Accessibility links

Скрипальды уландырған затқа Қазақстанның қатысы бар ма?


Сергей Скрипаль Мәскеу әскери сотында. 9 тамыз 2006 жыл
Сергей Скрипаль Мәскеу әскери сотында. 9 тамыз 2006 жыл

Ұлыбританияда бұрынғы ресейлік тыңшы Сергей Скрипальды уландыру жайлы жазған батыс баспасөзіндегі комментарийлерде бұл іске Ресейдің қатысы бар деген пікір басым болғанымен "басқаша болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайтынын" ескерткен. Сонымен бірге "ҚазМұнайГаз" үлесін голландиялық Shell компаниясына сатуы ықтимал екені және Жаңа Жібек жолындағы Қорғас бекеті туралы жазған.

УЛЫ ЗАТТЫ ҚОЛДАНҒАН КІМ?

Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар агенттігі сайтында жарияланған "Құпия процесс постсоветтік аласапыранда ұрлық қатері болғанын көрсетті" атты мақалада наурыздың 3-і күні Ұлыбританияда бұрынғы ресейлік тыңшы Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның улануына қатысты пікірлер айтылған.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй сәрсенбі күні "Скрипаль мырза мен оның қызын өлтіруге тырысқан Ресей мемлекеті екеніне еш күмән жоқ, олар басқа да британ азаматтарының өміріне қауіп төндірді" деп мәлімдеді.

Ресей бұл іске қатысы бар екенін жоққа шығарды.

"Британ билігі бұрынғы тыңшыны жүйкеге әсер ететін затпен улауға Ресей кінәлі дейді, бұл тұжырыммен химиялық қару мамандарының көбі келіседі. Бірақ газ Ресей мемлекетінің атынан әрекет етпейтін өзге біреулердің қолына түсуі мүмкін екені жайлы болжамды да жоққа шығаруға болмайды", - деп жазды Reuters.

Газ Ресей мемлекетінің атынан әрекет етпейтін өзге біреулердің қолына түсуі мүмкін екені жайлы болжамды да жоққа шығаруға болмайды

Ары қарай мақалада "Совет одағының химиялық қару бағдарламасы қырғи-қабақ соғыстан кейін бейберекет жатқан кезде кейбір улы заттар мен құпия жобаларды қылмыскерлер ұрлап-жырлап кетуі әбден мүмкін" делінген.

Совет одағы тараған соң көптеген ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер бірнеше ай бойы жалақы алмады, "қызметкерлердің рухы түсіп, жүнжіп кетті, мекемелерді тағдырдың талайына тастады, мемлекеттің бақылауы өте әлсіз болды" дейді мақала авторы. Вашингтонда орналасқан Stimson Center зерттеу орталығының баяндамасында "тиын-тебенге қарап қалған советтік химик ғалымдарды қылмыскерлер, терроршылар мен аластатылған мемлекеттер өз мақсат-мүддесіне тартып алатындай қауіп" болғаны айтылған.

Жаңадан құрылған тәуелсіз мемлекеттер аумағында орналасқан химиялық зауыттар одан да мүшкіл күйде болды. Мысалы, совет ғалымы, химиялық қару маманы Вил Мирзаянов "Новичок" газының Өзбекстандағы Нөкіс қаласында сынақтан өткенін айтады.

Reuters мақаласында 2001 жылы Өзбекстанның Ханабадына база ашуға келген америкалық әскерилер ол жерден есепте жоқ ескі қару қорын, хлор мен өзге де химиялық қоспалар тауып алған деп жазады. Химиялық қару саласы мамандарының сөзінше, 1999 жылдардан бастап бұл саладағы қауіпсіздік жақсара бастаған, оған Батыстың жәрдемі және бұрынғы советтік республикалардың өздеріндегі қорларды Ресейге тапсыруы септескен.

Химиялық қаруды қадағалайтын Ресей өнеркәсіп және сауда министрлігі Reuters агенттігіне хатында, Мәскеу халықаралық міндеттемесін мүлтіксіз орындап, өзіндегі қару қорын АҚШ-тан да бұрын түгелдей жойған деп жазылған. Министрлік СССР тарағаннан кейінгі ықтимал химиялық қару контрабандасы мәселелерінің өзіне қатысы жоғын айтқан.

Украина қауіпсіздік қызметі ешқандай комментарий бере алмайтынын хабарласа, Өзбекстан сыртқы істер министрлігі комментарий беруді сұраған агенттік өтінішін жауапсыз қалдырған.

Reuters агенттігінің жазуынша, бұрын химиялық қару жасау жөніндегі инфрақұрылым нысаны болған Павлодардағы химия зауытын басқаратын "ҚазАтомӨнеркәсібі" ұлттық компаниясы және Қазақстанның энергетика министрлігі ақпарат құралының сауалдарына жауап бермеген.

Бұл мақала америкалық New York Times газеті мен британдық Daily Mail басылымында да жарияланды.

ВИДЕО: Химик ғалым Вил Мирзаянов "Новичок" газы туралы:

Ғалым: "Новичок" газы Нөкісте сынақтан өткен
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:03 0:00

"ҚАЗМҰНАЙГАЗ" ҮЛЕСІ САТЫЛА МА?

Reuters сайтындағы "Қазақстан мемлекеттік мұнай компаниясының үлесін Shell-ге ұсынады" деген тағы бір мақалада "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры "ҚазМұнайГаз" (ҚМГ) ұлттық компаниясын IPO-ге шығарар қарсаңда шетелдік инвесторларды қызықтыру үшін голландиялық Shell компаниясына ҚМГ үлесін сатып алуды ұсыныпты" деп жазған. Қазіргі кезде ҚМГ компаниясының 90 пайыз акциясына "Самұрық-Қазына" қоры иелік етеді, ал 10 пайызы – Ұлттық банкке тиесілі.

"ҚазМұнайГаз" жанармай бекетіндегі жазу. (Көрнекі сурет)
"ҚазМұнайГаз" жанармай бекетіндегі жазу. (Көрнекі сурет)

Аты аталмаған дереккөзге сілтеме жасаған мақалада Shell компаниясына ҚМГ акцияларының 20 пайызын сатып алу ұсынылғаны жазылған, оның ішінде Ұлттық банктің де үлесі бар делінеді, ал басқа дереккөздің айтуынша, әңгіме тек 10 пайыз акция жайлы болған. Ұлттық банк 2015 жылы "әлемдік мұнай бағасы арзандаған соң қарызын төлеу үшін ҚМГ-ге көмектесу мақсатында төрт миллион доллар төлеген".

Ұлттық банк бұл активтерді сатып алған кезде оның қажеттігіне күмәнданғандар көп еді. Мысалы, келісім Ұлттық банк активтерінің сапасын төмендетті, алайда "Самұрық-Қазына" сыртқы қарызын кеміте алды деген пікірлер болған.

Ұлыбританиялық Financial Times газетіндегі "Ғаламдық Британияны дәріптеу" атты мақалада Brexit (Еуропа Одағынан шығу – Азаттық.) кезінде Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі енгізген жаңа слоган - "Ғаламдық Британияны" сипаттағанда сөз арасына Қазақстанды да қыстырыпты. "Ұлыбритания құшағына алған "ескі достар мен жаңа одақтастарына" зер салған [Өкілдер палатасы] комитеті мемлекеттік министр сэр Алан Дунканның "Ғаламдық Британия" жайлы Қазақстанда – өзін автократия деп сынап жүрген шетелдерден инвестиция тартпақ болып жүрген мемлекетте айтқанын еске салады" делінген мақалада.

ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫНДА

Ұлыбританиялық Economist журналындағы "Симен бірге ұшыңыздар: Қытай неліктен Грузияның авиация өнеркәсібіне құмартты" деген мақалада жаңадан құрылған MyWay Airlines атты грузин әуе компаниясының үлкен үлесі қытай компаниясына тиесілі екені айтылған. Жаңа әуе компаниясы осы айда жұмысын бастамақ.

Алматы халықаралық әуежайының ұшу алаңындағы ұшақтар
Алматы халықаралық әуежайының ұшу алаңындағы ұшақтар

"MyWay "Еуропа - Азия" бағыты бойынша қатаң бәсекелестікке тап болады. Оneworld одағы Солтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа арасында Хельсинкидің Finnair компаниясын бұрыннан пайдаланып келеді. Бәлкім, ең әсерлі қатысушы Орталық Азиядағы Қазақстанның әуе компаниясы – Air Astana болар. Әуе компаниясының британдық атқарушы директоры Питер Фостердің айтуынша, оның қызметіне сұраныс білдірген жолаушы саны жылына 80 пайызға артып келеді. Әлемдегі кез келген тасымалдаушылар арасында оның үлестік шығыны ең төмен деуге болады" деп жазады Economist.

Бұдан ары мақалада Қазақстан билігінің Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасына барынша қолдау білдіріп отырғаны және онда Air Astana компаниясының рөлі ерекше екені айтылған Астана Жібек жолындағы ең үлкен әуе және теміржол торабына айналады деген жорамал бар.

АЗАТТЫҚ ВИДЕОСЫ: Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?

Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:59 0:00

Америкалық Forbes журналындағы "Әлемді қалай қабылдайтыныңызға ықпал ететін Жаңа Жібек жолының 5 жобасы" атты мақалада Қазақстан мен Қытай арасындағы Қорғас құрлық порты туралы жазылған.

Қорғасты "жай ғана жаңа қала я жоғары технологиялық жаңа аймақ, немесе баж салығынсыз аймақ не ауқымды құрлық порты ғана емес, сонымен бірге дамудың қос ұлтты конгломерациясы" деп атаған.

"Бұл жерде екі мемлекеттің баж салығынан босатылған, аумағы 3,43 шаршы километрді құрайтын, өзінің иммиграциялық, салық және қазыналық коды бар базары салынған. Ол Жаңа Жібек жолындағы орталық базарға айналмақ – бұл жерге кез келген ұлт өкілі визасыз келіп, бизнес жүргізіп, дүкен аша алады" деп жазады Forbes.

XS
SM
MD
LG