің суреті салынған жейде киіп тұрған адам. Санкт-Петербург, 21 тамыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Оның есімін Петербургтің саяси анықтамалықтарынан әлі табуға болады, бірақ бұрынғы депутат әрі қалалық үкімет мүшесі Андрей Корчагин бірнеше жылдан бері Ұлыбританияда тұрып жатыр. 2009 жылы өзі басқарған Жол қозғалысы ұйымы дирекциясында тінту жүргізіліп, орынбасары тұтқындалғаннан кейін ол Ресейден кетіп қалған. 2010 жылы оған бюджеттің сегіз миллион рубль ақшасын жымқыруға қатысы бар деген айып тағылған. 2010 жылы "Фонтанка" интернет-газетіне берген сұхбатында Андрей Корчагин ешкімнен жасырынбағанын, ал істі ойдан құрастырылған деп санайтынын айтып, тапсырыс берушілердің аты-жөнін атап берген.

Андрей Корчагин.
Андрей Корчагин.

2011 жылы ол қылмыстық істерді тапсырыспен қозғау схемасын жан-жақты сипаттап сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведевке хат жазған.

2012 жылы Лондонда тұратын бір топ ресейлік бизнесмен Халықаралық коррупцияға қарсы комитет деген ұйым құрылғаны туралы хабарлаған. Оның құрамына Андрей Корчагин де кірген. Комитет тексеруді жоспарлаған жоғары лауазымды коррупционерлердің тізімін жариялаған.

Көп кешікпей Корчагиннің Ресейде тұратын әке-шешесі мен ол 19 жыл бұрын ажырасып кеткен бұрынғы әйеліне ФСБ (Федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) қызметкерлері барып, оның қайда екенін сұрастыра бастаған. Корчагинмен жұмыс істеген "Адам құқығы үшін" қоры басшысы Лев Пономарев арнайы қызметтің үстінен прокуратураға шағыммен жүгінген. Пономаревтің сөзінше, Корчагин жайлы сұрастыру тәсілдері туыстарына қысым жасау арқылы қор қызметіне қысым көрсету мақсатын көздеген.

Ресей Корчагинге халықаралық іздеу жариялаған, сондықтан 2017 жылы сәуірде оны Хельсинки әуежайында ұстаған болатын. Ресей баспасөзінде оны жуырда елге депортациялайды деген хабар тараған, бірақ Финляндия полициясы Корчагинді қамауда ұстаудың және Ресейге беруге негіз жоқ деп тапқан. Сондықтан оны босатып, ол Ұлыбританияға оралған.


Қазір Андрей Корчагин 2014 жылы Соликамск қаласындағы өмір бойына сотталғандар отыратын "Белый лебедь" түрмесінде қайтыс болған Петербург заң шығару органында бірге жұмыс істеген бұрынғы әріптесі Юрий Шутовтың соңғы кітабын баспаға әзірлеп жатыр. Кезінде Анатолий Собчактың көмекшісі болып, ал сосын оның басты қарсыласына айналған публицистикалық шығармалардың авторы Юрий Шутовты тапсырыспен кісі өлтіру және қастандықтар ұйымдастырумен айналысқан қылмыстық топ құрды деп айыптаған. Андрей Корчагин бұл айыпты Владимир Путин мен оның адамдары ойдан құрастырғанына сенімді.

Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Андрей Корчагин өз тағдыры, Юрий Шутов, Владимир Путин және петербургтік бандиттермен таныстығы туралы айтып берді.

– Мен Ленинградтағы политехникалық институтты бітіріп, әуелі зауытта шебер болып, кейін "Пигмент" бірлестігінің бас механигі болып жұмыс істедім. Қайта құру басталған кезде кооперативтік қозғалыспен айналыстым. 1997 жылға дейін Петербургте табысты бизнесмендердің бірі болдым. Әжептәуір ақша тауып жүргенмін. 1997 жылы саясатпен айналысуды ұйғардым. Ол кезде Петербургте Яковлев губернатор болатын. Оның тұсында қалада муниципалды кеңестер құру ұйғарылды. Муниципалды депутат болып сайландым, ал кейін 1998 жылы заң шығару органы депутаты болдым. 2001 жылы губернатор Яковлев депутаттықты тастап, өз үкіметіне жұмысқа ауысуды ұсынды. Әлгі ұсынысты қабылдап, 2001-2003 жылдары Нева ауданын басқардым әрі Яковлев тұсында үкімет мүшесі болдым. 2003 жылы Яковлевтің губернаторлықтан кетуін өтінді, ал Матвиенко бірінші болып мені жұмыстан шығарды, өйткені көптеген ұсыныс жасағанымен, мен Яковлевті сатпадым. Бірақ мені мүлде қуып жібермей мемлекеттік мекеме директоры қызметін берді. Ал 2009 жылы ойдан құрастырып, үстімнен жалған қылмыстық іс қозғады, мені өлтіруге әрекеттер жасалды, сондықтан Ресейден қашып кеттім. Сол кезден бері шетелде тұрып жатырмын әрі өзімді өмірлік эмигрант ретінде сезінемін.

– Сіз қаланы бандиттер басқарып, мэрия шенеуніктерімен ым-жымы бір болған кезде бизнеспен айналыстыңыз...

– Бандиттердің бәрін – Кумарин, Петров, Малышевті және өзге де көптеген бандиттерді танитынмын. Константинов жазған "Бандиттер Петербургы" ("Бандитский Петербург") кітабында келтірілген тізімдегілердің бәрін білетінмін. Ол кезде бүкіл үкімет мүшелерін танитынмын. Бір жолы Путинмен жолығуға тура келген. Ол кезде әлі мэрдің орынбасары еді. Бұл 1994 немесе 1995 жыл болатын.

– Бұл маңызды кездесу ме еді?

– Мен үшін маңызды кездесу болды, ал ол үшін маңызды емес шығар. Голландықтармен бірлескен кәсіпорын ашқым келіп, оның қабылдауына барғанмын. Ол уақытта ол бірлескен кәсіпорын ашу туралы өтінішіме өзі қол қойып берген. Кәсіпорынды тіркеу үшін әуелі соның қолы керек болды. Оған кіру үшін Смольныйға бардым, ол кезде бұл оңайлау болатын, қазіргідей күзет жоқ. Бірақ оның қабылдауына кіру үшін біраз жүгіруге тура келді. Путин мені қабылдап, "жас бизнесмендер бірлескен кәсіпорын ашқысы келсе, құптаймыз" деп айтып, қағазға қол қойып беруге уәде етті.

– Ақша сұраған жоқ па?

– Ары қарай былай болды. Путиннің кабинетінен шықсам, қабылдау бөлмесінде хатшы ретінде Сечин отыр екен. Оған "Владимир Владимирович құжаттарға қол қойып беретін болды" дедім. Құжаттарға қол қойдыру үшін келесі кездесуді белгілеуін өтіндім. Сечин: "Өте жақсы. Қай кезде бос екенін қазір қарайын" деді. Бір қағаз алып шығып, онда жазылған санды – 10 және үш нөлді көрсетті. Ол кезде жас бизнесмен болатынмын, ештеңеден тайсалмайтынмын әрі шенеуніктерді жек көретінмін, олардың бәрін оңбаған адамдар деп санайтынмын. "Бұларың не?" деп балағаттап едім, Сечин "Неше түрлі қорларға неше түрлі әлеуметтік көмек көрсетуіміз керек екенін түсінесіз ғой" деді. Мен жақсылап сыбадым да, кетіп қалдым, содан қайтып алдарына барған жоқпын.

– 10 мың доллар ма?

– Иә, ол кезде бұл қыруар ақша еді. 10 мың долларға Петербургтің орталығынан 3-4 бөлмелі пәтер сатып алуға болатын. Мен төлеген жоқпын. Голландықтармен бірлескен кәсіпорын ашқым келген, ірімшік шығаратын жабдықтар сатып алуды жоспарлағанбыз. Бұл ұйымдастырудың өзіне қыруар ақша салуды қажет ететін шаруа болатын, ал әлдебір шенеунікке 10 мың доллар төлеу керектігіне ашуланып, бас тарттым.

– Максим Фрейдзон Путинге дәл осынша ақша төледім деп айтады.

– Олардың "ставкасы" осынша болатын, Путиннен бір нәрсе алу үшін 10 мың апару керек дегенді өзге адамдардан да естігенмін.

– Андрей, бандиттердің бәрін танитынмын деп отырсыз. Ал олар сізбен не үшін достасты?

– Бірақ олар менімен дос болатын деп айтқан жоқпын ғой. Олармен таныстығым әдеттегідей менің бизнесіме "қорғаныш" ("крыша") болайық деген ұсыныстан басталды. Бірақ олардың ұсынысын қабылдай алмадым. Өйткені бизнесті өзім жүргізетінмін, ешқандай мемлекеттік мүлікті жекешелендіріп алған жоқ болатынмын. Алғашқы кезде Петербургтің Петроград жағынан шағын дүңгіршек аштым. Кейін жөндеу және құрылыс жұмыстарымен айналысатын бизнеске айналдырдым. Біз зауыттарды – цехтарды, ғимараттардың сыртын жөндеумен айналыстық. Олар әлі мемлекет меншігі болатын. Ал кейін көмір, бензин, химиялық материалдар сатумен айналыса бастадым. Бандиттер "крыша" болайық деген ұсыныстар айта бастады. Мысалы, Кумариннің тамбовтық жігіттерінің бірі – "Фима-банщик" деген лақап есімі бар Александр Ефимов болатын. Олар "бізбен істес болып, кірістің бір бөлігін бізге беріп тұрасың" деп қоймады.

– Тамбовтық бандиттердің ұсынысынан бас тарттыңыз ба сонда?!

– Дәл солай, бас тарттым. Әуелгіде жасырын жұмыс істедім, ал кейін таныстарым арқылы өзге бандиттерді тауып, қайсыларың менен әлденені талап ететіндей мықты екендеріңді "өзара шешіңдер" дедім. Ақыры "Фима-банщикті" өзге іс бойынша бес жылға соттап жіберді. Ол портта бопсалаумен айналысқан. Мен әлдебір вакуумге тап болдым, ал бұл кезге қарай бизнесім өз-өзімді қорғауға шамам келетіндей деңгейде дамыған болатын. Сондықтан күзет кәсіпорнын жалдадым, ол кезде бәрі осылай істейтін, сондықтан қарақшылардың ұсыныстарын қайтарып тастадым.

– Ал Кумаринмен қалай таныстыңыз?

– Онымен кездесуді «Фима-банщик» ұйымдастырды. Кездесу Занев алаңында өтті. Ол жерде Петербургтегі алғашқы бірлескен кәсіпорындардың бірі "Швабский домик" деген мейрамхана болған. Екеуміздің кездесуіміз әлгі мейрамханада өтті. Өйткені әлгі территория Ефимовтің бақылауында болатын. Кумарин "менімен жұмыс істеуге тиіссің" деді. Ал кейін депутат болған кезімде Кумарин менімен достасқысы келді. Бұл кезде ол өзін қарақшы емес, бизнесмен ретінде көрсетіп жүрген болатын. Кейін көлігінде жарып жіберген депутат Виктор Новоселов екеуі қатты дос болатын. Әлгі Новоселов заң шығару органындағы кабинетінде Кумарин екеумізді жолықтырды. Кумарин "бәрін ұмытайық, бәрі қарақшылық жылдардың қателіктері ғой, енді бірлесіп жұмыс істейік" деді. Мен өте белсенді депутат болатынмын, менімен достасқысы келетіндер көп болды.

– 1990 жылдары Петербургте бизнеспен айналысқан адамдар Собчактың тұсында мэрия шенеуніктерінің баукеспе қарақшылармен ым-жымы бір болғанын айтады. Бұл жайлы естіп пе едіңіз?

– Дәл солай болатын. Әлгі Кумарин маған "Путинмен жақын араласамын, сондықтан Мәскеуде әлдебір мәселелеріңді шешу керек болса, маған айтсаң болды" деп ашық айтқан. Бұл 1999 жыл болатын, Путинді енді ғана ФСБ бастығы етіп тағайындаған кез. Кейін Черкесов деген біреу болды. Оны президенттің Солтүстік-Батыс федералдық округы бойынша өкілі етіп тағайындаған кезде Кумарин екеуінің "Таможня" деген мейрамханада кешкі ас ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырғанын көрдім. Мұны Кумарин де жасырған жоқ.

Сотталушы Владимир Барсуков (Кумарин) өзіне шығарылған үкімді тыңдап тұр. Мәскеу, наурыз, 2012 жыл.
Сотталушы Владимир Барсуков (Кумарин) өзіне шығарылған үкімді тыңдап тұр. Мәскеу, наурыз, 2012 жыл.

– Ал Кумаринді неге жазалап, түрмеге тығуды ұйғарды? Енді өмір бойына түрмеде отыратын шығар?

– Меніңше, мұның себебі Кумариннің тым көп, оның ішінде Путин туралы да көп білетініне байланысты. Ол айла-қулығы бір басына жететін адам болған, жұрттың бәрінің үстінен әшкерелеуші материалдар (компромат) жинағанды жақсы көретін. Менің үстімнен де жинауға тырысқан. Ал Кумариннің қолында Путиннің Петербургтегі былықтарын, оның жанармай компаниясын, "Астория " қонақүйін қалай жекешелендіріп алғанын әшкерелейтін көп компромат болған. Әрине, оның көзін жоя салу оңай болар еді, бірақ оны Путиннің емес, Путинге қарсы әлдебір ілік болғанын қалайтын айналасындағылардың нұсқауы бойынша қамап, түрмеде кепіл ретінде ұстап отыр. Меніңше, олардың Ресейді басқарып отырған КГБ-сында осындай дәстүр қалыптасқан. Ресейді жалғыз Путин емес, өздері "коллегия" деп атайтын және негізгі шешімдерді қабылдайтын тұтас ұйым басқарып отыр деп санаймын. Олар Путинді ресми өкіл ретінде таңдап, билікке әкеліп, президент қызметіне отырғызып қойды. Кумарин – сондай кепілгер, бірдеңе болып қалса, ол бәрін айтып қоюы мүмкін. Бұл – ресми көзқараспен сәйкес келмейтін жеке пікірім, бірақ мен дәл солай деп ойлаймын. Өйткені оның көзін жоя салу оңай болар еді ғой.

– Ал әлгі "коллегияға" кімдер кіреді деп ойлайсыз?

– Біріншіден, екі Иванов, Патрушев, Бортников, Черкесов, ал ол жақтағы негізгі адам – Владимир Иванович Якунин.

– Кейбіреулері шығып қалған, ал енді біреулері қуғынға іліккен тәрізді.

– Оларды қудалауда жүр деп санамаймын, бұл олардың өзіндік тәсілі, олар – Сергей Иванов та, Якунин де көлеңкеге кетіп жатыр деп санаймын. Екеуі биліктен шеттетілген сияқты болғанымен, тасадағы позициясында отырып үлкен рөл ойнайды. КГБ құрылымында бұл да көп тараған тәсіл. Оларға қазір сәл оппозиционер болып көріну ұтымдырақ болып тұр. Ал Черкесов тіпті сынауға тырысты ғой. Олар бір-бірімен басыбайлы байланған, бір-бірінен ешқайда кете алмайды. Бәріне ортақ міндет – Ресей деген елді басқарып, оның байлығын шамасы келгенше тонап, баласы арқылы әрекет еткен Якунин сияқты Батыста біртіндеп заңдастырып алу. Оның ұлы Лондонда инвестициялық қор құрып алып, миллиардтарды соған құйып жатыр. Абрамович те солай, бәрі сол арқылы жасалып жатыр. Әлбетте, Ресейді басқаруда Абрамович шешуші дауысқа ие емес, ол ақшаны Батысқа әкетіп, ол жақта азды-көпті заңды түрде пайдалануға болатын құр әмиян ғана.

– Сіз Путин мен Собчактың қас жауы Юрий Шутовпен дос болдыңыз, ол жұрт ойлағандай зұлым емес, құрбан деп санайсыз. Екеуіңіз қашан таныстыңыздар?

Журналист Николай Андрущенко 2017 жылы жұмбақ жағдайда қаза тапты.
Журналист Николай Андрущенко 2017 жылы жұмбақ жағдайда қаза тапты.

– 1998 жылы екеуміз де депутат болған кезде. Оған дейін оны танымайтынмын, бірақ кітаптары мен мақалаларын оқып тұратынмын. "Новый Петербург" деген газет болды, бір қызығы, ол әлі күнге дейін бар. Жуырда оның редакторы Николай Андрущенконы өлтіріп кетті. Өзін қандықол қанішер етіп шығарғанға дейін Шутов Петербургте кім болып еді? Ол кезде бизнес ортада жүрдім, қарақшылармен араласуға, олардың шабуылдарынан қорғануға тура келді. Бірақ Шутовтың бандасын ешкім білмейтін! Шутов жазушы әрі мақалаларын "Новый Петербург" газетінде үнемі жариялайтын публицист болған. Ол Собчакты, билікті сынайтын. Бұған қоса, Невзоровқа "600 секунд" деген хабарды дайындауға көмектескен. "Шутов материалдар әкеліп беретін, хабарды дайындауға көмектесетін" деп Невзоровтың өзі де сұхбаттарында мойындайды. Бірақ Невзоров Шутовты алғашқылардың бірі болып сатып кетті.

Юрий Шутовты сотқа әкеле жатыр.
Юрий Шутовты сотқа әкеле жатыр.

Шутов екеуміз алғашқы күннен танысып кеттік, мені оның жұмыстары, әсіресе Солтүстік-Батыс аймақтағы жекешелендіру қорытындыларын тексеру комиссиясында немен айналысқаны қызықтырды. Әлгі комиссияда жүріп ол Путин мен Собчактың үстінен көп компромат жинап алды. Марина Салье өз баяндамасына негіз болған материалдардың бәрін қайдан алды деп ешкім ойламайды.

– Шутовтан алған ба?

– Иә, Шутовтан алған. Шутовтың өзі Сальемен дос болған емес, ол ортодокстық демократияны жақтырмайтын. Ол кісі барынша консервативті көзқарастағы адам болатын, сондықтан либералдар мен демократтар Ресейді жарылқай қоймас деп санайтын. Бұл жағынан екеуіміздің пікіріміз үйлеспейтін. Ал әлгі комисия төрағасы Сальенің орынбасары заң шығару органы мен Ленсовет депутаты Юрий Гладков болды. Юрий Шутов материалдарын сол арқылы беріп отырды. Яғни бұл оны Путинге қарсы жасаған нақты қадамы болды. Бірақ Путин екеуі бұдан көп бұрын ұрсысып қалған болатын. Шутов Собчактың бірінші көмекшісі еді ғой, есіңізде ме? Ол кезде Собчак Шутовтың көмегімен Ленсоветтің төрағасы болған. Шутов халықтың арасында Собчактың даңқын шығару үшін бүкіл жұмысты атқарды. Кейін екеуі ұрсысып қалған кезде Шутов компромат жинауға кірісіп, Собчак пен Путиннің әсіресе жекешелендіруге қатысты қитұрқы әрекеттерін әшкерелеушіге айналды. Петербургтегі ең үлкен қонақүйлер кешені "Прибалтиканы" Якунин баласы Андрейдің атына жекешелендіріп алды деп алғаш жар салған да сол болатын. Путин "Асториямен" айналысты, бұған қоса, "Невский паласпен" айналысқан Геннадий Белик деген көзге мүлде түспей әрекет ететін адам болған.

– Сыртқы барлау қызметінен емес пе?

– Иә, ол 1982 жылы әшкереленіп қалған агент ретінде Франциядан қуылған сыртқы барлау қызметінің генералы. КГБ-ның бұрынғы мүшелерінің ортасында беделді болған әрі Якуниннің үлкен досы. Путин де мүшесі саналатын арнайы қызмет ардагерлері қауімдастығының төрағасы.

– Сіз Шутовты ойдан құрастырылған іс бойынша тұтқындады деп санайсыз ба? Оны кісі өлтіруді ұйымдастырды деп айыптаған еді ғой?

– Мен Шутовтың ісін әбден зерттедім, ол кезде Шутовты заңсыз қамауға ең бірінші болып мен қарсы шыққанмын. Бұдан бөлек, Шутовты бірінші рет босатып, бірақ бетперде киген қарулы адамдар бірден тұтқындаған Калинин сотында Шутов жағының куәгері ретінде сөйлегенмін. Ол кезде сотта біз оның жазықсыз екенін, оған тағылған айыптардың бәрі ешқандай негізі жоқ сандырақ айыптар екенін дәлелдеп шыққанбыз. 1999 жылы ақпанда тұтқындады, ал қарашада сот болып, судья Петрова оны босатты. Бетперде киген адамдар кіріп келіп, оны қайта қамауға алды.

Шутовтың алғашқы екі адвокатының үстінен қылмыстық іс қозғалды, ал кейін оны Андрей Пелевин деген адвокат қорғады. Ол кісімен талай сөйлескенмін, ол әлгі істің тас-талқанын шығарды. Бірақ Шутовты бәрібір өмір бойына бас еркінідігінен айырып, соттап жіберді. Сот "Кресте" (Петербургтегі тергеу абақтысы – ред.) өтті, өйткені оның омыртқасын сындырып, жарымжан етіп тастаған болатын. Ал бұған дейін сап-сау, денсаулығы мықты адам еді, Невзоровпен бірге парашютпен секіріп, штанга көтеріп жүрген. Сондықтан мен оны мүлде жазығы жоқ адам деп есептеймін. Ол Путин режимінің алғашқы құрбанына айналды. Путин билікке келгеннен кейін өзінің оппозицияның түбіне қалай жететінін дәл осы Шутовты соттау арқылы көрсетті. Шутов елдегі билікке чекистердің келуі қауіпті екенін 1998 жылғы мақалалары мен Петербург парламентінде сөйлеген сөздерінде ескерткен болатын, сол болжамы дұрыс болып шықты. Чекистермен бірге бүкіл әлемге қауіп төнді. Өкінішке қарай, ол кезде оған либералдар да, демократтар да араша түскісі келмеді. Ал Явлинский тіпті Шутовты соттап жіберген кезде оны "ар-намысымды таптады" деп айыптап сотқа арызданып, Шутов қорғана алмағандықтан жеңіп шықты. Мен ол кісінің жазықсыз екеніне сенімдімін. Түрмеде жазған кітабының қолжазбасы менде сақтаулы.

– Сіз оны түрмеде өлтіріп тастады деп санайсыз ба?

– Еуропаның адам құқығы сотында оның мүддесін танымал адвокат Каринна Москаленко қорғады. Ол маған "медициналық көмек дер кезінде көрсетпеген" деп айтты. Олар әдейі солай істеген, өйткені Еуропа соты шешімінен қорықты, сондықтан прецедентке айналып кетпесін деген оймен көзін жойды. Өйткені Путин мен оның айналасындағыларға Шутов ешкім естімеген әрі неге екенін, байып кетпеген әлдебір банданы ұйымдастырды деген болжамды ұстану керек болды. Мысалы, Кумарин, Малышевтің ұйымдасқан қылмыстық топтары баю үшін жанталасты ғой. Жалғыз Шутов қана қарақшылықпен айналысқан әрекетінен ешқандай бенефит алмаған әлдебір ұйымдасқан қылмыстық топтың лидері болып шықты. Петербургтің шетіндегі совет заманында алған пәтерінен өзге оның ештеңесі, мүлде капиталы болған жоқ.

– Түрмеде жазған кітабында не айтқан екен?

– Өзін қалай тұтқындағаны туралы тәптіштеп жазыпты. Оның үстінен арызды бірінші болып Кумариннің адамы – Вячеслав Шевченко жазған. Кумарин Шутовты жек көретін, өйткені Шутов оған кедергі болды. Шевченко "Шутов мені жарып жібергісі келіп саяжайыма баратын жолға фугас қойды "деп прокуратураға арыз жазды. Шутовты әлгі сандырақ арыздың негізінде тұтқындады, одан кейін "Шутов – қарақшы" деп мәлімдеген Цеповтың, Каляктың және Невзоровтың арыздары қосылды. Цеповты уландырып өлтірді. Калякты қарақшылар әлемі өкілдерінің бірі өлтірді. Ал Невзоров әлі тірі әрі тасы өрге домалап тұр. Шутов кітабында қазіргі "Архипелаг ГУЛАГ" деп атап, түрмедегі жағдайын сипаттаған. Адвокаттары оның қайда екенін білмеуі үшін, онымен сөйлесе алмауы үшін оны Петербург тергеу абақтысынан біресе Новгородтың, біресе Псковтың тергеу абақтысына әдейі апарған. Тергеу жеті жылға созылды, бұл да бұрын-соңды болмаған оқиға. Ол кітабында Путин туралы біраз қосымша ақпарат берген. Жуырда оны баспадан шығаруды жоспарлап отырмын. Өкінішке қарай, бұл тақырыпты қозғау қиындау болып тұр, өйткені оны тұтқындаған кезде Путин ақпарат құралдары арқылы билікке келгеннен кейін қарақшылықпен осылай күресіп жатқан адамның имиджін қалыптастырды. Шын мәнінде, ол өзінің сол кездегі ең қауіпті әрі қолында Путинге қарсы ең көп компромат болған саяси қарсыласының көзін жойды. Айтпақшы, Шутов жинаған компроматтың қайда жасырулы жатқанын әлі ешкім тапқан жоқ, ал оның бір жерде жасырын жатқаны анық. Бірақ оны ұстап отырған адамдар өмірі үшін қатты қауіптенеді, сондықтан шығармай отыр. Алайда ол компроматтар жарыққа шығатын кез туады деп ойлаймын.

Владимир Якунин.
Владимир Якунин.

– 2010 жылы сіз Лондонға кетіп қалдыңыз. Бұл жайлы – орынбасарыңызды тұтқындап, өзіңізді миллиондаған ақша жымқырды деп айыптағаны туралы көп жазылды. Ал сіз бұған губернатордың ұлы Сергей Матвиенконы айыптадыңыз.

– Дәл солай. Валентина Матвиенко губернатор қызметіне келген кезде Сергей менімен танысуға өзі әрекет жасады. Ол кезге қарай қалада танымал әрі өте белсенді адам болатынмын. Сергей өзін танымал бизнесмен ретінде көрсетеді. Бұған қоса, Дмитрий Михальченко деген тағы бір бизнесмен болған, ол қазір түрмеде отыр. Екеуі шетелден бірнеше миллион рубльге бағдаршам жабдықтарын алмақ болып мен басқарып отырған мемлекеттік мекеме бюджеті арқылы әлдебір қитұрқы схема ұйымдастырғысы келді. Ал жабдықтар дегені көз алдау болатын. Бірақ мұның бәрін қалалық бағдарлама түрінде бүркемелеп, ал кейін әлгі ақшаның ізін жасыра салуды ұсынды. Мен келіспей қойдым, өйткені ол кезге қарай үкіметте де жұмыс істеп, депутат та болып әбден ысылғанмын, сондықтан мұның арты неге соқтыратынын түсіндім. Ойлағандай шықпай қалса, олар құтылып кетіп, бәріне мекеме директоры ретінде мен жауап беретін едім, сондықтан ұсыныстарынан үзілді-кесілді бас тарттым. Бұдан кейін олар Якуниннен рұқсат алыпты, мұны кейін естідім. Айтпақшы, 2000 жылы Шутовты депутаттық қол сұқпау мәртебесінен айыру керек болған кезде Петербургке Якуниннің өзі келіп, депутаттарды дауыс беруге қыстаған. Менімен де қатаң сөйлесіп, қоқан-лоқы жасаған. Яғни сол кезден бері Владимир Иванович Якуниннің қас дұшпанына айналдым, өйткені оның айтқанына көнбей, Шутовты қолдаған болатынмын. Менің үстімнен прокурорға да, президент болып тұрған кезінде Ельцинге де неше түрлі хаттар жазды. Владимир Ивановичке "сізді қолдамаймын, өйткені бұл барып тұрған жүгенсіздік деп санаймын" дедім. Владимир Иванович мені сол кезден бері жек көреді. Михальченко мен Сергей Матвиенконың бетін қайтарып тастағаннан кейін олар Владимир Ивановичтен рұқсат алған, сосын ол кезде әлі ішкі істер министрлігінің Солтүстік-Батыс округындағы полковнигі болған генерал Виталий Быковқа менің үстімнен қылмыстық іс құрастыруды тапсырған. Бірақ маған қарсы ештеңе құрастыра алмаған, өйткені шын мәнінде, ештеңе жымқырған жоқпын, бай адам емеспін, мемлекеттік құрылымдарда қаншама жыл жұмыс істегеніммен, Петербургте тіпті саяжайым да жоқ болатын. Тіпті ешқашан өзіме жаңа көлік де сатып алмаппын, ылғи ұсталған көлікпен жүретінмін. Олар үстімнен іс қозғау үшін ешқандай ілік таппады. Сондықтан олар маған еш қатысы жоқ біреулер қолдан жасаған әлдебір сенімхатқа қатысты қозғалған істі жапсырды. Әлгі істің аясында менің екі адамымды – көмекшім мен қарапайым бизнесменді қамап қойды. Бизнесмен түрмеде үш ай шыдап, үш айдан кейін өзін де, "бұл істен хабардар болған" деп мені де қаралап куәлік етті.

Ал көмекшім шамамен бір жылдай шыдады, бірақ бір жылдан кейін әлбетте оның да сағын сындырды. Өзі жасы 60-қа таяп қалған кісі, ақыры қысымға шыдамай ол да өз-өзін және "бұл іске әлдебір қатысы болған" деп мені қаралап куәлік етті. Екеуін түрмеден шығарып, біреуіне 7,5 жыл, екіншісіне 6,5 жыл шартты жаза кесті. Екеуінің куәліктері негізінде маған қарсы іс құрастырды, ол әлі күнге дейін тергеу комитетінде, комитет бастығы Клаустың тікелей бақылауында жатыр. Олар мені қудалауды тоқтатпай отыр. Былтыр Интерпол арқылы Финляндияда ұстап, ол жақта біраз түрмеде отырдым, кейін Финляндия билігі мән-жайды анықтап, мені шығарды, тіпті өтемақы төледі. Ал маған қарсы істі құрастырумен айналысқан генерал Быковты былтыр түрмеге қамады. Сондықтан өмір кезек деген осы.

– Лондонда сіз Игорь Шуваловтың мәмілелері туралы материалдарды Ұлыбритания билігіне берген адвокат Павел Ивлевпен бірлесіп жұмыс істедіңіз...

– Ивлев Шуваловтың (Ресей үкіметі төрағасы Дмитрий Медведевтің бірінші орынбасары – ред.) адвокаты болған. Ол Шуваловтың атына тіпті Ресей заңдары бойынша заңсыз саналатын офшор компанияларды тіркеумен айналысқан. Шувалов әлгі компаниялар арқылы Лондоннан аса қымбат тұратын апартаменттер сатып алған. Бір кезде Павел Ивлев мұның бәрін жариялауды ұйғарды. Ол маған хабарласты, өйткені ол кезде ол Америкада, ал мен Лондонда болатынмын. Сондықтан мен аса үлкен алаяқтық қылмыстарды зерттеумен айналысатын Serious Fraud Office ұйымымен келістім. Бастығымен кездесіп, Абрамович, Шувалов және Усмановтың аты-жөні бар материалдарды оның өз қолына бердім. Әлгі материалдарға қарағанда, Абрамович пен Усманов әлгі офшорлар арқылы Шуваловқа пара беріп отырған, ал Шувалов әлгі ақшаға кейін Лондоннан жылжымайтын мүлік сатып алған. Бұл шаруамен өзім айналыстым. Қазір Абрамовичке инвестициялық виза бермей қойды, сондықтан бұл істе менің акциямның әлдебір әсері болған шығар деп ойлаймын. Абрамович сияқты жандарды Англияға кіргізбей қойса, құдайға шүкіршілік айтар едік.

– Путин мен оның достарының билікке қалай келгенін бақыладыңыз. "Путинизм" деп атайтын құбылысты қалай сипаттар едіңіз?

– Путинизмді "чекизм" деп атаған дұрысырақ болар еді деп есептеймін. Меніңше, құрылғаннан бері террористік ұйым болып келген КГБ-ның бір топ адамы, қызметкері елдегі билікті басып алды. Оның қызметі әрдайым халықты езуге, қорқытып-үркітіп ұстауға, демократияның кез-келген талпынысына, сөз бостандығына тосқауыл қоюға бағытталып келді. Совет одағының үкіметі бұл ұйымды халықты басып-жаншу үшін, биліктен айырылмау үшін пайдаланды. 1999 жылы олар билікті неге өз қолымызға алмасқа деп ұйғарды. Сондықтан бұл ұйым заңсыз жолмен билікті иемденіп, қазір бүкіл әлем бақылап отырған диктатура орнатты, елді диктаторлық амалмен басқарып отыр. Елді тонап, байлығын сіз бен біздің отанымыздан әкету арқылы абрамовичтер, усмановтар және вексельбергтер арқылы Батыста заңдастырып жатыр. Олар мұның бәрін балалары өркениетті әлемнің заңға бағынатын азаматтары ретінде өмір сүріп, қазір Ресейден ұрлап әкетіп жатқан қыруар байлықты пайдаланады деген үмітпен заңдастырып жатыр. Путинизм дегеніміз осы.

Владимир Путин мен Игорь Сечин. Мәскеу, 26 наурыз 2018 жыл.
Владимир Путин мен Игорь Сечин. Мәскеу, 26 наурыз 2018 жыл.

– Мұның артында қарақан бастарының пайдасын көздеген мақсаттан өзге ештеңе жоқ па?

– Меніңше, жоқ. Бұған қоса, атым бүкіл әлемге дүрілдеп жайылса деп армандайды. Бірақ бұл Путинге көбірек тән қасиет, қалғандары қазір көлеңкеге ығысты, оларға атын шығарудың керегі жоқ, халықаралық аренада өзін қолбасшы, мачо, альфа-еркек ретінде көрсетіп, бүкіл әлемді ядролық бомбаларымен Путин қорқыта берсін. Ал қалғандары қазір көлеңкеге тығылып алып, сонау 1990 жылдары Петербург бюджетін талапайға салып тонауды бастағанда мол дәулет жинап, оларды шетелде заңдастыруды көздеген мақсатына жетуге енді біртіндеп жақындап келеді. Меніңше, олардың ойы осы ғана, оларда ешқандай патриотизм жоқ. Біз олардың елді бүкіл әлемнен оқшаулап алғанын, халықты қорқыту-үркіту арқылы, шерулерді қуып тарату арқылы, бірдеңе деп айтуға тырысқан адамдарды Немцовты және одан бұрын бірнеше адамды өлтіргендей өлтіруге дейін барып ауыздарын жабу арқылы елімізді қалай тонап, оны қала кәрізі деңгейінен де төменге құлдыратып жібергенін анық көріп отырмыз.

– Әңгімеміздің бас кезінде өзіңізді өмірлік эмигрант санаймын дедіңіз. Бұл жүйені өзгертуге болады деп үміттенбейсіз бе?

– Мен үшін енді Ресейге оралудың мәні жоқ. Өйткені бұл жақта орнығып қалдым, бұл жақтың қоғамына бейімделіп алдым, бұл жақта шағын автотранспорттық бизнесім бар. Бірақ Ресейдегі бұл режим түбі бәрібір құлайды деп күнде ойлаймын. Ал ол тек бір жағдайда ғана – Ресейде бүкіл байлықты – табиғи ресурстарды да, адамдарын да, ғылыми-техникалық әлеуетін басып алып түкке тұрмайтын бір топ озбырдың езгісінде өмір сүріп жатқанын түсінетін адамдар, жастар көбейген кезде құлайды. Мұның бәрін түкке тұрмайтын бір топ адам иеленіп отыр. Мұндай адамдар қарасы көбейген кезде режим тот басқан атом бомбаларын қанша жерден бұлғаңдатып сес көрсеткенімен, билікті ұстап тұра алмайды. Қазір Батыс елдері санкция салып, сырттан қысым жасап жатыр, бұл да жақсы. Өйткені Ресейден ұрлап, Батысқа әкетіп, заңдастырып жатқан капиталдары – бұл адамдардың ең жанды жері. Егер әлгі капиталдарды Батысқа қалай әкелгенін толық тексерсе, оның бәрі ұрланған ақша екені ашылады. Сондықтан 1991 жылғы оқиға "түрлі-түсті революция" елдеріндегі, Украинадағы сияқты тағы болуы мүмкін. Ол жақта адамдар ел билеушілерінің не істеп жатқанына төзбей оларды биліктен лақтырып тастады ғой. Меніңше, кез-келген сәтте әрі тұтқиылдан мына адамдар да дәл сондай жағдайға тап болады.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Дмитрий Волчектің мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG