Accessibility links

Қазақстан-Қытай шекарасындағы егістік алқаптары


Қазақстан мен Қытай шекарасындағы бекет. Қорғас, 13 мамыр 2003 жыл.

Шетел баспасөзі Қытайдың Қазақстанмен шекарадағы "Қорғас" арнайы экономикалық аймағына салатын инвестициялар жобасы жайлы жазған. Сонымен бірге Қазақстан мен Қытай шекарасының бір бөлігінен спутниктен түсірілген фотосуреттер жайлы да айтылған.

СПУТНИКТІК ФОТО БРИТАНДЫҚ ГАЗЕТ КӨЗІМЕН

Ұлыбританияның Metro газеті "Халықаралық шекаралардың ғарыштан түсірілген адам сенгісіз бейнелері" деген мақаласында Қазақстан-Қытай шекарасы учаскесінің суретін жариялаған. Әлгі сурет Қазнеттің тұрақты оқырмандарына таңсық дүние болып көрінбеуі мүмкін, бірақ оны британ газетінде қалай сипаттағаны назар аударады. Суреттен Қазақстан территориясы жағындағы алқаптардың тіпті қараусыз қалған деуге болатындай өңделмегені, ал әлгі учаскенің Қытай жағындағы алқаптары жайқалып тұрғаны көрінеді. Metro газеті көрші елдердің даму деңгейінде анық байқалатын алшақтықты көрсететін өзге де контраст фотосуреттер жариялаған.

"Қытай халқының саны бір миллиард адамнан асады, бірақ ауыл шаруашылығына тұрақты пайдалануға жерінің 10 пайызға жуығы ғана жарамды. Мұның шешімі - кез-келген қол жетімді жерді пайдалану" деп жазады Metro. NASA дерегінше, 2006 жылы Қытай тұщы суының шамамен 65 пайызы ауыл шаруашылығына пайдаланылған, ал бүкіл суармалы жерінің аумағы шамамен 629 мың текше километр болған.

"Оның Қазақстанмен арадағы солтүстік-батыс шекарасында совет заманында ауыл шаруашылығына пайдаланылып тозған жер көп. Қазақстан жері территориясының тек 0,03 пайызы ғана фермерлік мақсатта пайдаланылады, ал Қытаймен шекара бойындағы жер көбінесе жауын-шашынмен суарылады, сондықтан алқаптар оларды қоршап жатқан табиғи ландшафтқа көбірек ұқсайды" деп жазады Metro.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы қызметкерлері шетелдік дипломаттарды қарсы алу шарасында тұр. Қорғас, 19 қазан 2015 жыл.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы қызметкерлері шетелдік дипломаттарды қарсы алу шарасында тұр. Қорғас, 19 қазан 2015 жыл.

Қазақстан-Қытай шекарасы туралы тағы бір материалда айтылған. Малайзияның The Star газеті "Қытайлық COSCO Жібек жолының бір бөлігі ретінде Қазақстанмен шекарадағы жобаға инвестиция құймақ" деген мақаласында хабарлауынша, Қытайдың COSCO мемлекеттік көлік компаниясы Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан Қорғас арнайы экономикалық аймағын (АЭА) дамытуға қомақты инвестиция салуды жоспарлап отыр. Өткен аптада Пекинде өткен "Бір белдеу – бір жол" форумында COSCO төрағасы Чу Лиронг компания Қазақстанның Қорғастағы 24 пайыз үлесін сатып алу жайлы "Қазақстан темір жолы" ұлттық темір жол компаниясымен келісім жасауды жоспарлайды деп мәлімдеген болатын. Бұған қоса, ол компания "Бір белдеу – бір жол" бастамасына қатысы бар елдерге құятын инвестиция көлемін ұлғайтпақ, өйткені компания "жобаға қатысушы елдер арасындағы сауда-саттықтың жатық дамуын қамтамасыз етуді өз парызы" санайды деп мәлімдеген.

"Қорғас" кеден бекеті. Қытай жағы, 18 ақпан 2013 жыл.
"Қорғас" кеден бекеті. Қытай жағы, 18 ақпан 2013 жыл.

Қазақстанда "Қорғас – Шығыс қақпа" АЭА ел экспортын дамыту үшін 2011 жылы құрылған. Қазір бұл экономикалық аймақ "Қытай мен Еуропаны байланыстыратын темір жол желісінің негізгі орталықтарының бірі".

Қазақстан-Қытай шекарасының бұл тұсында бірнеше ірі коррупциялық жанжал болып, Қазақстанда кеден қызметі мен арнайы қызметтің ондаған шенеунігі аса ірі коррупциялық қылмыс жасады деген айыппен сотталғанын айта кеткен жөн. Қытайдан келетін қыруар жүк легі мен кедендік процедуралардың ашық болмауы елдегі коррупцияның бір көзіне айналды.

МҰНАЙ БАҒАСЫ

Америкалық Reuters агенттігі сайтында жарияланған "Әлемдік мұнай нарығы қарқынды нығайып келеді, инвентаризация кешеуілдеп тұр" деген мақалада Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) "дүниежүзілік мұнай нарығы теңгеріліп келеді, сондықтан сұраныс пен ұсыныс теңесетін ырғақ күшейді" деген хабарламасына қатысты комментарий берген. Бұл ұйымның болжамында мұнай өндіруді арттырса, әлемдік нарықтағы баға саясатына елеулі әсер етуі мүмкін Қазақстанды да атап өткен. Әлгі хабарламада Қазақстан жайлы жанамалай айтылған, мұның себебі оның мұнай өндіру көлемі ОПЕК ұйымына мүше елдерден гөрі әлдеқайда аз болғандықтан деп жоруға болады.

ХЭА ай сайын жариялайтын есебінде АҚШ, Германия және Түркия сияқты елдердің экономикасындағы жағдайға байланысты 2017 жылы мұнайға әлемдік сұраныс күніне 1,3 миллион баррель деңгейінде өседі деген болжамын қайталаған.

Мақалада ОПЕК елдері мен олармен одақтас елдердің мұнай өндіру көлемін азайту шешіміне қатысты комментарий берілген. Сәуірде әлемде мұнай сатудың тәуліктік көлемі 140 мың баррельге азайып, күніне 96,17 миллион баррельге жеткен. "Бірақ ХЭА өкілдерінің айтуынша, АҚШ, Бразилия және Қазақстанда мұнай өндіру қарқыны артқан жағдайда ОПЕК ұйымына кірмейтін елдердің үлесі биыл күніне 600 мың баррельге өседі" деп жазады Reuters.

ЖАҢА ВИРУС

Батыс баспасөзі осы аптада жаңа компьютерлік вирус проблемасына қатысты жазған мақалаларда Қазақстан да аталған. Америкалық My San Antonio сайтында Adylkuzz деген жаңа компьютерлік вирусты сипаттаған "Киберқауіпсіздікпен айналысатын компаниялар тағы бір жаппай шабуыл жасалуы мүмкін деп ескертті" деген мақала шықты. Жуырда пайда болған WannaCry вирусынан өзгешелігі – Adylkuzz вирусы компьютерге елеусіз еніп, Monero деген атаумен сандық валюта құру мақсатында оның жұмысын баяулатады.

WannaCry вирусы енген компьютер мониторының скриншоты. Калифорния, АҚШ, 15 мамыр 2017 жыл.
WannaCry вирусы енген компьютер мониторының скриншоты. Калифорния, АҚШ, 15 мамыр 2017 жыл.

Кей сарапшылардың дерегінше, егер пайдаланушы Bitcoin халықаралық қаржы бірлігімен құн төлемесе, қатты дискідегі бүкіл мәліметтерді өшіретінін мәлімдеп ақша бопсалайтын WannaCry вирусынан 150-ге жуық елде 300 мыңнан аса компьютер зардап шеккен.

Жаңа вирустан қандай елдер ең көп зардап шеккені әзірше белгісіз, бірақ осы аптада мәскеулік Kaspersky Lab компаниясы өкілдері әзірше вирусты жұқтыру фактілерінің көбі Ресейде тіркелді деп мәлімдеді. Компания кейінгі екі аптада 2300 пайдаланушыға жасалғаны анықталған шабуылдың 70 пайызға жуығы Ресейде тіркелген деп хабарлайды. "Зардап шеккен өзге елдер қатарында Украина, Үндістан, Бразилия, Қазақстан, Вьетнам, Мексика, Тунис, Италия және Оңтүстік Африка бар" делінген мақалада.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG