Accessibility links

Қамаудағы кәсіпкердің "мойындауы"


Тәтішевті "өлтіру" туралы "мойындау"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:43 0:00

Тәтішевті "өлтіру" туралы "мойындау"

Мұратхан Тоқмәди 13 жыл бұрын сол кездегі «Тұран Әлем Банкінің» төрағасы Ержан Тәтішевті «Әблязовтің тапсырысы бойынша өлтіргенін» айтты. Қуғындағы банкир бұл мәлімдемені «ҰҚК-нің сценариі» деп санайды.

Үш жылға сотталып, биылғы маусым айынан бері түрмеде отырған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди (Тоқмади болып та жазылады - ред.) қазанның 24-і кешкісін жергілікті КТК телеарнасында көрсетілген "Звали его Мурка" фильмінің екінші бөлімінде 13 жыл бұрын "тапсырыспен адам өлтіргенін" айтты. Қатты арықтаған кәсіпкер қырылдаған бәсең дауыспен "Тұран Әлем Банкінің" кезіндегі басқарма төрағасы Ержан Тәтішевті өлтіруге қуғындағы банкир, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов "тапсырыс берді" деп мәлімдейді.

Оның сөзінше, "Әблязов Тәтішевпен арада мәселе туғанын айтып, оның көзін жоюды ұсынған". "Бұл аңға шыққан кезде болуы тиіс еді, және жазатайын оқиға сияқты көрінуі керек еді" дейді Тоқмәди.

Тоқмәдидің сөзінше, 2004 жылдың желтоқсанында Тәтішев оны қансонарда аңға шығуға шақырғанда қастандықты жүзеге асырған. "Жолда рөлге Тәтішевтің өзі отырды, қасқырды қуамын деп жылдамдықты қатты асырды, сол кезде күзетшісі мылтықты маған берген сәтте атып жібердім, Ержан содан көз жұмды" дейді Тоқмәди.

"Звали его Мурка" фильмі әрқайсысы 35 минуттық екі бөлімнен тұрады. "Қазір госпитальде жатырмын" деген Мұратхан Тоқмәди спорттық киім киіп алған, кейде сөздері анық шығады, кейде камераға қарамай құмығыңқы сөйлейді. Фильмнің мәтінін оқыған диктор дауысының өзгертілгені байқалады. Мұратхан Тоқмәдидің тергеу кезінде берген куәліктеріне ұқсас кадрлер көрсетілген.

Фильмнің алғашы бөлімі қазанның 18-інде эфирден көрсетілген.

Бұл фильм мен Тоқмәдидің мәлімдемелеріне қатысты қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов қазанның 25-інде Facebook парақшасында жазба жариялап, соңғы оқиғаны "жалғасып жатқан ҰҚК-нің сценариі" деп атады. Ол: "Биылғы қыркүйектің 12-сінде Тәтішевті Әблязовтің тапсырысы бойынша өлтіргені туралы мойындату үшін ҰҚК-нің Мұратхан Тоқмәдидің сағын қалай сындыратыны туралы жазып едім. Бәрі тура солай болып шықты" деп жазған.

Ал бизнесменнің әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмәдиден хабар алу мүмкін болмады. Фильмнің алғашқы бөлімі шыққан соң қазанның 23-інде Жәмила Айымбетова-Тоқмади Facebook парақшасында фильмде айтылған мәліметтер жалған екенін мәлімдеп, телеарнаны сотқа беретінін жазған.

Қазақстандық белгілі қаржыгер, банкир Ержан Тәтішев 2004 жылғы желтоқсанның 19-ында Жамбыл облысының Отар станциясының маңында аңшылық кезінде қаза тапқан еді. Әуелгі тергеу амалдары кезінде кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди досын "абайсызда өлтіріп алды" деген қорытынды жасалған. Сол уақытта Тәтішевке "Тұран Әлем Банкі" акцияларының 20,25​ пайызы тиесілі болатын.

ТОҚМӘДИ ІСІ

Қазанның 10-ында Алмалы аудандық соты Мұратхан Тоқмәдиді Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлімінің 2-тармағы ("ірі көлемдегі мүлікті иелену мақсатымен бопсалау"), 287-бабының 4-тармағы ("Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру") бойынша айыпты деп танып, үш жыл бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Сот Тоқмәдидің ісі "ашық түрде қаралғанын" айтқан.

Сот мәліметі бойынша, Тоқмәди сотқа дейінгі тергеуде "кінәсін мойындайтынын" білдіріп, ол туралы прокурормен процессуалдық келісім жасасқан. Сот хабарламасына сәйкес "Процессуалдық келісім бойынша, сотталушы тағылған айыпқа қарсы болмай, келісім жасауға ниетті екенін білдірген, ал жәбірленуші оның ұйғарымымен келіскен".

Келісім жасасқан соң прокурорлар мен Тоқмәди өзіне тағылған баптар бойынша Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлімін ("Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау" қолданып, жиынтық жаза тағайындауды сұраған.

Мұратхан Тоқмәди, кәсіпкер (сол жақта)
Мұратхан Тоқмәди, кәсіпкер (сол жақта)

"КазСтройСтекло" зауытының басшысы, 51 жастағы Мұратхан Тоқмәди маусымның 12-сінде таңертең "ірі көлемдегі мүлікті иелену мақсатымен бопсалады" деген күдікпен ұсталған. Алмалы аудандық соты Тоқмәдиді екі ай мерзімге қамауға санкция шығарып, тамыздың басында ол тағы екі айға ұзартылған.

Ресми мәлімет бойынша, Тоқмәди "2005 жылы аты-жөні анықталмаған адамдармен сөз байласып, "Семрюжком" фирмасы мен "КазСтройСтекло" құрылтайшысына күш көрсету арқылы бопса жасап, аталған кәсіпорындардағы жарғылық капиталының үлесін иеленген".

Мұратхан Тоқмадидің әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмәди күйеуіне тағылған айыптарды "жалған" деп сипаттап, Facebook-те күйеуінің атынан мәлімдеме жасаған.

Тамызда Алматы прокуратурасы Тоқмәдидің адвокаттары Әлімжан Оралбай мен Жохар Өтебеков "қылмыстық іске қатысты мәліметті жариялаған соң" қылмыстық іске қатысудан шеттетілгенін хабарлаған болатын. Өтебеков Facebook-те әріптесі Әлімжан Оралбаймен бірге Тоқмәдидің ісінен шеттетілгеніне байланысты прокуратураға шағымданғанын хабарлаған.

Алматы прокуратурасы Өтебеков пен Оралбай қылмыстық істен шеттетілгелі бері Тоқмәдидің мүддесін адвокат Э.Сұлтанов қорғағанын, бірақ қыркүйектің 7-сінде Тоқмәдидің ол адвокаттан бас тартқанын хабарлаған.

"КазСтройСтекло" компаниясы Алматыдағы Республика сарайын жаңартуға, шаңғы трамплиндері кешені құрылысына қатысқан, бірнеше ірі сауда-ойын-сауық кешендері мен қонақүйлерді, "Нұрлы тау" бизнес-орталығын, бірқатар тұрғын үй кешендерін әйнекпен қаптаған. Компания 2008 жылы сапа саласындағы жетістіктері үшін "ең үздік өндірістік кәсіпорын" номинациясы бойынша Қазақстан президенті сыйлығын алған. Тоқмәдидің компаниясы Астанадағы EXPO көрме кешені территориясындағы "Ехро 2017 Сферасы" нысанын (Қазақстан павильоны сол жерде орналасқан) салуға да қатысқан. Кейбір жергілікті БАҚ кәсіпкерді "1990 жылдары "Депутатский корпус» қылмыстық тобының жетекшісі болған" деп сипаттайды.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG