Accessibility links

Путинге қарсы экс-мэрдің саяси болашағы бұлыңғыр


Евгений Ройзман.
Евгений Ройзман.

Ресейде президент Владимир Путиннің саясатымен келіспейтін аймақ басшылары некен-саяқ. Солардың бірі – Екатеринбург қаласының мэрі Евгений Ройзман қызметінен кетті. Кремль қожайынына ашық қарсы шыққан Ройзман кім, оның ендігі тағдыры қандай болмақ?

КРЕМЛЬДІ СЫНАУШЫ

Евгений Ройзман - Кремль қатаң бақылайтын саяси жүйемен қабыспайтын тұлға. Ресейдің төртінші ірі қаласы – Екатеринбургтің батыл да тәуелсіз мэрі ретінде Ройзман президент Владимир Путинді ашық сынап, оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйды қолдаған.

Екатеринбургтің заң шығарушы органының мэр сайлауын алып тастау туралы өткен айда шығарған шешімімен келіспеген Ройзман мамырдың 22-і күні қызметінен кететіні туралы мәлімдеді. Саяси сарапшылар оның Ресей саясатындағы ендігі болашағы бұлыңғыр дейді.

Өзі басқарған қалалық кеңестің отырысында отставкаға кететінін жариялаған соң Азаттықтың орыс тіліндегі "Настоящее время" бағдарламасына сұхбат берген Евгений Ройзман: "Үйіме қайтам. Қоңыр тірлік кешеміз. Бұл – [өмірдің] басы ғана", – деді.

2013 жылғы мэр сайлауында Ройзманның биліктегі "Единая Россия" партиясының өкілін жеңіп шығуы – Ресейдің қазіргі заманғы тарихындағы электоралдық саясатындағы тосын оқиға болған еді.

Биліктің атына ащы сынымен ерекшеленетін популист Евгений Ройзман аймақтың Кремль қолдаған басшыларымен тіресіп, нашақорларды күштеп емдетіп, есірткі сатушыларды жіті қадағалауды көздейтін "Есірткіден ада қала" атты даулы бағдарламасының арқасында әйгілі болған еді. Оны тіпті есірткіге қарсы науқан кезінде нәсілшіл пікірлер айтты деп те айыптаған, бірақ өзі бұл айыптауды жоққа шығарады.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты, "Есірткіден ада қала" қайырымдылық қорының жетекшісі Евгений Ройзман "есірткіге тәуелділіктен емдеуге" оқшау орынға жатқызылған жасөпірімдермен әңгімелесіп тұр. 2004 жылғы сурет.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты, "Есірткіден ада қала" қайырымдылық қорының жетекшісі Евгений Ройзман "есірткіге тәуелділіктен емдеуге" оқшау орынға жатқызылған жасөпірімдермен әңгімелесіп тұр. 2004 жылғы сурет.

Ақырында 2003 жылы Ресей парламентінің төменгі палатасына депутат болып сайланған Ройзман 2007 жылы ол орыннан кеткен соң бірқатар саяси қозғалыстардың қатарында жүрген.

Жергілікті басқаруды жақтайтын, Мәскеудің өктемдігімен күресетін адам ретінде танылған Ройзман 2013 жылғы Екатеринбург мэрі сайлауында Кремль қолдаған бәсекелесін жеңіп, қала басшысы болып сайланған.

Сол кезде президент Путиннің өзі Ройзманның жеңісін "елдегі саяси плюрализмнің жарқын көрінісі" деп атаған. Режимді сынаушылар Кремльді демократиядан алшақтап, саяси оппоненттерге қысымды күшейтіп отыр деп айыптаған тұста Путин: "Ол [Ройзман - ред.] – ерекше адам. "Жүйелі емес" деп аталатын оппозицияның өкілі. Барды да, жеңіп шықты", – деген болатын.

БИЛІК ӨКІЛЕТІ ШЕКТЕУЛІ МЭР

Екатеринбург мэрі ретінде Ройзманның өкілеті тым шектеулі еді, себебі атқарушы биліктің көп тармағы қала әкімшілігі басшысының қолында болды.

Бірақ ол 1,4 миллион халқы бар қалада біршама беделге ие болды, әрі оның саяси абыройы – қызметінің арқасы емес дейді Ресейдің Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының сарапшысы, саясаттанушы Екатерина Шульман.

"Біздің мемлекеттік қызметте мұндай адамдар некен-саяқ, тіпті оларды санап шығуға жалғыз қолдың саусақтары жеткілікті... Қазіргі Ресей саясатындағы мемлекеттік қызметкерлер елеусіз, бейшара күйде қалып, қызметтерін сақтауға тырысады", – деді Шульман "Азат Еуропа/Азаттық" радиосына берген сұхбатында.

Екатеринбург мэрі Евгений Ройзман Свердлов облысы губернаторын сайлау мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында. Мәскеу, 18 шілде 2017 жыл.
Екатеринбург мэрі Евгений Ройзман Свердлов облысы губернаторын сайлау мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында. Мәскеу, 18 шілде 2017 жыл.

Шульманның айтуынша, 55 жастағы Егвений Ройзман электоралды саясатта қаламын десе, ең дұрысы – заң шығарушы органға ұмтылу. "Оның мэр не губернатор қызметтеріне жолы жабылды деп айтуға болады" дейді сарапшы.

- Мұндай сайлаулар өте қатаң бақыланады, көпшілігі сайлауға жіберілмейді, – дейді Шульман.

"ЖҮЙЕДЕН ТЫС" ОППОЗИЦИЯ

Бес жылдық қызмет мерзімі биыл қыркүйекте аяқталуы тиіс болған Ройзман өткен жылы Кремль жасаған заңдық механизм оның губернатор сайлауына түсуіне мүмкіндік бермеді деп шағымданған. Бұл қызметті биліктегі "Единая Россия" партиясының кандидаты Евгений Куйвашев жеңген. Ресей Орталық сайлау комиссиясының басшысы Ройзманның таққан айыптарын жоққа шығарған.

Парижде орналасқан R.Politik зерттеу орталығының басшысы Татьяна Становаяның айтуынша, Ройзман Кремль бекіткен саяси жүйеден тыс жүрген Алексей Навальный сынды оппозициялық күштердің қатарына қосылуы мүмкін.

- Түрлі варианттарды қарастырар болсақ, оның бір ғана жолы бар. Ол – режимге қарсы әрекет етіп жатқан жүйелі емес оппозиция қатарына қосылып, күресті жалғастыру, - деді Становая Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Ройзман да Навальный тәрізді Путинді алты жыл мерзімге Кремль билігіне қайта отырғызған наурыздың 18-і күні өткен президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған. Сыншылар бұл сайлауды "шынайы бәсеке болмаған, көзбояу сайлау" деп атаған.

Сонымен бірге Ройзман Путиннің инаугурациясы қарсаңында, мамырдың 5-і күні бүкіл Ресей аумағында Навальный өткізген шерудің Екатеринбургтегі акциясына қатысқан.

"Азат Еуропа/Азаттық" радиосы мен "Америка дауысының" бірлескен жобасы – "Настоящее время" телебағдарламасына мамырдың 22-сінде сұхбат берген Евгений Ройзман Екатеринбург қалалық заң шығару органы депутаттарының мэр сайлауын алып тастау туралы шешімін өткір сынға алып, мұны "қала мен оның азаматтарының мүдделерін сату" деп атаған.

- Бұл – барлық жергілікті кеңестердің мәселесі. Қазір жергілікті кеңестер бұрышқа тығылған. Олар біртіндеп биліктен де, қаржыдан да, тікелей сайлаудан да айырылып жатыр, - деді Ройзман.

Евгений Ройзман Екатеринбург мэрін тұрғындардың төте дауыс беру жолымен сайлау жүйесін жоюға қарсы шеруде сөйлеп тұр. 2 сәуір 2018 жыл.
Евгений Ройзман Екатеринбург мэрін тұрғындардың төте дауыс беру жолымен сайлау жүйесін жоюға қарсы шеруде сөйлеп тұр. 2 сәуір 2018 жыл.

"Қалалары әлсіз мемлекет күшті бола алмайды. Тек қалалары күшті ел ғана күшті болады" деп санайды ол.

Ройзман болашаққа жоспары туралы мамырдың 22-сінде "Эхо Москвы" радиосының сұрағына: "Мен тарихшы, ғалым әрі жазушымын" деп жауап берді. Бұған қоса ол жеке қайырымдылық қорының жұмысын жүргізетінін айтқан.

- Саяси жағынан бұл сала қирап, тып-типыл болды. Соған қарамастан, көптеген ұсыныс бар. Маған сұраныс болады, мұны жақсы білемін, – деді Ройзман.

(Карл Шректің мақаласы ағылшыннан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG