Accessibility links

Қамаудағы бизнесмен Тоқмади адвокатсыз қалды


Мұратхан Тоқмади (оң жақта) "Almaty Triathlon 2015" жарысына қатысып жатқан сәт

Қазақстандық бизнесмен, қылмыс жасады деп айыпталған Мұратхан Тоқмади адвокатсыз қалды және кінәсін мойындайтыны туралы процессуалдық келісім жасауы мүмкін деп хабарлады Алматы қалалық прокуратурасы. Тоқмадиге тағылған "ірі көлемдегі мүлікті иелену мақсатымен бопсалау" және "заңсыз қару-жарақ пен оқ-дәрі сақтады" деген айыптар бойынша сотқа дейінгі тергеуін ведомствоаралық жедел тергеу тобы жүргізіп жатыр.

"КазСтройСтекло" зауытының басшысы, 51 жастағы Мұратхан Тоқмади 12 маусым күні таңертең Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлімінің 2-тармағы бойынша ("ірі көлемдегі мүлікті иелену мақсатымен бопсалау") күдікті ретінде ұсталған. Алмалы аудандық соты Тоқмадиді екі ай мерзімге қамауға санкция шығарып, тамыздың басында ол тағы екі айға ұзартылған.

Ресми мәлімет бойынша, Тоқмади "2005 жылы аты-жөні анықталмаған адамдармен сөз байласып, "Семрюжком" фирмасы мен "КазСтройСтекло" құрылтайшысына күш көрсету арқылы бопса жасап, аталған кәсіпорындардағы жарғылық капиталының үлесін иеленген".

Полиция 12 маусымда "КазСтройСтекло" зауытын тінтіген. Зауыт бас директорының орынбасары Людмила Шепелева сол кезде Азаттыққа зауыт аумағында тінту жүргізіліп, компьютерлер мен құжаттар тәркіленгенін хабарлаған. Тоқмадидің жақындары оны кінәсіз деп санайды.

Алматы қалалық прокуратурасының сайтында жарияланған ақпаратта 5 қыркүйекте Тоқмади "кінәсін мойындайтыны туралы мәміле түрінде прокурормен процессуалдық келісім жасасуға тілек білдіргені" айтылады. Прокуратура бұл туралы талап-арызды процессуалдық прокурор қарап, шешім шығаратынын айтады.

Прокуратура Тоқмадидің адвокаттары Әлімжан Оралбай мен Жохар Өтебеков 29 және 31 тамызда "қылмыстық іске қатысты мәліметті жариялаған соң" қылмыстық іске қатысудан шеттетілгенін айтады. Өтебеков Facebook-те әріптесі Әлімжан Оралбаймен бірге Тоқмадидің ісінен шеттетілгеніне байланысты прокуратураға шағымданғанын хабарлаған.

Алматы прокуратурасы Өтебеков пен Оралбай қылмыстық істен шеттетілгеннен бері Тоқмадидің мүддесін адвокат Э.Сұлтанов қорғағанын, бірақ 7 қыркүйекте Тоқмадидің ол адвокаттан бас тартқанын айтады.

Қазір адвокатты алмастыру мәселесі шешіліп жатыр. Прокуратура қылмыстық іст тергеуді қадағалап отырғанын хабарлайды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG