Accessibility links

"Қорғастағы саудагерлердің тек 10 пайызы - қазақстандықтар"


Қазақстан мен Қытай шекарасында автобустың жанында жүкпен отырған адам. Қорғас, сәуір, 2016 жыл.

Батыс баспасөзі Қорғас арнайы экономикалық аймағы, Guardian журналында жарияланған Қазақстан туралы мақалаға қатысты оқырмандар пікірі және қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтің тағдырына Мұратхан Тоқмәди мәлімдемесінің ықтимал әсері туралы жазған.

ҚОРҒАСТАҒЫ ҮЙЛЕСІМСІЗДІК

Америкалық Time журналы "Порттар, құбырлар және геосаясат: Қытайдың жаңа Жібек жолы – Вашингтон үшін қатер" деген мақаласында Қытайдың ежелгі Жібек жолын жаңғыртуды, оның ішінде Орталық Азия арқылы Еуропаға өтетін дәліз салуды көздейтін "Бір белдеу – бір жол" жобасына жан-жақты комментарий жазған.

Қазақстан-Қытай шекарасында ашылған "Қорғас - Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағын "Қытай мен Қазақстанның батыс шекарасында көкпеңбек аспан астында тігілген киіз үйлер мен жайылған түйелер айрықша көзге түседі. Бірақ, түз даладан бой көтерген мүлде жаңа қала тіпті дараланып көрінеді. Төрт жыл бұрын іргесі қаланған Қорғас әлемдегі ең үлкен құрлық портына, Қытайдың Жібек жолын жаңғырту жоспарының өмірлік маңызды буынына айналуға әзір" деп сипаттайды. Қытай билігінің дерегінше, Қорғаста жылына шамамен сегіз миллиард доллардың сауда-саттығы жасалады, бұған қоса күн сайын 30 мыңдай саудагер өтеді.

Қазақ-қытай шекарасындағы Қорғас сауда орталығы. Сәуір, 2016 жыл.
Қазақ-қытай шекарасындағы Қорғас сауда орталығы. Сәуір, 2016 жыл.

Жердің шалғайлығы Қорғасқа қолайсыз жағдайлардың бірі саналады. "Жер бетіндегі кез-келген мұхиттан ең шалғай нүкте саналатын Еуразияның қиыр түкпірінен бар-жоғы 100 миль жерде орналасқан Қорғас жер бетіндегі әлі де ең шалғай орындардың бірі болып тұр" деп жазады авторлар. Бұдан бөлек, оның беймаза Шыңжаң-ұйғыр автономиялық районына жақындығын ескертіп, "Бұл – 4G ұялы телефон байланысы ұстамайтын Қытайдағы жалғыз провинция, жихадшылар үгіт-насихатына бөгет жасау үшін оны әдейі тежеп отыр" деп жазған.

Сонымен бірге мақалада Қазақстан мен Қытай арасындағы екі жақты сауда-саттықтағы үйлесімсіздікті де көрсеткен. "Қорғастағы еркін сауда аймағындағы саудагерлердің тек 10 пайызы – қазақстандықтар. Қытайлар аң терісін, грузиннің қызыл шарабын, Сібір балын түк қалдырмай сатып алып жатса, қазақтар тот басқан шағын автобустарға пластиктен жасалған орындықтар, арзанқол төсек жабдықтары мен жасанды кроссовкаларды тиеп алып шығады" деп жазады Time.

ОҚЫРМАНДАР ПІКІРІ

Ұлыбританияның Guardian газетінде Орталық Азияның бес елі – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан туралы мақалалар топтамасының жалғасы – "Ресей үстемдігінің әлсіреуі қайран қалдырады – "стан" елдердегі оқырмандардың жауаптары" атты мақала жарияланды. Мақалада оқырмандардың осы елдер жайлы бұған дейін шыққан мақалаларға қатысты комментарийлері мен пікірлері берілген. Қазақстан туралы үш пікір жарияланған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

"Қырғызстанның әділ сайлау өткізуге талпынысын таяу болашақта болатын тұрақсыздықтың нышанына балайтын қазақтардан "Байларға демократияның түкке керегі жоқ!" дегенді жиі естимін. Кез-келген қазақстандықтың қолына судай жаңа iPhone ұстап тұрып, саясат туралы айтудан қашқақтайтынын көргенде қапаланасың әрі күлкің де келеді. "Падишаларың өзі тірі ме?" деп сұраған сайын "Бәрін бақылауда ұстап отыр" деп жаппай үреймен жауап қатады. Тіпті интернеті жоқ ауылда тұратын әжемнің өзі ас үйде ақырын сөйлеуімді өтінеді" деп жазады Анон деген оқырман.

"Бәлкім, Батыс елдеріне тапшылық үлгісіне негізделген авторитарлы қағидаға баға берудің немесе соған ғана шырмаланудың қажеті де жоқ шығар. Бұл бар болғаны басқарудың бір формасы ғана. Мүмкін, баяғыдан бері осылай болған шығар. Қазақстанның қазіргі шағын мықты адам басқарып, болашағын қалап жатыр. Оның өз сөзінше, "Әуелі даму, ал демократия сонан кейін". Қазақстанда адамдардың жеке еркіндігі осы диктатура шатырының астын паналап отыр. Жұрт рахат өмір сүріп жатыр. Солтүстік пен оңтүстіктің, ауыл мен қаланың, жас пен кәрінің, бай мен кедейдің арасында орасан үлкен кереғарлық бары рас. Бірақ, бұл жағынан Батыстан айырмасы көп пе?" деп жазады Ұлыбритания тумасы, қазір Қызылордада тұратын Кевин Оттли.

Алматының орталығындағы Жібек жолы көшесіндегі жөндеу жұмыстары. 20 тамыз 2017 жыл.
Алматының орталығындағы Жібек жолы көшесіндегі жөндеу жұмыстары. 20 тамыз 2017 жыл.

"Қала үздіксіз өзгеріп барады, алайды, әсіресе соңғы өзгерістер ерекше көзге түседі. Еуропа ауаға зиянды газ бөлетін жеке меншік көліктерден оның электрлі және аяқпен басатын түрлерін бірлесіп пайдалану әдісіне өтіп жатқан кезде Алматы өзінің тарихи трамвайын лақтырып тастады. Көлік көбірек сыю үшін көптеген көшелер бір жақты кең жолдарға айналып жатыр. Жұрт уақытының көбін көлігінде, үйінде, алып дүкендер мен сауда орталықтарында өткізеді. Велосипед жолдары мен жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар да салынып жатыр, бірақ бұл бәсекеде сауда орталықтарының бәйгесі озып тұр" деп Алматыдан алған әсерімен бөліскен оқырман Евгений Савойский.

ЖАҢА ТЕРГЕУ

Ұлыбританияның Reuters жаңалықтар сайты "Қазақстан 2004 жылы қаза тапқан банкирдің өлімін қайта тексермек, мұның ұшығы Назарбаевтың сыншысына тиюі мүмкін" деген мақаласында Қазақстан прокуратурасының "жаңадан ашылған жайттарға" байланысты "Тұран Әлем Банкінің" басшысы Ержан Тәтішевтің қазасына қатысты іс қайта жаңғырады деген мәлімдемесі туралы комментарий жазған. Бұл мәлімдеме биылғы маусым айынан бері түрмеде отырып, жуырда үш жылға сотталған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди телекамера алдында Тәтішевті өлтіру - "Әблязовтің тапсырысы" деп айтқаннан кейін жасалған. Азаттық олі мәлімдеме жайлы жазған болатын.

Қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.
Қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.

"[Қазақстан] билігі Францияда тұратын Мұхтар Әблязовті кезінде өзі басқарған жергілікті банктен миллиардтаған доллар жымқырды деп айыптайды. Бірақ былтыр Франция соты оны экстрадициялауға қарсы шешім шығарып, бостандыққа шығарған болатын. Жаңа тергеу амалдары [Әблязовті Қазақстанға] экстрадициялау туралы жаңа өтінішке ұласып, Еуропа соттарында ұзаққа созылатын тағы бір соттың басталуына түрткі болуы мүмкін" деп жазады Reuters.

Басылым Мұхтар Әблязовке қатысты жайттарды сипаттап, 2009 жылы "БТА Банк" мемлекет иелігіне өткеннен кейін Әблязов Қазақстаннан кетіп қалғанын хабарлайды. Сондықтан "ел билігі оны алаяқтық жасады және ақшаны ысырап етті деген айыптармен елге қайтаруға, бұған қоса, оның жеке дүние-мүлкін тәркілеуге тырысып келеді, бірақ бұл әрекеттерінен ештеңе өнбеді" деп жазады Reuters.

"Прокуратураның [істі қайта жаңғыртуға қатысты өтініш жолдау туралы] мәлімдемесінде Әблязовтің аты-жөні көрсетілмегенімен, сәрсенбі күні ол Facebook парақшасында билікті "болжамды кісі өлтірушіні маған қарсы жалған куәлік етуге мәжбүрлеп отыр" деп айыптады. Былтыр желтоқсанда Франция соты түрмеден босатқаннан кейін Мұхтар Әблязов 18 миллион халқы бар мұнайға бай елді 1989 жылдан бері басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевты сынау үшін әлеуметтік желілерді жиі пайдаланады" деп жазады Reuters.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG