Accessibility links

Қоқан-лоқы, бандиттер және әкімшілік ресурстар


Ресейдегі сайлауға үгіт парақтарының бірі. Краснодар, 29 тамыз 2017 жыл.

Ресейде 2017 жылы қыркүйектің 10-ында кезекті бірыңғай дауыс беру күні өтеді. Бұл күні 16 аймақтың губернаторын, ішінде Мәскеу қаласы да бар алты аймақтық және 11 қалалық заң шығару органы басшыларын, 5 мың муниципалды билік басшылары мен жергілікті өзін өзі басқару органдары депутаттарын сайлау жоспарланған.

Сарапшылардың мәлімдеуінше, соңғы жылдары саяси партиялар тарапынан аймақтық сайлауларға қызығушылық рекордты деңгейде кеміген. Бірақ бұған қарамастан, олар бәрібір сайлауға түседі, ал билік әкімшілік ресурстарды әдетінше өрескел пайдаланады.

Сайлау қарсаңында кандидаттар көптеген заң бұзушылықтар мен сайлаушыларға қысым жасау оқиғалары жайлы мәлімдеп жатыр. Мысалы, Мәскеудің Дон аудандық депутаттығына кандидат Эдуард Распопиннің хабарлауынша, оның үгітшілеріне шабуыл жасалған, бұған қоса мүгедек баланың анасын «сайлауға келіп, "дұрыстап дауыс бермесе", баласын жәрдемақыдан айырамыз» деп қорқытқан.

Кішкентай қыз баланың басын жарамыз деп қорқытып, ұл баланы бетінен ұрған.

– Бірнеше күн бұрын екі үгітшіме шабуыл жасап, екі плакатты жыртып кетті. Кішкентай қыз баланың басын жарамыз деп қорқытып, ұл баланы бетінен ұрған. Менің сайлау науқанымда осындай сорақылықтар болып жатыр. Бұл жайында полицияға арыздандым. Қолымда мұны істеген адамның видеосы бар. Куәлер оны танып отыр. Оны видеоға жазып алдық. Енді мұның бәрін полицияға апарып береміз. Енді жағдай қалай өрбитінін білмеймін. Меніңше, бұл – барып тұрған сорақылық. Ал әлгі қоқан-лоқы жасалған әйелдің аты – Светлана, ол мұны ашық айтуға қорқады. Ол кісімен сөйлестім. Оның айтуынша, «бәрі ойдағыдай болсын десеңіз, сайлауға келіңіз» дегенді оған тұспалдап жеткізіпті. Мен өткізетін кездесулерге де бармауды тұспалдап айтыпты, – дейді Эдуард Распопин.

Эдуард Распопиннің сөзінше, Светлананы аудандық әлеуметтік қамту департаментінің өзін таныстырмаған қызметкері қорқытқан. Қысым жасау фактісін дәлелдеу қиын. Распопиннің айтуынша, оның үгіт плакаттары болмаса, алдағы демалыс күні Мәскеудің Дон ауданында муниципалды сайлау өтетінін тұрғындардың есіне салатын ештеңе жоқ.

Әлгі плакаттарына «Қанеки, шай демдейік" деген сөз жазған.

– Бәсекелестерім – 26 адам. Ішіндегі ең белсендісі мен болуым керек, оны әлгі шабуыл көрсетті. Өйткені менен өзге ешкімде мұнша көп плакат жоқ, ешкімде мұнша үгітші жоқ. Біз жұртты күн құрғатпай үгіттеп жүрміз. Өзім де үгіттеймін. «Единая Россия» партиясының плакатын көріп қалдым. Күлкіңді келтіретін әлгі плакаттарына олар «Қанеки, шай демдейік" ("Заварим-ка чайку») деген сөздер мен шай демдеу рецептерін және «сайлауға келіңіздер» деген сарындағы әлдебір тақпақты жазып қойыпты. Депутаттың кәсіби қабілетін емес, шайды жақсы демдей алатынын мақтан көргендей шай демдеу рецептін жазып қойғаны ерсі көрінеді екен, – дейді ол.

Эдуард Роспопиннің сөзінше, ол депутаттыққа Ресейде болып жатқан оқиғалар ұнамайтындықтан түспек, сондықтан өзі туып-өскен Дон ауданындағы өмірді жақсартуға қолынан келгенше тырысып көрмек.

Тәуелсіз кандидаттар «Единая Россия» партиясы өкілдерінің бюджеттің мекеме қызметкерлерімен кездесу өткізіп, билік партиясы үшін дауыс беруді «қиыла» өтініп жатқанын да хабарлайды. «Открытая Россия» сайты дерегінше, Мәскеудің Внуково ауданында «Журавушка» отбасы мен балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталығы қызметкерлері сайлаушыларға телефон соғып, «Единая Россия» партиясының бес мүшесіне дауыс беруді сұраған.

Территориялық сайлау комиссиялары қилы сылтау ойлап тауып, жұрттың ерте дауыс беруіне мүмкіндік бермей отыр.

Мәскеудің Останкино ауданында өтетін муниципалды сайлауда да әкімшілік ресурс іске қосылған, бұл жайлы Азаттықтың Орыс қызметіне жергілікті депутаттыққа кандидат Анастасия Арсенова айтып берді.

– Қысым да жасалып, заң бұзушылықтар да болып жатыр, кандидаттардың кейбірі ар-ұжданды белден басып жатыр. Территориялық сайлау комиссиялары (ТСК) көрінеу жалған ақпарат береді. Олар қилы сылтау ойлап тауып, қитұрқы амалдарға басып өткен күні өтірік жазылған комиссия отырыстарында жұрттың ерте дауыс беруіне мүмкіндік бермей отыр. Бәрі әдеттегідей болып жатыр. Мұндай процеске өмірімде бірінші рет қатысып отырмын. Қазір әлгі әрекеттерді жоспарлы түрде әшкерелеп, азамат, тұрғын, сайлаушы, кандидат ретінде құқықтарымызды қорғауға тырысып жатырмыз, – дейді Анастасия Арсенова.

42 жастағы Анастасия Арсенованың мамандығы – менеджер. Қазіргі жергілікті биліктен көңілі қалғаннан кейін муниципалды депутаттыққа сайлауға түсуді ұйғарған әйелдің айтуынша, туып-өскен ауданы Останкиноның бір де проблемасы дұрыс шешілмейді.

Тұрғындардың қарапайым өтініштерінің өзі орындалмайды, бәрі қараусыз қалады.

– Останкинода туып-өстім, өмір бойы осында тұрып келемін. Қазіргі билік органдары, префектуралар мен басқарушы компанияларға құқығымызды орындату мүмкін емес. Бөлінген ақша орнымен жұмсалмайды, қайда кетіп жатқаны түсініксіз. Тұрғындардың қарапайым өтініштерінің өзі орындалмайды. Өтініштеріміздің бәрі қараусыз қалады. «Депутаттар кеңесіне» барып жүріп, тұрғындардың проблемаларына олардың қалай қарайтынын түсіндім. Көбіне бәрібір. Депутаттардың бір бөлігі біздің ауданда тіпті тұрмайды екен. Сондықтан өзімді жаңа қырымнан байқап көру үшін жергілікті өзін өзі басқару органына сайлауға түсуді ұйғардым, – дейді ол.

Бақылаушылардың айтуынша, заң бұзушылықтар жергілікті сайлауда үш күн бұрын басталған ерте дауыс беру кезінде де тіркелген. Ең көп заң бұзушылық территориялық сайлау комиссиялары мен «Единая Россия» кандидаттары тарапынан байқалған. Бұдан бөлек, сайлауға келушілердің қарасын азайту үшін немесе биліктен ұсынылған кандидаттарға дауыс беретініне сенімсіз адамдардың ерте дауыс беруіне мүмкіндік бермеу үшін билік тіпті сайлауды «жарнамалауға» да тырыспайды.

Тверь облысында тұратын 45 жастағы кәсіпкер Марина Белова өз кандидатурасын Торжок қалалық думасына ұсынған. Марина Белова – «Открытая Россия» қозғалысының федаралдық кеңесі мүшесі. Ол сайлауалды науқаны кезінде белгісіз біреулер тарапынан талай, оның ішінде күш қолданамыз деген сарындағы қорқытып-үркітуге ұшырғанын айтты.

Билік тарапынан алғашқы күннен бастап қысым көріп келемін.

– Билік тарапынан алғашқы күннен бастап қысым көріп келемін. Біз алты кандидатпыз. Жетеу болғанбыз, «Справедливая Россия» партиясынан ұсынылған бір кандидат сайлауға түсуден бас тартты. Бізді бір-бірімізге айдап салу үшін билік қолынан келгеннің бәрін істеп жатыр. Маған қарсы әлдебір түсініксіз әрекеттер болып жатыр. Банкроттыққа ұшырап, жұмысшыларға үш жыл жалақы төлемеген зауыттың есігі алдында екі аптабұрын рұқсат етілмеген митинг болды. Оны мен ұйымдастырды деп әлгі митингіні менің мойныма «ілуге» тырысты. Бірнеше күннен кейін маған әлгі митингіні маған қарсы КПРФ (Ресей Федерациясының коммунистік партиясы. – ред.) ұйымдастырды деген ақпарат жіберді. КПРФ-ның бұған мүлде қатысы жоқ екенін кейін таныс коммунистерімнен естідім. Бір жарым ай бойы осындай арандатулар көп болды, – дейді Марина Белова.

Қазір Марина Белованы сайлауалды ролигі үшін экстремизм бабы бойынша жауапқа тартуға тырысып жатыр. Белованың «Единая Россия» партиясынан тіркелген бәсекелесі Дмитрий Цырулев «Белованы сайлаңдар, әйтпесе жаман болады!» («Белова, или будет хуже!») деген сөзді сайлаушыларды қорқыту және қысым жасау әрекеті деп санайды. Белова «бұл әзіл ролик болатын» дейді, бірақ «Единая Россия» мүшесі оның үстінен полицияға арыз жазған, іс әлі жабылған жоқ.

Кандидаттың сөзінше, жуырда «крутой жігіттерге» ұқсайтын белгісіз біреулер келіп, оған ынтымақтасуды ұсынған. Марина Белова олардың кім екенін – жергілікті қарақшылар мен әлде «Единая Россия» партиясының жақтастары ма – білмейді.

«Крутой» жігіттер: «Бұл жақта бізсіз ештеңе жасалмайды. Сондықтан мына жақта жұмыс істей бастаған кезде бізбен ғана істес боласыз» деп ескертті.

– Маған әлдебір «крутой» жігіттер келіп: «Бұл жақта бізсіз ештеңе жасалмайды. Сондықтан мына жақта жұмыс істей бастаған кезде бізбен ғана істес боласыз» деп ескертті. Мен мұны қоқан-лоқы деп түсіндім. Олар «Мүмкін ойланып, қорқар, ақыры кететін шығар, ал кетпесе бізбен жұмыс істейді» деп ойлайтын шығар. Әлгі әрекетті әрқалай бағалауға болады, – дейді ол.

«Яблоко» партиясының мүшесі Алексей Дуленков Подмосковье облысындағы Наро-Фоминск қалалық округы бойынша муниципалды сайлауға түсіп жатыр. Ол жақта сайлауалды заңын өрескел бұзу фактілері әзірше тіркелмеген, бірақ «Единая Россия» әкімшілік ресурстарды әдеттегідей оңды-солды пайдаланып жатыр.

– Мысалы, Наро-Фоминск қаласы әкімшілігінде «Единая Россия» партиясының үгіт плакаттары ілініп тұр. «Единая Россия» партиясынан ұсынылған кандидаттар үгіт-насихат өнімдерін сайлау қоры есебінен шығарады. Бірақ бізде бәрі әзірше тыныш өтіп жатыр деп айтар едім. Сайлау науқанына қатысты оншалықты шағымым жоқ, – дейді ол.

Алексей Дуленковтың мамандығы – заңгер, жасы – 42-де. Оның жергілікті өзін өзі басқару органдарында жұмыс істеген тәжірибесі бар – кезінде Подмосковье облысының Голицин қаласында депутат болған.

– Әлгі тәжірибеме сүйеніп, азаматтардың мүддесін Наро-Фоминск ауданында да қорғай аламыз деп ойлаймын. Қазір Наро-Фоминск тұрғындары үшін ең үлкен проблема қоқыс өртейтін зауыт салу жоспары болып тұр. Қала болашақ зауыттан шыққан зиянды газдар тарайтын аймақта орналасқан. Қазір әлгі процесті тоқтату үшін қол жинап жатырмыз. Өйткені, біріншіден, қоқысты өртейтін емес, қайта өңдейтін зауыт салған дұрыс. Бұл экологиялық жағынан әлдеқайда тиімді болар еді. Екіншіден, тіпті қоқыс өртейтін зауыт салғылары келсе, орынды жанында Наро-Фоминск сияқты үлкен қала жоқ ашық даладан да табуға болады, – деп санайды депутаттыққа кандидат Алексей Дуленков.

Ресейде өтуі тиіс муниципалды сайлаудың маңызы мен сайлауалды науқаны кезінде анықталған заң бұзушылықтар жайлы Азаттыққа «Открытая Россия» қозғалысы заңгері Евгений Порошин айтты.

Әңгіме – Ресейде жергілікті өзін өзі басқару органдарының мүлде мүшкіл халде екенінде.

– Бұл – өте маңызды сайлау. Мәселе муниципалды депутаттардың рөлі мен болашақ кандидаттардың муниципалдық сүзгіден өтуінде ғана емес. Әңгіме – Ресейде жергілікті өзін өзі басқару органдарының мүлде мүшкіл халде екенінде. Қазір олар мүлде тоқырап қалған. Ресейде аймақтарды абаттандыру, күрделі жөндеуге байланысты мәселелерді жергілікті деңгейде шешуге қауқары жететін мықты, тәуелсіз кандидаттар, болашақ депутаттар болуы тиіс. Өкілеттігі шектеулі болғанымен, муниципалды депутаттардың құзыры жететін нәрселер де бар. Сайлау нәтижелері бойынша муниципалды кеңестер құрамы мықты әрі тәуелсіз депутаттардан қалыптасады деп үміттенеміз, – дейді ол.

Евгений Порошиннің сөзінше, мына сайлау кезінде дәстүрлі заң бұзушылықтар анықталған. Оны сайлауға келіп, дауыс бергендер санын азайту үшін әдейі қыркүйектің басына белгілеген. Сайлауалды науқаны қызатын мезгіл жұрттың жазғы демалысына тұспа-тұс келді, сондықтан ресейліктердің көбінің сайлау болатынынан еш хабары жоқ.

Сайлаушылар сайлау болатынын мүлде білмейді.

– Сайлау өтетіні жайлы ақпарат жоқтың қасы. Көптеген аудандарда, тіпті көбінде сайлау өтетіні жайлы хабарландыру әлі күнге дейін ілінбеген. Сайлаушылар сайлау болатынын мүлде білмейді. Қазір мерзімінен ерте дауыс беру кезінде не болып жатқаны белгісіз. Мәскеудегі территориялық сайлау комиссияларының көбі ерте дауыс беруге кедергі жасап отыр. Территориялық сайлау комиссиялары сайлаушы 10 қыркүйекте сайлау учаскесіне келе алмайтын дәлелді себебін құжат жүзінде дәлелдеуі тиіс деп сылтауратады. Ал заңда құжат көрсетуді талап етпейтін себептердің нақты тізімі бар. Тіпті жұрт ұшаққа алған билетін, еңбек демалысы туралы бұйрықты көрсетсе де, комиссиялар сайлаушыларды «Ертең келіңіз, қағаздарыңызды отырыста қараймыз» деп қайтарып жібереді. Ал мұндай процедура сайлаушының себебі дәлелді екеніне әлдебір күмән туса ғана талап етіледі. Территориялық комиссиялардың көбінде санаулы ғана адам ерте дауыс берген, – дейді Евгений Порошин.

Оның сөзінше, территориялық сайлау комиссияларының мұндай стратегиясының түпкі мақсаты – белсенді азаматтардың жергілікті сайлауға барынша аз қатысуы.

Бірыңғай дауыс беру күні қарсаңында «Ведомости» газеті «тәжірибелі» губернаторларды сайлау дайындығына Кремль мүлде дерлік араласпай отыр, бірақ жуырда тағайындалған аймақ басшыларының міндетін уақытша атқарушылардың сайлау науқанын ұйымдастыру деңгейін «мықты бақылауда ұстап отыр» деп хабарлады. Басылым дерегінше, науқанды ұйымдастыру барысын президенттің ішкі саясат басқармасы бақылайды. Кейінгі күндері Мәскеуде вице-губернаторлар мен саяси технологтармен жиналыстар өтіп жатыр. «Ведомости» басылымының дереккөзінің айтуынша, 11 губернатор міндетін уақытша атқарушы – «қолында саяси машинасы да, сайлау өткізу тәжірибесі де жоқ» жаңа адамдар.

Ертеректе «Голос» сайлаушыларды қорғау қозғалысы мунифициалды сүзгі -аймақтық билікке қолайсыз бәсекелестерді сайлау кезінде електен өткізудің негізгі амалы деп көрсетілген баяндама әзірлеген. Қазіргі аймақ басшыларына бәсекелес бола алатын кандидаттар (мысалы Свердлов облысы губернаторлығына сайлауға түскісі келген Екатеринбург мэрі Евгений Ройзман) жергілікті депутаттардың қолдарын жинауда проблемаларға тап болған.

Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG