Accessibility links

Путиннің жаңа мерзімі Қазақстанға қалай әсер етеді?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин германиялық кәсіпкерлермен кездесу жиынында. Сочи. 12 қазан 2017 жыл.

Владимир Путин Ресей президенті болып қайта сайланды. Сарапшылар Путиннің алты жылдық жаңа мерзімінің Қазақстан мен Орталық Азияға әсері жайлы айтты.

Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, қазіргі президент Владимир Путин 77 пайыз сайлаушының қолдауына ие болған. Путинге шамамен 55 миллион адам дауыс берген. Сайлауға дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың 67 пайызы қатысқан. ОСК басшысының орынбасары Николай Булаевтың айтуынша, бюллетеньдердің түгелге жуығы саналған.

Екінші орында - 12 пайыз дауыс жинаған Ресей Коммунистік партиясының кандидаты Павел Грудинин, үшінші орында - 5,7 пайыз алған Либерал-демократиялық партиясының кандидаты Владимир Жириновский. "Гражданская инициатива" тобынан түскен Ксения Собчак екі пайызға жуық, "Яблоко" партиясының негізін салушы Григорий Явлинский бір пайыз дауыс жинады.

Ресей ОСК президент сайлауының қортындысын жариялаған сәт. Мәскеу. 19 наурыз 2018 жыл.
Ресей ОСК президент сайлауының қортындысын жариялаған сәт. Мәскеу. 19 наурыз 2018 жыл.

Қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарым Ресейде Владимир Путинді ұлықтау күшейе түседі деп болжайды.

- Бұл [сайлау] тек қазіргі бар жағдайды ресмилендіру, заңдастыру деуге болады. Ресей Қазақстанның тәжірибесін толығымен қайталайды, басқа ешқандай жолы қалмайды. Ол жақта да "ұлт көшбасшысы" деген сияқты жайттар тек арта беретін сияқты. Ресейдің ауқымы мен әлеуетін ескеретін болсақ, бұл тіпті Қазақстаннан да асып түсетін түрі бар, - дейді сарапшы.

Саясаттанушының сөзінше, "егер Қазақстан мен Ресейдің арасындағы қазіргі саясат дәл бүгінгідей жалғаса берсе, алдағы алты жылда керемет жаңалық бола қоймайды".

- Осы сайлаудың өткен сайлаудан ерекшелігі, Собчактан басқа кандидаттар "Совет Одағын қалпына келтіру" деген әңгіме айтты. Осы тұрғыдан алғанда Ресейдің осындай қитұрқылыққа, тұңғиыққа бата беруі ешқандай жақсылық әкелмейді. Және болашақта Ресейде әлеуметтік және экономикалық жағдайдың қандай болатынын білмейміз. Сондықтан Ресейдің өзінің ішкі проблемасын шешу үшін, Украинаның Донбасы сияқты жағдайларға барып қалуы да ықтимал. Содан қауіптенуіміз керек сияқты. Сондықтан Қазақстан қорғаныс және сыртқы саяси доктринасын қайта қарап, өзіне қорған болатын жолдарын іздеп, ішімізді бекіте беруіміз керек, - дейді Айдос Сарым.

"ҚАУІПТІ ТРЕНД"

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Путин басшылық еткен жылдарда өте қауіпті тренд қалыптастырғанын айтады.

- Путин өзінің идеологиялық базасын экономикалық оқшаулау мен сыртқы саясатта экспансиялық саясатқа акцент жасай отырып, советтік және патшалық идеологияны біріктіріп, қауіпті тренд жасады. Ол соңғы жылдары Ресейде үнемі ішкі және сыртқы жауды іздейтін қоғам қалыптастырды. Бұл түсінікті де, себебі елдің әлеуметтік-экономикалық саласында жетістіктер болмаса, қоғамды Ресейді жойып жібергісі келетін жаулары туралы дақпырт айтып, үреймен жұмылдыруға болады, - дейді Сәтпаев.

Оның сөзінше, "президент сайлауы алдындағы Ресей мен Ұлыбритания арасындағы саяси дау мен Путиннің наурыз айындағы соңғы жолдауы да Совет Одағын еске салады. Ол кезде де бас хатшылар дәл осылай халыққа жарқын экономикалық болашақты уәде ете отырып, Батысқа Совет Одағының әскери күшін меңзеп, саусағын шұқшитып, сес көрсеткен".

- Меніңше, Путин Батыспен арадағы текетіресті одан әрі жалғастырады. Батыс Ресейге қарсы санкцияны күшейтеді. Әлбетте, бұл Қазақстанға да кері әсер тигізеді. Тигізіп те жатыр. Мәселен, Украинаға қатысты санкция соғысы басталғанда біз экономикалық зиян шектік. Ресей бізді "реэкспортпен айналысып жатырсыңдар" деп айыптаған да еді. "Урапатриоттық психоздың" кесірінен Ресейдің саяси элитасы, ТМД елдеріндегі Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан сияқты серіктестеріне сателлит ретінде қарайтыны байқалады. Бұған мысал ретінде жуырдағы Қазақстанның латын қаріпті әліпбиге көшуі мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстан мен АҚШ арасындағы визасыз режим жайлы сөзін айтуға болады, - дейді қазақстандық саясаттанушы.

Қырым аннексияның 4 жылдығына арналған митинг-концертке келген Владимир Путин. Мәскеу. 18 наурыз 2018 жыл.
Қырым аннексияның 4 жылдығына арналған митинг-концертке келген Владимир Путин. Мәскеу. 18 наурыз 2018 жыл.

​Орталық Азияда демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбеталиева Путин алда Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысын күшейтуге тырысатынын, бұл істе Қазақстан негізгі қозғаушы күш болатынын айтады.

- Соңғы жылдары Батыспен арадағы қарым-қатынастың күрделенуінен Ресей Еуразиялық одаққа назар аудармап еді. Орталық Азияға назары ауып, белсенділігі артатын сияқты. Ресей Орталық Азия елдерінің бірігуіне жай қарап отырмайды, бақылайды. Қосылуға әрекет жасауы да мүмкін. Сондықтан Қазақстан есесін жібермеуі керек, - дейді сарапшы.

Оның сөзінше, 2017 жыл Қазақстан үшін есте қаларлық жыл болған. Өйткені Қазақстан сыртқы саясатта өзін дербес мемлекет екендігін көрсете білген. Ендігі мақсат – осыны жалғастыру.

65 жастағы Владимир Путин Ресейді 2000 жылдан бері басқарып келеді. Ол 13 жыл президент, оның арасында төрт жыл премьер-министр қызметін атқарды. Путиннің алтыншы мерзімі 2024 жылы аяқталады. Ресей конституциясына сай бір президент үш мерзім қатар сайлана алмайды. Бірақ алты жылдық үзілістен кейін қайта сайлауға түсуіне болады.

Көре отырыңыз: Путин кімге сүйенеді?

Жаһан жаңалықтары. Апта 16.03.2018
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:21 0:00

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG