Accessibility links

АҚШ-тың Ресейдегі жаңа елшісін ауыр жұмыс күтіп тұр


Джон Хантсман. Вашингтон, 29 қаңтар 2015 жыл.
Джон Хантсман. Вашингтон, 29 қаңтар 2015 жыл.

Ресейдегі АҚШ елшісі қызметіне Дональд Трамп ұсынып отырған Джон Хантсманның жұмысы қиын болатын сияқты. Оған Вашингтон мүддесін Мәскеуде қорғау үшін барлық дипломатиялық тәжірибесі мен шеберлігін салуға тура келеді.

Елші кандидатурасын Сенат бекітеді. Бірақ бекіту мәселесін «2016 жылғы сайлауда Кремль президент сайлауына араласты, соның нәтижесінде Трамп билікке келді» деген ресми зерттеулер күрделендіріп тұр. Ресей бұл айыпты мойындамады.

Хантсман – АҚШ-тың бес бірдей президентінің әкімшілігінде істеген көнекөз дипломат. 2012 жылғы сайлау кезінде Республикалық партия атынан президент сайлауына кандидат ретінде қатысуға үміткер болды. Бірақ Ресей ісінде үлкен тәжірибесі жоқ.

Барак Обама билігі кезінде Қытайдағы АҚШ елшісі болып Вашингтон мен Пекин арасындағы күрделі қарым-қатынасты реттеуге септесті. 57 жастағы миллиардер кіші Джордж Буш тұсында Сингапурде елші болды.

Бұрын Трампты сынағанына қарамастан бірнеше айдан бері Хантсманның Ресейге елші болып баруы мүмкін екені айтылып жатыр.

2016 жылғы президент сайлауы кезінде Трамптың «әйелдерді интимді жерлерінен ұстаймын» деп мақтанған видеосы жарияланғаннан соң Хантсман оны президент сайлауына түспеуге шақырған.

Америкалық басылымдарда Хантсманның Ресейде елші болуы мүмкін екені туралы ақпарат жарық көрген соң, 1997-2001 жылдар аралығында Билл Клинтон тұсында Ресейдегі АҚШ елшісі болып істеген Джеймс Коллинз өз пікірін білдірді. Ол «Хантсман мырза - кәсіби маман, саяси тұрғыда оның елші болғаны орынды. Трамп саяси тәжірибесі бар адамды таңдап отыр» деді.

Елші болып бекітілген жағдайда Хантсман Мәскеуге екі ірі державаның қарым-қатынасы нашарлаған тұста барады.

Украина мен Сириядағы қарулы қақтығыстар кесірінен бұзылған байланысты Трамп қайта жалғауға тырысты. Ол ресейлік әріптесі Владимир Путинмен шілдеде Гамбургте өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінде екі рет кездесті. Президенттер телекамералар алдына бір-біріне деген дос пейілдерін көрсете шықты. Бір-бірінің қолын қысып, ізетпен сөйлесті.

Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Гамбург, 7 шілде 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Гамбург, 7 шілде 2017 жыл.

Алайда Вашингтонда Республикалық және Демократиялық партия Трамп кеңесшілерінің Ресеймен байланыстарына қатысты даудың кесірінен екі мемлекеттің жақындасуына қарсы болып отыр. Демек Хантсманның Мәскеуге сапарына рұқсат оңай беріле салмайды.

Ресейдегі бұрынғы АҚШ елшілері де жұмыс барысында қиындықтарға тап болған. Өмір бойы дипломатиялық мекемеде істеген, қазір елшілік мерзімі аяқталған Джон Теффтті Кремль жақтастары Ресейдің ішкі саясатына "араласты" деп айыптаған.

Теффттің алдындағы елші Майкл Макфолды Мәскеу әу бастан өшпенділікпен қарсы алған. 2012 жылы НТВ арнасы (Макфол елші болып тағайындалғаннан екі күн өткенде) оны «революция жасауға келді» деп хабарлаған еді.

Наурыз айында Хантсманның тағайындалуы мүмкін екені туралы ақпарат тарағанда Кремль сақ сөйледі. Песков «Екі ел арасында жақсы байланыс орнатуға тырысатын кез келген АҚШ елшісін қарсы алуға әзірміз» деп мәлімдеді.

ПОТЕМКИН САЯСАТЫ

Хантсман үйленген, жеті баласы бар, оның екеуін асырап алған. Өзі Юта штатындағы бай әулеттен шыққан, ата-бабалары химиялық өндіріс арқасында мол дәулет жиған.

Бұл әулеттің Ресейде қомақты активтері бар – матрас, аяқ киім, құрылыс материалдары мен басқа да үй және өнеркәсіп өндірісіне қажетті полиуретан шығаратын зауыттар Хантсмандарға тиесілі.

Әулеттің бизнес мүдделерін ескере отырып, «Хантсман Мәскеумен келіссөз жүргізгенде АҚШ-қа адал бола ала ма?» деген күдік айтушылар бар. Одан бөлек, ол - АҚШ-тың көлік жасайтын «Форд» компаниясының директорлар кеңесі мүшесі, «Форд» компаниясының да Ресейде зауыттары бар. Оның сыртында, Хантсман «Катерпиллар» құрылыс техникасын өндіруші компанияда да директорлар кеңесіне кіреді, бұл компанияның Ленинград облысында ірі зауыты бар.

Хантсман АҚШ-тағы федералдық шенеуніктерге қойылатын этика талаптары бойынша әулетке тиесілі компанияларға инвестиция салудан бас тартқан деген ақпарат бар.

Ресейге салынған санкцияларға қарсы шара өткізіп тұрған белсенді. Мәскеу, 25 қыркүйек 2014 жыл.
Ресейге салынған санкцияларға қарсы шара өткізіп тұрған белсенді. Мәскеу, 25 қыркүйек 2014 жыл.

Оған қоса, ол - «мормондар» деген атпен танылған Әулие Иисус Христос шіркеуінің мүшесі. Аталған конфессия Ресейде басқа да кейбір діни ұйымдармен бірге билік қысымына ұшырап жатыр.

Хантсман - ықпалы зор, кеңсесі Вашингтонда орналасқан «Атлантикалық кеңес» аталатын сарапшылар орталығының мүшесі. Бұл орталық Ресейге ықыласты қабақ танытпай келеді. Бірақ кейінгі айларда Хантсман бұл тарапта көп пікір білдірмей кеткен.

Оның Ресейге қатысты көзқарасын 2012 жылы өзі жасаған сайтындағы пікірінен білуге болады. Ол кезде Хантсман екінші мерзімге сайланғалы жатқан президент Барак Обаманың бәсекелесі болған еді.

Хантсман 2008 жылғы Ресей-Грузия соғысынан соң нашарлаған Ресей-АҚШ қатынастарын «қайта жақсарту» саясатын сынаған.

Дипломат «Бұл - потемкиндік саясат. Ресеймен әрине ынтымақтастық қатынас орнату керек, бірақ оны потемкиндік ауылдар үлгісінде жасауға болмайды. Кремль біз үшін тақ бір өте маңызды серіктес деген, ол жақта құдды бір адам құқығын құрметтейтін, көршілеріне сес көрсетпейтін демократиялық режим орнағандай өтірік түр жасамайық» деп жазған еді. Қазір ол мәлімдемесі сайттан алынған, бірақ беттің резервтік көшірмесі онлайн-мұрағаттарда тұр.

Майк Экельдің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG