Accessibility links

Ресейдегі тәуелсіз саяси тұлғалардың бірі, елдің төртінші ірі қаласының мэрі Евгений Ройзман алдағы губернаторлар сайлауында тағы жеңіп шығатынына шүбә келтірмейді, егер сайлауға қатыстырылса, әрине.

Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында: "Жеңіп шығарым анық" дейді 2013 жылы президент Владимир Путиннің "Біртұтас Ресей" партиясынан үстем түсіп, Екатеринбург мэрі болып сайланған Ройзман.

Бірақ 54 жастағы Ройзманның Свердлов облысындағы жақтастары қыркүйектің 10-ында өтетін сайлауда өздері қалаған кандидатқа дауыс бере алмайтын сияқты. Аймақ сайлауының соң іле-шала келесі жылғы наурыздың 18-інде өтетін президент сайлауына Путин тағы қатысып, кезекті мәрте билігін ұзартады деп болжанады.

Ройзман мен басқа да аймақтардағы кейбір саясаткерлер "муниципалдық сүзгі" атанып кеткен заңды механизмнің кесірінен сайлауға түсе алмай қалатындарын айтады. Сыншылар бұл механизм Кремль қолдайтын кандидаттарға аймақтарда күшті бәсекелес қарсы шығып, қатер төндірмеуі үшін жасалған деп санайды.

Бәсекеге түспес бұрын губернаторлыққа үміткерлер өз облысындағы заң шығарушылардың 5 пен 10 пайыз арасындағы бөлігінің қолдауына ие болса ғана тіркеледі.



2012 жылы бұрынғы президент Дмитрий Медведев губернаторлар сайлауын өткізуге рұқсат берген соң ойлап табылған бұл "сүзгі" тәсілі бойынша бәсекеге түспес бұрын губернаторлыққа үміткерлер өз облысындағы заң шығарушылардың 5 пен 10 пайыз арасындағы бөлігінің қолдауына ие болса ғана тіркеледі.

Кремль 2011-2012 жылғы Путиннің билікке қайта оралуына қарсы жаппай халық толқуынан соң Ресейдегі саяси ландшафты бақылауын күшейткен. Ол кезде жүздеген мың адам парламент пен президент сайлауының нәтижесі бұрмаланды деп наразылық танытқан еді.

Содан бері Ресейдің барлық аймақтарында Путиннің "Біртұтас Ресей" партиясы жергілікті заң шығарушы ұйымдарда, яғни облыстық һәм аймақтық думаларда саяси көпшілік болып отыр. Сарапшылар мұндай жағдайда Ройзман сияқты бірді-екілі тәуелсіз кандидаттардың қажетті қолдауға ие болуы қиын екенін айтады.

"Муниципалдық сүзгі" тәсілін жақтаушылар осындай жолмен өзін-өзі ұсынатын, көпке белгісіз ұсақ-түйек үміткерлерді әу бастан өткізбей тастауға болады деп ойлайды. Ал Ройзманның пікірінше, бұл саясат Свердлов облысында биыл Путин губернатор міндетін атқарушы етіп тағайындаған Евгений Куйвашевқа өңшең әлсіз бәсекелесті сұрыптап береді. "Алаңды түгел тазартып шықты" дейді ол.

Ройзманның сыншылары қаланың мэрін облыс губернаторының сайлауына түсу үшін әуелі қол жинап та көрмеді деп айыптайды.

Элла Памфилова, Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының басшысы
Элла Памфилова, Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының басшысы

Ресейдің орталық сайлау комиссиясының басшысы Элла Памфилова: "Ройзман мырзадай қайтпас һәм жоғары лауазымды шенеунік, әкімшілік ресурстары мол үлкен қаланың мэрі режим қыспағына ұшыраған әлсіз құрбанға айналды дегенге сену қиын" деді РБК телеарнасына берген сұхбатында.

Бірақ Ройзманның сын-ескертпесі мен қаупі бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин құрған сараптама орталығының зерттеу материалында негізді болып көрінеді. Тамыздың 14-інде жарияланған сараптамада "муниципалдық сүзгі" механизмінің алдағы сайлау кезінде балама таңдау жасауға біржола дерлік шектеу салатыны жазылған.

Жазба авторлары: "Көптеген сайлауға қатысуға әлеуетті, халық қолдауына ие әрі тәжірибелі кандидаттар электоралдық процеске қатыса алмай отыр" деп тұжырымдайды. Сараптамада 2004 жылы Путин Бесландағы терактіден соң аймақ сайлауын тоқтатқанда "бәсекесіз губернаторлар сайлауы" сирек құбылыс болғанын, ал қазір, керісінше, бәсекелі сайлаудың сирек құбылысқа айналғаны көрсетілген.

Памфилова сүзгі механизмі Ресейдің федералдық кеңесінің Коммунистік партия атынан сайланған мүшесі Вячеслав Мархаевтың қайта сайланбауы үшін Бурятия аймағында қолданылғанын айтады.

Пермь облысында губернатор Максим Решетниковке бәсекелес ретінде сайлауға түсуге ниет еткен екі күшті үміткердің облыстық думада қажетті дауыс жинай алмағаны хабарланды. Екі үміткердің бірі Константин Окунев өткен айда Путинге өтініш айтқан видео жариялап, жергілікті заң шығарушылардың құрбанына айналғанын мәлімдеген.

"Губернаторлар сайлауы фарсқа, клоундар шоуына айналып барады" деген Окунев.

Ресей президенті әкімшілігі жетекшісінің ішкі саясат бойынша бірінші орынбасары Сергей Кириенко өткен айда "Коммерсант" газетінде сүзгі механизмі жекелеген адамдарды сайлаудан шеттету үшін қолданылып жатса, жетілдірілуі керек деген пікір айтып қалған.

Мәскеу жоғарғы экономика мектебінің сарапшысы Николай Петров Азаттыққа берген комментариінде "муниципалдық сүзгі" механизмінің губернаторлар деңгейіндегі саяси бәсекені шектеуі Ресейдегі жалпы саяси жағдай өзгермей тұрып ерекше маңызға ие еместігін айтады. Оның сөзінше, 2013 жылы оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Мәскеу мэрінің сайлауында екінші орын алған соң Кремль аймақ сайлауларына жасанды бәсеке сипатын бітірмек болған. Бірақ 2014 жылғы наурызда Ресей Украинадан Қырымды аннексиялап алған соң ахуал күрт өзгерген.

"Кремльге бәсекелі сайлаудың, дауыс берушілердің көптігінің қажеті жоқ. Бұл жолы аймақ сайлауларын у-шусыз, ылдым-жылдым өткізіп жібергісі келеді" дейді Петров.

"Яблоко" партиясының атынан губернатор сайлауына түскісі келгенімен Свердлов облыстық дума құжаттары түгел емес деп кандидат ретінде тіркемей отырған Ройзман жеңіп шығатыны анық болғасын жолы кесілгенін айтады.

Кейбір саяси сарапшылар оның сөзіне сеніңкіремейді.

Кудриннің сараптама орталығының қызметкері Александр Кынев: "Меніңше, Евгений Ройзманның жеңіп шығатын шамасы жоқ. Бірақ жақсы нәтижеге қол жеткізер еді. Екінші орын алар еді" дейді Азаттыққа.

Ал Ройзман бойындағы сенімін сынап көрудің бір-ақ жолы бар екенін айтады. "Сайлауға қатыстырыңдар мені" дейді ол.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG