Accessibility links

«Серпінді» зауыттың қожайыны қылмысқа қатысты күдікті ме?


«Казстройстекло» компаниясының басшысы Мұратхан Тоқмади веложарысқа қатысып жүр. Алматы, 27 қыркүйек 2015 жыл.

Алматыда полиция «ұйымдасқан қылмыстық топты ұстау» операциясын жүргізгені жайлы хабар тарады. Бизнесмен әрі ірі зауыт қожайыны ұсталғаны жайлы ақпарат бар.

Маусымның 12-сі күні қазақстандық КТК телеарнасы кәсіпкер әрі «елдегі ірі зауыттардың бірінің» қожайыны ұсталғаны жайлы хабарлаған. Телеарна дерегінше, дүйсенбі күні Алматыдағы зауыт территориясында «жұртты шулатқан арнайы операция» жүргізілген, ал кәсіпорын қожайыны ықпалды ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық еткен әрі рэкетпен айналысқан деген күдікке ілінген. Телеарна сайтында жарияланған хабарламада әйнек шығаратын зауыт цехына ұқсайтын өндіріс интерьері аясында түсірілген арнайы жасақ сарбаздарының суреттері жарияланған.

«Казстройстекло» компаниясы басшылығы өкілдері Азаттыққа дүйсенбі күні кәсіпорын кеңсесіне шынымен тінту жүргізілгенін хабарлады. 2003 жылы ашылған зауыт қожайыны – «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы президиумы мүшесі, 51 жастағы бизнесмен Мұратхан Тоқмади.

– Иә, тінту жүргізуге келді. Ештеңе білмеймін, мүлде дағдарып қалдым. Өндіріс тоқтамай жұмыс істеп тұр, ал негізі бүкіл жұмыстың берекесі қашты. Компьютер, құжаттарды алып кетіп жатыр. Жаңа ғана кабинетке келіп, компьютерді, құжаттарды алып кетті, енді өзге кабинеттерді аралап, бәрін алып кетіп жатыр, – дейді «Казстройстекло» компаниясы бас директорының орынбасары, Астанадағы кеңсесіндегі Людмила Шепелева.

Шепелева қазіргі кезде Мұратхан Тоқмадидің қайда екенін білмейтінін айтты.

Мұратхан Тоқмади (сол жақта) Almaty Triathlon жарысы жеңімпаздарын марапаттау кезінде.
Мұратхан Тоқмади (сол жақта) Almaty Triathlon жарысы жеңімпаздарын марапаттау кезінде.

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі Азаттыққа арнайы операция жайлы ақпаратты ұлттық қауіпсіздік комитетінен (ҰҚК) сұрауға кеңес берді. ҰҚК баспасөз қызметі басқармасының жетекшісі Қажымұрат Сатыбалдин арнайы операция жүргізілгенін жанама түрде растағанымен, комментарий беруден бас тартты.

– Бұл жайлы айтуға құзырлы емеспін. Комитет ақпарат бере алмайды деп ескерткендей болған, сондықтан мен айта алмаймын. Операция қорытындысы бойынша кейінірек баспасөз хабарламасы таратылатын шығар. Менің білуімше, [ол жақта] бірнеше құрылым бірлесіп жүргізген. Кімнің құзырына беретіні белгілі бір ведомство таратқан баспасөз хабарламасынан белгілі болады, – дейді Сатыбалдин.

Сайтында «арнайы операциядан» түсірілген суреттерді жариялаған қазақстандық телеарнаның хабарлауынша, арнайы қызмет «ұйымдасқан қылмыстық топ басшысынбірнеше жыл бойы аңдыған». Жария дереккөздердегі ақпаратқа сәйкес, Мұратхан Тоқмадидің бизнесі кейінгі жылдары сәтті дамып келе жатқан, оның зауыты «серпінді» жобалар қатарында болған. Тоқмадидің компаниясы Алматыдағы Республика сарайын жаңартуға, шаңғы трамплиндері кешені құрылысына қатысқан, бірнеше ірі сауда-ойын-сауық кешендері мен қонақүйлерді, «Нұрлы тау» бизнес-орталығын, бірқатар тұрғын үй кешендерін әйнекпен қааптаған. Компания 2008 жылы сапа саласындағы жетістіктері үшін «Ең үздік өндірістік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан президенті сыйлығын алған. Екі жылдан кейін әйнек шығаратын зауыт «Қазақстанның ең үздік тауарлары» көрме-байқауына қатысқаны үшін сол кездегі индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтен алғыс алған. Тоқмадидің компаниясы Астанадағы EXPO көрме кешені территориясындағы «Ехро 2017 Сферасы» нысанын (Қазақстан павильоны сол жерде орналасқан) салуға да қатысқан.

Жыл басында экономика министрі Қуандық Бишімбаев бұрынғы жұмыс орны – «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінде ақша жымқырды деген күдікке ілініп, қамалғаннан кейін Мұратхан Тоқмади қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қызылорда облысындағы әйнек зауыты жобасын сынап, «жобаның бәсекеге қабілетсіз екенін ертеректе де айтқанмын» деп мәлімдеген. Коррупцияға қарсы қызмет дерегінше, Бишімбаев әйнек шығару зауыты құрылысына бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты тергеліп жатыр. Бір қызығы, 2016 жылға дейін Қазақстан триатлон федерациясын Мұратхан Тоқмади басқарған. Кейін федерация президенті Қазақстан ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов болған.

Мұратхан Тоқмадидың аты-жөні 2004 жылы «ТұранӘлем» банкінің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевтің өліміне байланысты айтылған. Ресми нұсқа бойынша, аң аулап жүрген Ержан Тәтішев оққағары және танысы Мұратхан Тоқмадимен бірге отырған көлік жолдан тайып, мылтық байқаусызда атылып кеткен кезде оққа ұшқан. Сот Тоқмадиды ақтаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG