Accessibility links

Кремль саясатына қарсы жастар көбейген


Полиция шеруге шыққан бойжеткенді әкетіп барады. Мәскеу, 26 наурыз 2016 жыл.
Полиция шеруге шыққан бойжеткенді әкетіп барады. Мәскеу, 26 наурыз 2016 жыл.

Кремль құрған жүйеге наразы екендерін білдіріп, шеруге шыққан ресейліктердің арасында жаңа топ бар. Олар – Владимир Путиннің билігі кезінде кәмелеттік жасқа толған жастар.

Аяқ астынан туып, тұтас елді қамтыған шеру 2011-2012 жылдардағы Кремльге қарсы митингілерді еске түсіреді. Сол оқиғадан соң үкімет саяси үдерістерді қатаң бақылауға алған еді. Бұл жолғы ерекшелік – жасөспірім шақтан өтіп, жиырмаға аяқ басқан, Владимир Путин билігі тұсында өмір сүріп келе жатқан жастардың көптігі.

Наурыздың 26-сы күні полиция қарсылық шеруіне шыққандарды тұтқындаған кезде жастар оларға «Ұрыларды қорғаушылар» деп ысқырып наразылық білдіріп, «Бәрімізді қамау қолдарыңнан келмейді!» деп айғайлады.

Ресейдегі шеруден көрініс. Санкт-Петербург, 26 наурыз 2017 жыл.
Ресейдегі шеруден көрініс. Санкт-Петербург, 26 наурыз 2017 жыл.

ЖАСТАРДЫҢ ҮНІ

Орталықтағы Пушкин алаңында арнайы жасақтан қашып құтылған бірнеше жасөспірім жарық беретін бағанның қасында суретке түсіпті. Олардың біразы беттеріне жасыл бояу жағып алған, солайша оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйға өткен аптада жасалған шабуылды меңзейді.

Басқалары резеңке үйрек пен кроссовка алып келген. Навальный наурыздың 2-сі күні премьер-министр Дмитрий Медведевке қатысты жариялаған есепте жемқорлыққа қатысы бар заттар ретінде осылар көрсетілген еді.

«Мен қорықпаймын» дейді наурыздың 26-сы күні шеруге шыққан мәскеулік белсенді, 24 жастағы Олег Степанов. Достарының көбі қамауда отырған жігіт басқа митингілерге де қатысатынын айтады. «Ештеңе өзгерте алмасақ, болашағымыз болмайды» дейді Степанов.

Достарының қамалғанына 24 сағат өтсе де, оларды еркіндікке шығармапты. «Кеше алғаш рет көшеге шыққан жастар – болашағына сенетін жандар, қазіргі билік ұрлаған болашақтарын қайтарғысы келетіндер» дейді жас жігіт.

Осы кезге дейін саясаттан тыс немесе кремльшіл саналып келген Навальныйдың жас буынға ықпал ете алатыны осы жолы анық байқалды.

40 жастағы заңгер және жемқорлыққа қарсы күрескер Навальный желтоқсан айында келер жылы президент сайлауына түсетінін мәлімдеді. Оппозиционер жақында өзіне тағылған айыптардың ойдан шығарылғанын айтады. Бүкіл елде кеңсесін ашқан Навальный «Путин әлсіздігін білдірмес, өзімен бәсекеге түсуге мүмкіндік берер» деп үміттенеді.

Оппозиционер Алексей Навальный сотта отыр. Мәскеу, 27 наурыз 2017 жыл.
Оппозиционер Алексей Навальный сотта отыр. Мәскеу, 27 наурыз 2017 жыл.

Наурыздың 26-сы күні шеруге шыққандардың жасы туралы нақты сан жоқ, бірақ газеттерде «Жастар үндеді», «Жаңа толқын», «Мектеп жасындағы наразылық» сияқты тақырыптар көп болды.

Іскерлікке арналған «Коммерсант» газеті «шеруге шыққандардың жартысы – мектеп оқушылары мен студенттер» деп жазыпты.

Ал Олег Степанов пен басқа белсенділер бұндай дерекке келіспейді. Олар «шерушілердің 40-60 пайызы – 18-25 жас аралығындағы адамдар» дейді. Сібірдегі Томск қаласында Навальныйдың сайлауалды кампаниясы құрған штаб-пәтердің жетекшісі 25 жастағы Ксения Фадеева шерушілердің көбі осы жастағы адамдар екенін айтты. Томскідегі шеруді ұйымдастырушылар 1500-ге жуық адамның шыққанын айтып мақтанды.

– Жастар көп болды, бірақ олардың бәрі мектеп оқушылары деу қате» деді. Оқушылар да болды, бірақ көбі – біздің науқанға келген студенттер болатын, – дейді Фадеева.

Шеруге шыққан жастар. Санкт-Петербург, 26 наурыз 2017 жыл.
Шеруге шыққан жастар. Санкт-Петербург, 26 наурыз 2017 жыл.

«ЖАСТАР ТЕЛЕДИДАР КӨРМЕЙДІ»

Ресми деректерде қамалғандардың жасы көрсетілмеді. Бірақ «Интерфакс» агенттігіне аты-жөнін жасырған дереккөз Мәскеуде қамалғандар арасында жасы 18-ге толмаған (заңды тұрғыда кәмелеттік жасқа жетпеген) 46 адам болғанын айтқан. Ол балаларды ата-анасына қайтарған.

Саясаттанушылар мен оппозиция белсенділері жастардың Навальныйды қолдаудағы үш негізгі себебін атады. Фадееваның айтуынша, жастар мемлекет бақылайтын БАҚ-ты қарамайды, сондықтан Кремльдің үндеуіне елікпейді.

– Жастар теледидар көрмейді. Құрдастарымның ішінде теледидар қарайтындар аз. Олар жаңалықты интернеттен оқиды, ол жақта еркіндік бар, – деді Ксения Фадеева.

Наразылық шеруі. Санкт-Петербург, 26 наурыз 2017 жыл.
Наразылық шеруі. Санкт-Петербург, 26 наурыз 2017 жыл.

Олег Степанов та Фадееваның сөзіне қосылады. Мемлекеттік басылымдардан шеттетілген Навальный әлеуметтік желілерді жақсы пайдаланды. Ол зерттеулерін видео түрінде интернетке салады, Медведевке қатысты зерттеу ісі де сонда жарияланды.

– Митингіде жастардың көп болған себебі – олар интернетті жақсы меңгерген. Жастар Медведев туралы зерттеуді көрді, шамамен 15 миллион адам қараған. Бұл ақпарат БАҚ-та жарияланғанда жастар ғана келмейтін еді, – деді белсенді.

Тәуелсіз «Дождь» телеарнасына пікірін айтқан саясаттанушы Екатерина Шульман Навальныйдың имиджі жас буынмен байланысты дейді.

– Ол – жастармен сөйлесе алатын адам. Жастар ол үшін көшеге шығады, – дейді Шульман.

Саясаттанушы жастардың жүйеден көңілі қалғанын, жұмысқа тұру үшін тамыр-таныс табу немесе билікшіл қозғалыстарға қосылу керектігіне наразы екенін айтады.

Наурыздың 27-сі күні Кремль шеруді сынады, «оппозиция адамдарды арандатты» деп айыптады, полиция қызметкерлерін «қызметтерін мінсіз атқарды» деп мақтады.

Полиция шерушіні әкетіп барады. Мәскеу, 26 наурыз 2017 жыл.
Полиция шерушіні әкетіп барады. Мәскеу, 26 наурыз 2017 жыл.

«МЕКТЕПТЕ САЯСАТТЫ ТАЛҚЫЛАЙМЫЗ»

Билік рұқсат етпесе де, бүкіл елде ондаған мың адам шеруге шықты. 2012 жылдың мамырында Мәскеудегі Болотной алаңындағы шеруден соң бұл оппозицияның басын қосқан ең үлкен шеру болып тұр. Саяси шолушы Владимир Соловей жастардың белсенділік танытуына мән беру керек дейді.

– Жастар көшеге шықса, жағдай радикалды бағытқа бұрылады деген сөз. Барлық саяси дағдарыстарда, соның ішінде революцияда жастар әркез жағдайды өршітіп, авангардизм әкелетін. Ресейде олардың бас көтергені жағдайдың радикалдана бастағаны, – дейді Соловей.

Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков наурыздың 27-сі күні Ресей ақпарат агенттіктеріне «қамалғаны үшін жасөспірімдерге қаржылық сыйлық берген» деді, бірақ нақты дәлел келтірмеді.

Тергеу комитеті бұзақылық бойынша қылмыстық іс ашып, «жасөспірімдер ғана емес, барлық адамдар шеруге қатысқаны үшін ақшаға сатылған» деп мәлімдеді.

Ресейдегі наразылық шеруі. Воронеж, 26 наурыз 2017 жыл.
Ресейдегі наразылық шеруі. Воронеж, 26 наурыз 2017 жыл.

Мектеп оқушысы, 17 жасар Алена митингіге кездейсоқ қатысқанын айтты. Ол шерушілердің қасынан өтіп бара жатқан. Жас қызды қамауға алып, наурыздың 27-сі күні таңғы төртте босатқан. Алена шерушілер әкелген плакатты ұстап тұрған, онда Медведевке арнап: «Әлі жауап күтіп отырмын» деп жазылған және интернетте танымал мем – «Ждунның» суреті салынған. Алена оппозицияның ісін дұрыс санайды.

– Олармен біргемін дей алмаймын, бірақ оппозицияның мақсаты дұрыс. Мектепте саясатты талқылаймыз. Құрдастарымның арасында либералдар көп, қазіргі билікті қолдайтындар да бар. Ал басқалары ештеңеге бас қатырмайды, оларға не болса да бәрібір, – дейді оқушы қыз.

Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG