Accessibility links

АҚШ арнайы қызметінің назарына бұрыннан іліккен ресейлік адвокат


Кіші Дональд Трамп Нью-Йорк қаласындағы Trump Tower ғимаратында тұр. 17 қаңтар 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлымен кездесуге қатысқаны жанжалға себеп болған ресейлік адвокат Наталья Весельницкая жасырын лобби жасауы мүмкін деген күдікпен бұрыннан Америка құзырлы органдарының назарында болған. Адвокат АҚШ-қа кірерде проблемаға да кезіккен.

Ресейлік адвокат Наталья Весельницкая АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлымен кездеспей тұрып-ақ Америка ресми тұлғалары оған назар аударған. Ол Кремльдің суқаны сүймейтін АҚШ құқықтық жүйесіне қарсы лобби жасады деген күдікке іліккен. Бұған қоса, АҚШ-қа келгенде қымбат қонақүйге түскен адвокат үшін Америка үкіметі ақша төлеген болып шықты.

Весельницкая 2016 жылдың маусымында кіші Трамппен және президенттің күйеу баласы Джаред Кушнермен кездескен. Содан бірнеше ай бұрын Америкаға кіру визасын ала алмаған адвокат АҚШ федералдық сотына шағымданған. Кейін оған АҚШ-қа ерекше тәртіппен кіруге рұқсат берілген. Себебі, ол АҚШ-та ақша жымқыру ісі бойынша сотталып жатқан ресейлік бизнесменді қорғауы тиіс болған. Бұл сот ісі Мәскеудегі жоғары лауазымды тұлғалардың алаңдаушылығын тудырған. Весельницкая АҚШ заң орындары "қызмет бабын асыра пайдаланды" деп айыптаған ресейліктерді қорғау кезінде Американың сот жүйесіне пиар-қысым жасауда ерекше роль атқарған. Өткен аптада New York Times газеті Весельницкая мен Трамптың ұлының кездесуі туралы мақала жариялаған соң жұрт назары қайтадан ресейлік адвокатқа ауды.

Кіші Трамптың айтуынша, әлгі кездесуде Весельницкая президенттік сайлауға демократтар атынан кандидат болып түскен Хиллари Клинтонды қаралайтын материалдар беруге уәде еткен. Оған дейін АҚШ барлау қызметі Клинтонның сайлау науқанына кедергі жасау үшін Ресей тарапынан хакерлік шабуылдар мен үгіт-насихат шаралары ұйымдастырылды деп мәлімдеген еді.

Кездесу туралы хабар АҚШ конгресі мен федералдық тергеу бюросы Дональд Трамптың сайлау штабы мен Ресейдің ресми өкілдері арасындағы байланысты тергеп жатқан тұста тарады. Трамп әкімшілігі "ешқандай заңсыз байланыс болған жоқ" дегенімен, күдік әлі сейілген жоқ.

Ресейлік адвокат Наталья Весельницкая.
Ресейлік адвокат Наталья Весельницкая.

Весельницкая бұрын ресейлік капиталы бар компанияның өкілі ретінде Ресейдің ресми тұлғаларымен байланыста болған, дегенмен оның ел басшылығымен аралас-құраластығы туралы ешқандай дерек жоқ. Әйткенмен, Мәскеуде ол туралы "коммерциялық дауларда шешім қабылдауға ықпал ете алатын адам" деген пікір қалыптасқан.

Оны "жемқорлық келісім-шарттар негізінде мансап қуып, билік пен іскерлік ортадағы байланыстарын пайдаланады" деп айыптайтындар бар. Адвокаттың өзі бұл айтылғандарды жоқққа шығарады. Ол түрлі халықаралық жобаларға қатысқан. Мәселен, оның 2012 жылы "Магнитский заңының" күшін жойғызуға талпынысы АҚШ әкімшілігінің күдігін туғызған.

СЫРТТАЙ БАҚЫЛАУШЫ

Магнитский заңы – 2009 жылы Ресейдегі тергеу абақтысында қаза тапқан аудитор Сергей Магнитскийдің құрметіне АҚШ конгресі қабылдаған заң. Ақпарат құралдарының жазуынша, Магнитскийдің қазасына түрмедегі ұрып-соғу және медициналық салғырттық кесірі себеп болған. Марқұмның жақтастары салық қызметі мен полиция Магнитскийді 230 миллион доллар салықты жасыруға тырысқан алаяқтықты әшкерелегені үшін осылай жазалаған деп санайды.

"Магнитский заңы" бойынша, бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген Ресейдің елу шақты лауазымды тұлғасы мен басқа да азаматтарына АҚШ визасын беруге шек қойылып, қаржы санкциясы салынған. Бұл заңға шамданған Мәскеу оған жауап ретінде АҚШ азаматтарының ресейлік балаларды асырауына тыйым салатын заң қабылдаған.

Весельницкая "Ресей теміржолы" мемлекеттік корпорациясы басшыларының бірінің баласы – бизнесмен Денис Кацывтың мүддесін қорғаған. Кацыв басқаратын "Превезон" холдингіне Магнитский әшкерелеген алаяқтық кезінде жымқырылған ақшаны заңдастырды деген айып тағылған.

2015 жылдың желтоқсанында Ресей бас прокуроры Юрий Чайка "Превезон" ісі бойынша: "Біз бұл процесті сырттай жіті бақылап отырмыз" деген еді. Бірақ, Весельницкаяның Трамптың ұлымен кездесуі туралы әңгіме шыққанда Ресей президентінің баспасөз хатшысы ол туралы ештеңе білмейтінін айтты.

"Оның кім екенін білмейміз. Біз, әрине, елдің ішіндегі және сыртындағы ресейлік адвокаттардың барлығының кездесулерін бақылай алмаймыз", - деді Дмитрий Песков.

"Превезон" ісінде қорғаушылар 230 миллион доллардың салық алаяқтығы мен Магнитскийдің қазасының арасында ешқандай байланыс жоқ екенін дәлелдеуге тырысқан. Путин "бұл – ешқандай қылмыстық астары жоқ қайғылы оқиға" деген.

Весельницкая болса баспасөзге берген сұхбаттарында Магнитский жұмыс істеген инвестор Уильям Браудерді "оның өліміне қатысты істерді бұрмалады" деп айыптаған. Бұған қоса ол Браудерді қаралайтын фильмді жарнамалауға да атсалысқан.

Трамптың инаугурациясынан үш ай өтпей жатып Айова штатынан сайланған республикашыл сенатор Чак Грассли АҚШ әділет министрлігін Наталья Весельницкаяның "Магнитский заңына қарсы лоббистік науқанмен байланысын" тергеуге шақырған. Арнайы қызметтің бұрынғы өкілі New York Times газетіне "Весельницкая бұрыннан федералдық тергеу бюросының назарында болғанын" айтқан.

ҚЫМБАТ ҚОНАҚҮЙ МЕН ЕРЕКШЕ ВИЗА

"Превезон" ісі бойынша процесс кезінде Весельницкая мен АҚШ прокуратурасы арасында кикілжің болды.

2015 жылғы қарашада Нью-Йорк прокуроры Прит Бхарара судьяға хатта Весельницкая, Кацыв және басқа адамдар сотқа куәлік етуге Нью-Йоркқа келген төрт күннің ішінде АҚШ үкіметі есебінен 50 мың доллардан аса ақша туралы хат тапсырған. Онда "Весельницкая мен оның қасындағылар бұл ақшаға қымбат ішімдік пен тамақ ішкен және Plaza Hotel қонақүйінде әр түнге 995 доллардан ақы төлеген, Веселицкаяның өзі сотта куәлік етпеген, тіпті сот отырысына да қатыспаған" деп жазылған.

АҚШ президенті Дональд Трамп (ортада) отбасы мүшелерімен бірге. Лас-Вегас, 19 қазан 2016 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (ортада) отбасы мүшелерімен бірге. Лас-Вегас, 19 қазан 2016 жыл.

Бхарараның айтуынша, әуелгіде сот тыңдауы кезінде арзанырақ қонақүйде жатқан Веселицкая, тыңдау аяқталғаннан кейін және сот қорғаушы тараптың шығындарын өтейтінін жариялаған соң Plaza Hotel қонақүйіне көшкен.

Осы оқиғадан екі ай бұрын Весельницкая "Превезон" ісі қаралып жатқан Манхеттен федералдық сотында өзіне АҚШ визасы берілмегенін, бірақ кейін сотта Кацывтың мүдделерін қорғау үшін ерекше процедура бойынша Америкаға кіруге мүмкіндік алғанын айтқан.

Трамптың ұлымен кездескен кезде Весельницкаяның АҚШ-та қандай визамен жүргені әлі түсініксіз. "Превезон" ісін қарап жатқан судья оның АҚШ-та қалуын ұзарту жөнінде бір мәрте ұсыныс берген деген дерек бар.

Мамыр айында, сот отырысы өтуге бір күн қалғанда "Превезон" бейбіт мәмілеге келді. Компания өзінің кінәсін мойындамастан АҚШ үкіметіне 6 миллион доллар төлеуге келісті. Весельницкая мұны өзінің жеңісі деп атаған.

ТРАМПТЫҢ АҚТАЛМАҒАН ҮМІТІ

New York Times газетіне берген сұхбатында кіші Дональд Трамп Наталья Весельницкаямен кездесуді "оның қолында Хиллари Клинтонмен күресте әкеңнің сайлау штабына көмектесе алатын ақпарат болуы мүмкін" деген өзінің бір танысы ұйымдастырғанын мәлімдеген. Бірақ, кіші Трамптың өзі оған дейін Весельницкаяның аты-жөнін де білмегенін айтқан.

Кіші Трамптың айтуынша, кездесу кезінде Весельницкая Ресеймен байланысы бар адамдардың демократиялық партияның ұлттық комитетін қаржыландырып, Хиллари Клинтонды қолдап отырғаны туралы ақпараты бар екенін айтқан. Бірақ ол "мұның жай-жапсарын ашатындай ешқандай дәлел келтірмеген".

"Бұдан соң ол әңгіме тақырыбын өзгертіп, америкалықтардың ресейлік балаларды асырап алуы және Магнитский заңын талқылауды ұсынды", - дейді кіші Трамп. Алайда ол "пайдалы ақпаратым бар дегені жай кездесуге сылтау екенін түсініп", кездесуді аяқтағанын айтты.

Шілденің 10-ы күні Наталья Веселицкаяның өкілі Азаттықтың сұрақтарына әзірше жауап беруге дайын емес екенін айтып, сауалдарды жазбаша түрде жолдауды сұрады. Трамптың ұлымен кездесу туралы, оны кімнің ұйымдастырғаны жайлы және басқа да жайттарға қатысты Азаттық тілшісі сұрақтарына әлі жауап берілген жоқ.

Шілденің 8-і күні Весельницкая New York Times газетіне берген сұхбатында кіші Трамппен президент сайлауын мүлде сөз етпегенін, "Ресей үкіметінің атынан әрекет етпегенін" және "бұл мәселелерді Ресей басшылығының өкілдерімен ешқашан талқыламағанын" айтқан.

(Карл Шректің материалы ағылшын тілінен аударылды.)

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG