Accessibility links

"Вокзалда тұрып жатқандаймыз"


Польшамен шекарада тұрған Калининград тұрғындары. 29 тамыз 2016 жыл.
Польшамен шекарада тұрған Калининград тұрғындары. 29 тамыз 2016 жыл.

Ресейдің ақшасына Еуропа тауарын алып өмір жүріп жатқан Калинининград облысына губернатор болып 30 жастағы жігіт тағайындалды.

Ұлыбританиялық BBC-дің Орыс қызметінің жазуынша, Ресей президенті Владимир Путин Калининград облысының басшысын екі ай ішінде екінші рет өзгертті. 6 қазанда тағайындалған жаңа губернатор 30 жастағы Антон Алиханов Калининградқа былтыр ғана Мәскеуден келген. Алдымен ол үкіметтің аймақтағы өкілінің орынбасары, тамыз айынан бастап төрағасы болған. Бұрын Мәскеуде жүрген кезінде өнеркәсіп және сауда министрлігінде департамент басқарған. Алихановтың алдында облыста губернатор болған Евгений Зиничев өз еркімен қызметтен кетті. Зиничев те Алиханов сияқты Калининград өңіріне сырттан келіп, 2015 жылы Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің осы өңірдегі басқармасын басқарған. Оның өмірбаянындағы 1987 мен 2015 жылдардың арасын «мемлекеттік қауіпсіздік саласында түрлі қызметтер атқарды» деген бір ғана сөйлем сипаттайды. Зиничев екі ай губернатор болған кезінде осы 28 жыл ішінде нақты не қызмет қылғанын айтпаған күйі, журналистермен жүздеспеген бойы Мәскеуге қайтты. Кейбір деректерге қарағанда Зиничев те өзімен қатар 2016 жылы губернатор болып тағайындалған Алексей Дюмин (Тула облысы) пен Дмитрий Миронов (Ярославль облысы) сияқты президент күзетінде қызмет еткен.

Ресей президенті Владимир Путиннің Калининград облысына келген кезі. 26 шілде 2015 жыл
Ресей президенті Владимир Путиннің Калининград облысына келген кезі. 26 шілде 2015 жыл

Калиниградта жаңа басшы Алихановты есептегенде 1991 жылдан бері жеті губернатор ауысқан. Ең қысқа уақыт – екі ай Зиничев отырған. Ресейдің жаңа тарихында президент тағайындаған губернатордың екі айдан кейін өз өтінішімен қызметтен кетуі болған емес. Калининград облысын бұрын-соңды жас басшы басқарған жоқ, заң бойынша жетекшінің жасы 30-дан аз болмауы керек, Алиханов 30-ға 17 қыркүйекте ғана толған. Бұл облысты 2000 жылдан бері аймақққа қатысы жоқ, бұл өңірде тұрмаған басшылар басқарып келеді.

BBC ақпарат агенттігінің Орыс қызметі Калининград тұрғындарынан Ресей орталығынан алыс, Еуропаға жақын жердегі тұрмыс-тіршіліктің жай-жапсарын сұраған. Аты-жөндерін толық көрсеткісі келмеген адамдар өздерін «вокзал тұрғындарымыз» деп сипаттаған.

Саша есімді 50-ге таяған тұрғынның сөзі

- Тәуелсіздік күні Польшаға өтер шекарада ұзын-сонар кезек болды. Сегіз сағат тұрдық. Облыстың бар тұрғыны Польшаға жолға шығыпты. Ресейдің тәуелсіздік күніндегі сиқымыз. Кішкене қызыма қажетті "памперс", ауыз су, бала тамағы сияқты керекті дүниенің бәрін Польшадан тасимыз. Ресейдікін алмаймын. Өйткені қымбат. Өзім ресейшілмін. Бірақ сапасы нашар тауарға артық ақша төлегім келмейді.

Польшадан тасимыз. Ресейдікін алмаймын. Өйткені қымбат. Өзім ресейшілмін. Бірақ сапасы нашар тауарға артық ақша төлегім келмейді.

[Георгий] Боос (2005 - 2010 жылдардағы губернатор) Калининградта мұнай өңдейтін зауыт салғысы келіпті дейді. Мәскеуге барған екен, зауыт салуға рұқсат бермепті. Онысы түсінікті. Бұл жерге мұнай өңдейтін зауыт салынса, аймақ экономикалық дербестік алар еді. Бензин бәріне керек қой. Бізде міне, порт бар. Керек кезде Мәскеу бензинінен бас тартып, норвегиялықтардан сатып алуға болар еді. Ал, бізде балықтан басқа ештеңе жоқ. Атом электр станциясын салғысы келген. Одан бензин шықпайды. Бірақ, пайда ғой. Бірақ, ол да жоқ.

Санкция басталған кезде (Ресейге Батыс салған санкция - ред.) Польшадан азық-түлік тасуға тыйым салынды. Одан өзгерген дым жоқ. Бұрын қалай тасыса, қазір дәл солай әкеліп жатыр. Кеденші менен «бірдеңе алып келе жатырсың ба?» деп сұрайды. Көзіне тік қараймын да «жоқ» деймін. Сөзіме сенгендей кейіп жасай салады. Олар да адам ғой. Түсінеді. Польша шұжықтары біздікінен әлде қайда арзан әрі дәмді. Шекарашылардың өздері соны жейді. Бірде көлігімнің артында сиыр етінің шұжығы жатқан. Беті жабылмай қалыпты. Оны көрген шекарашы «ең болмаса, көрсетпей жауып қойсаңшы» дегеннен басқа ештеңе айтпады.

Олар аптаның бес күнінде НАТО-ға қарсы митинг өткізеді, ал демалыс күндері шұжық алу үшін НАТО-ға барады. Комедия.

Қалада Донбасқа баруға (Украинада соғыс жүріп жатқан аймақ - ред.) шақырып жүргендер бар. Бәрі көліктерін жалаушалармен безендіріп алған. Солардың Польшадан ет пен шұжық тасып жүрген сәттері шекара маңында талай мәрте суретке түсірілді. Олар аптаның бес күнінде НАТО-ға қарсы митинг өткізеді, ал демалыс күндері шұжық алу үшін НАТО-ға барады. Комедия.

[Сергей] Шойгу (Ресейдің қорғаныс министрі - ред.) Литвамен шекаралас аймақты тікұшақтан көргісі келіпті дейді. Аспаннан жерге қараса, шекара бойындағы ғимараттар түгел бұзылған. Калининградтағы бизнестің түрі мынадай: бұрын немістер салған ғимараттарды тұтастай бұзып, кірпіштерін поляктар мен латыштарға сату.

Алексей есімді 30 жастағы тұрғынның сөзі

– Мәскеуге демалуға бір рет барғам, ұнамады. Ол қалада не істеуге болады? Түсінбеймін. Бізде «Мәскеуге барып, Арбатта қыдырдым» десеңіз, «Ақымақсың ба!?» дейді. Мәскеу мұнай мен газдың ақшасын Калининградқа жіберіп жатыр. Ол ақшаны айлық ретінде аламыз да, Еуропаға барып жұмсаймыз. Калининградтың [өздігінен] дамығаны кімге керек? Бізге осы жағдаймыз ұнайды. Мәскеуден ақша алып, оны Еуропаға шашамыз. Бұл жерден кетіп не керек?

Бізге осы жағдаймыз ұнайды. Мәскеуден ақша алып, оны Еуропаға шашамыз. Бұл жерден кетіп не керек?

Балық шаруашылығынан басқа ештеңе жұмыс істемейді. Калининградтықтар нарық бәсекесіне түсіп, көрші Литвадағы сияқты жақсы айлық алғысы келмейді. Мәскеудің мол қаржысы және Еуропаның сапалы тауары ғана керек. Калининградта көп ақша тапқан адам Испаниядан үй сатып алады. Отбасын сонда апарып, байлығын сол жақта жұмсайды. Болмаса Францияға барады. Мұнда суық, күн көзін көргісі келеді.

Біз вокзалда өмір сүріп жатырмыз. Әне-міне көшуге дайын отырған төртінші буынбыз. Иә, вокзалда өмір сүруге болмайды. Бірақ үйреніп кеттік. Вокзалымыздан Еуропаға жүрдек поездар жүреді.

Сергей атты 20 жастағы тұрғынның сөзі

– Мұнда қазір әскери қызмет жақсы. Айлығы көп. Бұрын қыздар әскери адам көрсе, айнала қашатын. Ақшалары жоқ, кедей еді. Қазір қыздар жас лейтенанттарға күлімдей қарайды.Олардың айлықтары жоғары, ипотеканы оңай шартпен алады, зейнетке ерте шыға алады. Казактар да мықты жүреді. Аттарына мініп алып, қылыштарын тағынып, бас киімдерін тастамай киіп жүреді. Онысы дұрыс.

– Көлігің бар ма? Ресейдікі ме?

– Бар. Неге Ресейдікі болу керек? Немістің BMW-сы. Былтыр Польшадан сатып алғам. Ескілеу. Әкем екеуміз жақсылап жөндеп алдық. Қазір әп-әдемі. Орындықтары қап қара былғарыдан, моторы сағат сияқты сыр бермей істейді.

– Польшаға жиі барасыңдар ма?

– Апта сайын. Шұжықтары мен сыралары керемет. Былтыр маған бір поляк орыстарды ұнатпайтынын айтты. Кәрі қақпастың айтқан сөзін көрдіңіз бе? Басқа «проблема» жоқ.

XS
SM
MD
LG